Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

«АЙТ ЖАҚЫНДАДЫ»

0 2  136

Бұрнағы «Қазақ» газетінің 1918 жылғы 264-нөмірінде «Айт жақындады» деген атпен шағын ғана мақала жарық көрген екен. Аталған жазбада айттың мәні мен мағынасы жайында біршама сөз болыпты. Түп мағынасынан «әр тиын ел кәдесіне жарасын» ниеті байқалған бұл мақалаға (содан бермен қарай бір ғасыр өтсе де) біздің бүгін де еш алып қосарымыз жоқ. Қазір Қытайдағы қиындап бара жатқан қазақтың хал-ақуалы бәріміздің көз алдымызда. Мәселе кендір жіпке су тигендей күн санап ширап барады. Егер бұл мәселені жедел шешпесек, саясат қолжаулығына айналған «құрбандар» нағыз осылар болмақ. Күні ертең Құдайға құрбан шалмақ болып пышағын жалаңдатып отырған әр қазақ баласы сол тапқан тиыныңды алыстағы ағайынның Атажұртқа оралмағына садақа еткейсің… Мұны бір деп қоялық.

Екінші айтпағымыз, біз ҚҰРБАН АЙТ ұғымының ішкі мағынасын эпистемологиялық (танымдық) тұрғыда дұрыс түсіне алмауымыз. «Құранның тәпсірін замананың өзі жасайды» деген қағидаға ақыл жүгіртпеуіміз кері кетуіміздің басты себебі болып отыр. Бұған қарасты жазылған біршама дүниелерімізді отандық діни басылымдар мен сайттарға жолдап та көрдік. Өкінішке қарай, жауап қатып жарыққа шығарған бірде-бір жан баласы табылмады. Мұның түпкі мәні мына да жатыр ма деп ойлаймыз. Бүгінде кім ауқатты өзі? Той қуалаған тамада (асаба) мен сәлде ораған молда ауқатты (Екеуінің де анау айтқандай бірінен-бірінің бәлендей айырмашылығы жоқ қой. Бірі той думанның болса, екіншісі өлімнің «тамадасы». Біздің бар айыбымыз, баз біреулердің дін атын жамылып алып, жасап отырған бизнесіне қарсы келгендігімізде екен). Бұл хақында сәл кейінірек қайыра бір қалам тербейтін боламыз. Танымдық тұрғыдан қарасақ, нағыз «құрбанға шалатын» нәрсе (бейуаз) мал емес, бойымыздағы білместік пен надандық екен ғой. Несін жасырайық, төмендегі мақалаға іш тартып отырғанымыз да осы. 1917 жылы Мәскеуде болған жалпы мұсылман сьезінде Ғұмар Қараш баласының қазы болып сайланғаны мәлім. Кешегі қазы (бүгінгі бас мүфти) қызметіне тағайындаған тұлғаға қараша халық тарапынан діни сауалдардың қарша борағаны айтпасақ та түсінікті ғой. Сондай сауалдың бірі Хамидолла деген азаматтың «құрбан айтқа» қатысты қойған сұрағы екен. Біз төменде Ғұмар Қараштың осы азамат үшін «Қазақ» газетіне жариялаған қарымта мақаласын барынша ықшамдап, оқырман назарына арнайы ұсынып отырмыз.

Заң мәселесі

(Шариғи мәселе)

Жаңа ғана осы арада Астрахан маңайындағы бір бауырым Хамидолла Наубетов деген үшителден хат алдым. Хаттағы сұраған фатуасы жұртқа ортақ нәрсе турасында болғаны үшін, оның хатын да һәм жауабымды да хұрметлі «Қазақ» арқылы жар етуді лайық көрдім. Хатасын тапқан жандардан жолы-жөніменен, шанышпай, таптамай түсіндірулерін тілеймін. Хамидолла Наубетов жазады: «Мұхтәрәм (құрметті – авт.) Ғұмар әфенді, «Қазақтың» 36-ыншы нөмерінде «Сарқандтан телеграм» деген мақала да құрбанлықты шалмай, 5 сомнан құрбан басына хақ кесіп жиып алып студенттерге жәрдемге жіберіпті. Бұл іс қазақ арасында бұрын болмаған уақиға болғандықтан, аң-таңқалып, бұл дұрыс па екен? Шығармай ақшалай хақ кесіп үлестіру шариғатта жарай ма екен? Бұл бір рәсуә ғамал болмаса еді? – деп күмәнға қалушылар бар. Билік иесі адамдардан мұның жарап-жарамауы хақында сұрап біліп, егер шариғатта дұрыс болса, біздерде неге солай істемейміз деп ойға қалып, сізді соған дұрыс дәлеліменен фәтуасын беруге рақым етер деп бұл өтініш сәлемімді жолдадым. Егер құрбандықты тірі үлестіру дұрыс болса һәм бұл біздің қазақ арасында жайылып, халықтың нағыз мұқтаж болған оқу-өнер жолына жұмсалса, ұлтымыздың қараңғылықтан жарыққа қарай бет алуына көп себеп болар еді». Жауабым: Терең ойлап, тесе тексергенде һәр нәрседе болған секілді-ақ, шариғаттың да ресімі бар.

…Әрине бұлардағы айтылып кесіліп-пішілген нәрселер біреуі де мәңгілік емес. Һәр уақыт адам баласының халі, тіршілігі, заманы өзгерумен бұлар да өзгеріп тұрады. Пайғамбарымыздың (ғ.с.): «Заманалардың өзгеруіменен хәкімдер өзгереді» деген сөзінен мұрад, осы шариғаттың ресімі сыны-сымбаты өзгеруі. …Енді келелік құрбандық мәселесіне. Әлгі жоғарыда бірсыпырасының аттары жазылған қатырма тысты қалың кітаптарға қарағанда құрбан айының 10-ынан бастап 12-сі күні күн батқанға шейін хәлі жеткен адамдар бір қой яки бір ешкі, я болмаса түйе, сиырдың біреуінің жетіден біріне кірісіп шалып, қанын ағызу шарт, Құран шарифтің 32, Хажы туралы сүресіндегі: «ләм янәлуллаһу ләхуахұма уәлад мәһуһа уәләкин янәлуһу әннаһуа минку» деген терең мағыналы аятына қарағанда, Аллаға шалынған малдың еті, қаны жетпейді, бәлки ақниет, адал жүрек жетеді, яғни малды шалып, қанын ағызу яки табақтап етін тарту мақсұд емес, бәлки адам малын-мүлкін қиып, жақсы күндерде Алла жолына шығаруы мақсұд деген. Бірдің емес, көптің, жалпы жұрттың, ұлттың пайдасына жараған орынды. Алланың өзі һеш нәрсеге мұқтаж емес. Енді осы заман хәлін, ұлтымыздың жәйін ойлап қарасақ, әлгі аяттың көрсеткен жолыменен жүрсек, сол құрметті ізгі үш күн де нендей орын тиісті, ұлтымызға пайдалы болып, сол орнымызға малымызды сарф ету жарайды, нағыз сауапты құрбан болып мойнымыздан түседі…

Құрметлі бауырым Хамидолла! Сізге бұның ғажап болып көрінуі – жасыңыздан құрбан деген қан ағызу деп басыңызға сіңіп қалғандықтан, Сізге үйреткен молдалар құрбанды ашып, шариғаттың рух пәлсапасын үйретудің орнына, әлгі қалың кітаптардағы мың жыл бұрынғы хәлге, заманға қарай айтылып қалған сөздерді үйретіп, осыдан айрылмай, тап осыны өзгертпе дегендіктерінен. Өзіңіз ойлап қараңызшы: жыл сайын хаждардағы Мына (Мина) деген жерде құрбан күні жүз мыңнан артық қой, түйе, сиыр малдар бір күн ішінде шалынып, жерге көміледі, бұл ұят емес пе?! Мұндай исрапты ақ шариғат қосар ма? Міне, осылардың бәрі шариғаттың рухын тастап, адасуымыздан келіп тұр. Пайғамбарымыз (с.ғ.) заманасында ислам мәдениетінің негізі жаңа басталып салынған уақыт болғаны үшін мектеп, медресе, кітап-құрал деген заттар болмаған, жазу-сызу да мұнда аз болған. Сол себепті ол күндері құрбандықты шалып, фақыраға етін таратудан басқа тиісті орын табылмаған. Осы күнде пайғамбарымыз тіріліп, қайтадан арамызға келіп, халымызды көрсе, ең әуелі бастап өз құрбандығын сатып, біздің ғылымды-өнерлі болуымыз, басқа елдерге қатарласуымыз жолына жұмсар еді. Ғалымдар пайғамбарлардың жолын қуушылар деген сөз бар. Тек айт, жұмада мінбеге шығып тыңдаушылар түсінбейтін бір тілменен хатбе (құтпа – а) оқудан пайғамбарға ілтипат табылмайды. Бәлки осындай орындарды халыққа түсіндіріп, ілгері басуына себепші болу – әне, сол пайғамбарға қарыздық болады. Бізде қазір де түрлі орындарда ресми рұхсаты бар қайырымдылық қоғамдар ашып, солар арқылы зекет, құрбандықтарымыздың пұлы жиналып, мектеп-медреселер ашу, мұқтаж шәкірттер оқыту, білікті мұғалімдер алдыру, пайдалы кітаптар бастырып тарату бірінші парыз. Бұған фәтуа беріп бастап көрсету, халыққа түсіндіру ғұламамыздың, ашық фікірлі саңлауы бар адамдарымыздың міндеті. Енді мұндай орындар лайықты үгіт айтуға уақыт келгендей көрінеді…

P.S Небары қырық алты жыл ғұмыр кешіп, қарақшылар қолынан (қапияда) мерт болған ақын, публицист, дін қайраткері Ғұмар Қараштың осыдан бір ғасыр бұрын жазылған бұл мақаласындағы соны идеялармен келіспеске еш амалымыз жоқ. Мақала бейне бір бүгін жазылып отырғандай әсер қалдырады. Бұл көшелі, өміршең ойға ешбір өлім жоқтығының тағы бір жарқын көрінісі болса керек-ті.

Ықылас Ожайұлы
«Әдебиет порталына»

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.