Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҚАЖЫЛЫҒЫН ӨТЕП ЖҮРГЕН МҮГЕДЕК ЖІГІТТІҢ ӘҢГІМЕСІ ЖҮРЕКТІ ЕЛЖІРЕТТІ (ФОТО)

0 1  861

Оның есімі – Алтынбек Ақниет. Жасы 22-де. Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ІІ курс студенті. Елордадан қасиетті Мәдина қаласына бірге ұштық. Оның қажылыққа қалай келгендігі туралы әңгімесі бізге де әсер етті. Алтынбектің байсалды мінезі, ашық-жарқын көңілі, қанағатшыл қасиеті, тағдырына тәубешілдігі, оптимистік ойлары «Аллаға шүкірлік ет, өзіңде бар нығметке ризалық таныт» деген түсінікке тағы жетеледі. Көпшілігімізде кездесе бермейтін осы бір қасиет кейде барға қанағат, жоққа сабыр етуді ұмыттыра жаздайды емес пе?

– Өмірге келгеннен кейін, – деп бастады сөзін кейіпкеріміз, – үшінші күні анам аяғымның сынып қалғанын байқайды. Ол аздай бір айдан кейін қол сүйегім де сыныпты. 14 жасымда Мәскеуде 3 рет емделдім. Соның септігі тиді-ау шамасы, аяқ-қолым қатайған секілді болды. Әлі де кезекті отаны жасатауым керек екен. Бұйырса отаны осы айдың соңына қарай жасатуды жоспарлап отырмыз.

І топтағы мүгедек жігіт өнер жолын қалай таңдағанын айтып берді.

«Бастапқы кезде психолог болсам деген арманым болды. Алайда Қорғалжын ауданындағы мәдени шараларға белсенді қатысуым өнерге, өмірге деген құштарлығымды арттыра түсті. Тіпті, кейбір жанашыр ағаларым: «Сенің өнерге бейімің бар екен. Бұл қабілетіңді дамыт», – деген кеңесін берді. Осыдан кейін Астанаға құстай ұшып, Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түстім. Қазір, Құдайға шүкір, ІІ курсты аяқтадым», – дейді Алтынбек Ақниет.          

Ал намазға жығылуына өмір туралы толғаныстары түрткі болыпты.

«Ата-анам мені адамгершілікке тәрбиеледі. Бала кезден бастап адалдық, әділеттілік, мейірімділік туралы көп ойланатынмын. Мектеп мұғалімдерінің үйде жеке сабақ беруі, көп жағдайда жалғыз қалуым мені ылғи өмір туралы ойлануға түрткі болатын. Осылайша, толғаныста жүрген сәттерімде бір танысым Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туралы кітапты сыйлады. Оқып қарасам, мені мазалаған сұрақтардың барлық жауабы сонда жазылыпты. Яғни, мен іздеген адалдық, мейірімділік, әділеттілік деген құндылықтардың бәрін Алла Тағала бір Пайғамбардың басына үйіп-төгіп бере салыпты. Оның көркем мінезінен алған әсерлерім сәждеге жығылуыма ұласты. Түсінбеген сұрақтарымды имам ағалардан сұрап алған соң қалай намаз бастап кеткенімді білмей қалдым. Қандай ғажап!» – деп өз-өзіне таңданысын білдірді кейіпкеріміз.

Сұхбат барысында Алтынбек Исламның екінші парызын орындап жүріп, бесінші парыз – қажылыққа қалай келіп қалған оқиғасымен бөлісті.

«Менің ең жақын достарым Көкшетауда тұрады. Рамазан айын солармен бірге өткізгім келді. Ауыз бекіткен соң күн сайын кешке облыстық «Науан хазірет» мешітіне барып, тарауық намазына қатысатынмын. Арбаға отырған күйде жамағатпен бірге намаз оқып жүргенімді бір кісі байқаған сыңайлы. Астанада жүргенімде біреу телефон шалып: «Сізге сыйлығым бар еді. Соны өз қолыңызға тапсырсам», – деді. Ойымда ештеңе жоқ. Жарайды деп келісім беріп қойдым. «Науан хазірет» мешітінің имамдары Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған айына орай, Мәуліт мерекесін ұйымдастырды. Осы рухани кештің қадірлі қонағы болуды өтінді. Осы шарада әлгі кісінің маған сыйлаған сыйлығын ресми табыстады. Сертификатта: «Үлкен қажылыққа тегін жолдама», – деген жазуды көріп, жүрегім жарылып кете жаздады. Міне, ең әуелі Мұхаммед Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезіне тәнті болған мен қазір сол Алла Елшісі жатқан мешітке барып, намаз оқып жүрмін. Өз аяғыммен жүре алмасам да Алла Тағала мені өз үйіне қонаққа шақырып, қажылық парызымды өтеуімді қалаған екен. Имам ағалардың: «Мекке мен Мәдинаға барған әрбір қажы – Алланың қонағы болып есептеледі», – деген уағызын тыңдап едім. Аллаға сансыз шүкір айтамын. Мені бақытқа бөлеп, қуанышқа кенелткен жүрегі жомарт ағама алғыс айтамын. Ол кісі өз атын жарияламауды аманат еткен болатын. Раббым ол кісінің бұл қадамына сансыз сауаптар жазғай», – деп толқып тұрып сөзін түйіндеді Қазақ ұлттық өнер университетінің ІІ курс студенті.

Қажылықтан алған әсерлері туралы әңгімелеп берген ол: «Мұнда ең бастысы жүрегің тыныштық табады екен. Әлемнің әр бұрышынан келген әртүрлі нәсілді мұсылмандар бір ғана мақсатты басты орынға қоятынын байқадым. Ол – Алланың ризалығына бөлену. Сол үшін барынша бас көтермей құлшылық етеді, айналадағы адамдарға мейірбандық танытады. Асхана, дәретхана, т.б. жерде ұзын-сонар кезекте тұрған миллиондаған мұсылманның арасынан дауыс көтеріп, келісе алмай жатқан жанды көрмейсің…» деп сөзін қорытындылады.

Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің педагог-хормейстері Галина Колесникова бір сұхбатында Алтынбек Ақниеттің осы оқу орнын үздік дипломмен бітіргенін айтыпты. Ал оның Астана қаласындағы жаңа достары қоларбаға таңылған жігіттің күнделікті сабағына белсенді қатысып жүргенін, екі курсты да үздік бағамен тәмамдағанын жеткізді. «Сабаққа да үлгереді, намазын да оқиды», – дейді достары.

Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті мен «Әзірет Сұлтан» мешітінің арасы бір адым. Сабақтан шыққан Алтынбектің жүрегі мешітте жай табады екен.       

 Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы
Мекке шаһары

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.