Абай облысы, Бородулиха ауданында «Абай» атындағы жаңа мешіт жамағат игілігіне пайдалануға берілді. Құлшылық ордасының салтанатты ашылуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.
Қос қабатты, төрт мұнаралы жаңа мешіттің жалпы сыйымдылығы – 350 адам. Мешітте ерлер мен әйелдер залы, 20 адамға арналған дәріс бөлмесі, құран оқу бөлмесі және имамның қызметтік кабинеті бар.
Салтанатты жиында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жамағатты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, Исламдағы үзілмейтін сауаптың бірі – мешіт салу екенін атап өтті.
«Сіздерді «Бородулиха» аудандық мешітінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Алла Тағала жаңа мешітіміздің ішін жамағатқа толтырғай.
Расында, әрбір адам осы өмірде ізгі іс жасап, сауап алып, ұрпағына, отбасына, әулетіне, тіпті еліне өнегелі із қалдырып кетуге тырысады. Дінімізде үзілмейтін сауаптың бірі – мешіт салу.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол үзілмейтін сауап жайлы өз хадисінде былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды», – деді Бас мүфти.
Шара соңында Бас мүфти мешіттің құрылуына үлес қосқан демеушілерге ҚМДБ атынан алғыс хат табыстады. Сонымен қатар, «Бородулиха 25» қоры атынан мешітке қызметтік автокөлік сыйланды. Ауданда тұратын 32 этнос өкілдері бұл игі іске қолдау білдірді.
























