Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапары барысында «Жастар – руханият шамшырағы» атты тақырыпта өңірдің белсенді жастарымен кездесті.
«Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында «Шабыт» орталығында өткен жүздесуге имамдар мен ұстаздар, блогерлер, кәсіпкерлер, спортшылар, еріктілер және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жастарға өнегелі насихат айтып, жақсылармен жолдас болудың, асығыстықтан сақтанудың, аманатқа адал болудың, жүректі өшпенділіктен тазартудың және адал еңбектенудің маңызын түсіндірді.
Бас мүфти өз сөзінде: «Расында, адам баласының мінез-құлқының қалыптасуына араласатын досының әсері өте үлкен. Себебі ол досының бойындағы қасиеттерді өз бойына да сіңіреді. Досы жаман адамның мінезі де, өзі де бұзыла бастайды. Өзі сезбеген күйде досының мінез-құлқын бойына сіңіріп, досымен бірге құрдымға кеткенін байқамай да қалады. Ал таңдаған достары иманды, тақуа, Алланы таныған, тура жолдағы жандар болса, өзі де солармен бірге кемелдене түседі. Бойына ізгі жандардың игі қасиеттері, имандылығы мен тақуалығы, таным-түсініктері дари бастайды. Осылайша ол жаман мінездерінен арылып, нәпсісін тізгіндей бастайды.», – деп атап өтті.













