Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жаңа мешіт салынып жатыр

0 1  802

Өткен жылы  Зеленов ауданы, Асан ауылында исі мұсылман баласы үшін көптен күткен қуанышты күн болды. Яғни, жаңа мешіттің ірге тасы қаланды.  «Имандылық – қай заманда қоғамға қажет қасиет. Иманды елдің ғана болашағы нұрлы. Еліміздің бас қаласында жыл сайын дәстүрлі діндердің съезі өтіп тұрады. Бүгінде Қазақстан әлемдегі ынтымақтың туын желбіреткен ел ретінде танымал. Лайым осылай ұлтаралық татулықта, ашық аспан астында өмір сүрейік. Бүгін баршамыз жиналып, бата тілеп, алғаш тасын салып жатқан мешітіміз жастарға рухани тәрбие беретін, ауыл тұрғындарының шынайы ниетпен жиі барып, Аллаға мінәжат ететін киелі ордаға айналады деп үміттенеміз», — деді өз құттықтау сөзінде ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов.

Қасиетті Рамазанда  өкіл имамы Руслан Тыныштықұлы мешіттің қаржы салдарынан мешіт құрылыс жұмыстарының жүрмей қалғандығын жеткізіп, жеке кәсіпкерлер мен мұсылман жамағаттардан қаржылай қолдау білдіруін сұраған болатын. Сауапты айда  қомақты қаржы жиналды.  Қазіргі уақытта  мешіттің сыртқы жұмыстары аяқталып, қоршаулары мен сәулеттендіру, абаттандыру жұмыстары  қарқынды жүруде.  Осы орайда Зеленов ауданы, Асан ауылдық мешітінің жұмыстарымен танысуға таңертеңмен  жолға атанған едік.  Барсақ облыстық орталық мешітінің іс-басқарушысы Ринат Бажуов мен Асан ауылдық мешітінің бас имамы Мұратбек Жахатов құрылыстың басы-қасында жүр.

Мешіттің сыртқы-ішкі құрылыс жұмыстарымен танысып, Асан ауылдық мешітінің бас имамы Мұратбек Жахатов сөз тартқан едік. «Мешіт салу – сауаптың үлкені. Иншалла, егемендігімізді алғаннан бері дінімізге шынайы ден қойылып, мешіттеріміз бой көтере бастады. Осындай ізгілікті істерді жалғастырып жатқан осы аудан басшыларына, жеке кәсіпкерлер мен мешіт жамағаттарына алғысымызды білдіреміз. «Дін-апиын» деген заманның уы бойымыздан тарағанын, бүгінде имандылыққа иланған тақуалардың саны күн санап көбейіп келе жатқанына шүкіршілік ететіндерін жасырмады. «Қазақ халқы қай заманда Жаратқанның құдіретіне сеніп, дінге мойынұсынған. Қазіргі кезде қазақ елі дін діңгегіне айналды десек болады. Мешіттің бой көтеруіне ақ ниет танытып, қаражат қарастырған адамдарға Алланың нұры жаусын дейміз. Алланың назарында, бақыттың базарында болсын. Қабырғасы қаланған бұл мешіттің намазхандары көп болсын!», — деп қуанышын жеткізді.

Ақжайық төрінде мешіттер көп болып, жүрегімізді иман жауласын» деп дұға тілеп, ауылдың қазыналы қарттары көп болып, иманды жастары мол болып, сауапты істің сәтімен аяқталуын тілеп, құрбан айтқа ашылуын тілейік, ағайын!

 

 

Сохранить

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.