Мекке қаласында Қазақстан Қажылық миссиясының кезекті кеңейтілген жиналысы өтті. Басқосуға Қазақстанның Жидда қаласындағы Бас консулы Талғат Шалданбайұлы, Қажылық миссиясының жетекшісі Бейбіт Мырзагелдиев, Бас мүфти кеңесшісі Дәулет Әлиханов, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің бас маманы Нұрғали Қабылов, миссия дәрігері Руслан Ізбасаров, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Шоқанов, ҚМДБ бөлім басшылары мен отандық 17 қажылық компания жетекшілері, гид мамандар мен дәрігерлер қатысты.
Кездесуде алғашқы сөз Бас консул Талғат Шалданбайұлына берілді. «Жыл сайын қажылық жұмыстарына қатысты мәселелер өз шешімін тауып келеді. Өздеріңіз жақсы білесіздер, биыл тұңғыш рет отандық әуекомпаниясы қажыларымызға қызмет көрсетіп отыр. Бұл – осы саладағы үлкен жетістігіміздің бірі деуге болады. Сіздерден азаматтарымыздың денсаулығын қадағалап, жол қауіпсіздігін қатаң сақтауларыңыз сұралады. Алла қажылықтарыңызды қабыл етсін», – деп атап өтті Бас консул Т.Шалданбайұлы.
Одан кейін сөз алған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бас маманы Нұрғали Қабылов та мемлекет қажылықтың ұйымдастыру жұмыстарына барынша қолдау көрсетіп, атап айтқанда, екпе, әуе қатынасы, т.б. мәселелерді оңтайлы шешуге ықпал етіп келе жатқанын сөз етті.
Басқосу соңында Бас мүфти кеңесшісі Дәулет Әлиханов пен Қажылық миссиясының жетекшісі Бейбіт Мырзагелдиевтер турфирмалардың қызметіне жүргізілген тексеру жұмыстарының кезекті қорытындысын жариялап, Сауд Арабия Корольдігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының талаптарын орындамаған турфирма басшыларына қатаң ескерту жасады. Қонақүйлерде тазалықтың сақталмауы, дәрігерлер мен уағызшы имамдардың тапсырмаларды дер кезінде орындамауы, т.б. мәселелер тіркелген. Бұл олқылықтар алдағы уақытта да жалғасын тапса, аталған турфирмаға жыл сайын берілетін қажылық квотасын шектеу мәселесі күн тәртібінде талқыланатынын атап өтті.