ҚМДБ Төрағасы «Абай және дін» республикалық конференциясына қатысты
ҚМДБ Төрағасы «Абай және дін» республикалық конференциясына қатысты
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Абай облысына жасаған жұмыс сапары аясында «Абай және дін: рухани тәрбиенің қайнар көзі» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысып, баяндама жасады.
Бас мүфти өз баяндамасында хәкім Абайдың рухани мұрасының ислам құндылықтарымен үндестігіне тоқталып, ақынның адам тәрбиесіне қатысты ой-тұжырымдарының дінмен өзектестігін атап өтті.
«Абай мұрасы өміршең, жылдан жылға өзінің құндылығын арттыра түсуде. Абай атаған талап пен еңбек – қайратты танытса, терең ойыңыз – ақыл, ал қанағат пен рахым – жүректен туатын қасиеттер. Адам бойындағы осы үш қасиетті ерекше танып білуге тұратын таным екенін хәкім Абай «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңінде: «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп нақтылай түседі.
«Ыстық қайрат» үнемі ізденіс үстінде, тек алға ұмтылу, жасампаз болу ұғымын аңғартса керек. «Нұрлы ақыл» – елге сәуле түсіріп, ізгілікті іс істеу, Алла берген ақылды тек жақсылыққа жұмсау. Ал, «жылы жүрек» деген ұғым иманды, иман жүзді болу, адамдарға құрметпен қарау, олардың мұң-мұқтажын, көңіл-күйін ұға білу, айналаға шуақ шашу дегенді білдірсе керек. Міне, осы үш қасиет ізгілікті мақсатта пайдаланылған жағдайда ғана толық адам деген мәртебеге ие боламыз», – деді Бас мүфти.
Конференция барысында абайтанушы ғалымдар, теологтар мен дінтанушы мамандар хәкім Абайдың діни-философиялық көзқарастары мен ислам өркениеті арасындағы сабақтастықты талқылады.
Шара аясында «Абай еліндегі ислам» атты ғылыми-танымдық кітаптың тұсаукесері өтті. Басылымда Абай өңіріне ислам дінінің таралу тарихы, дін қызметкерлерінің өмір жолы, сондай-ақ Семей аймағындағы мешіт-медреселердің қалыптасу кезеңдері қамтылған.
Аталған еңбек тарихшы, дінтанушы, теолог мамандарға және еліміздің ислам тарихына қызығушылық танытқан көпшілік оқырманға арналған.



















