Оның есімі – Алтынбек Ақниет. Жасы 22-де. Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ІІ курс студенті. Елордадан қасиетті Мәдина қаласына бірге ұштық. Оның қажылыққа қалай келгендігі туралы әңгімесі бізге де әсер етті. Алтынбектің байсалды мінезі, ашық-жарқын көңілі, қанағатшыл қасиеті, тағдырына тәубешілдігі, оптимистік ойлары «Аллаға шүкірлік ет, өзіңде бар нығметке ризалық таныт» деген түсінікке тағы жетеледі. Көпшілігімізде кездесе бермейтін осы бір қасиет кейде барға қанағат, жоққа сабыр етуді ұмыттыра жаздайды емес пе?
– Өмірге келгеннен кейін, – деп бастады сөзін кейіпкеріміз, – үшінші күні анам аяғымның сынып қалғанын байқайды. Ол аздай бір айдан кейін қол сүйегім де сыныпты. 14 жасымда Мәскеуде 3 рет емделдім. Соның септігі тиді-ау шамасы, аяқ-қолым қатайған секілді болды. Әлі де кезекті отаны жасатауым керек екен. Бұйырса отаны осы айдың соңына қарай жасатуды жоспарлап отырмыз.
І топтағы мүгедек жігіт өнер жолын қалай таңдағанын айтып берді.
Ал намазға жығылуына өмір туралы толғаныстары түрткі болыпты.
«Ата-анам мені адамгершілікке тәрбиеледі. Бала кезден бастап адалдық, әділеттілік, мейірімділік туралы көп ойланатынмын. Мектеп мұғалімдерінің үйде жеке сабақ беруі, көп жағдайда жалғыз қалуым мені ылғи өмір туралы ойлануға түрткі болатын. Осылайша, толғаныста жүрген сәттерімде бір танысым Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туралы кітапты сыйлады. Оқып қарасам, мені мазалаған сұрақтардың барлық жауабы сонда жазылыпты. Яғни, мен іздеген адалдық, мейірімділік, әділеттілік деген құндылықтардың бәрін Алла Тағала бір Пайғамбардың басына үйіп-төгіп бере салыпты. Оның көркем мінезінен алған әсерлерім сәждеге жығылуыма ұласты. Түсінбеген сұрақтарымды имам ағалардан сұрап алған соң қалай намаз бастап кеткенімді білмей қалдым. Қандай ғажап!» – деп өз-өзіне таңданысын білдірді кейіпкеріміз.
Сұхбат барысында Алтынбек Исламның екінші парызын орындап жүріп, бесінші парыз – қажылыққа қалай келіп қалған оқиғасымен бөлісті.
Қажылықтан алған әсерлері туралы әңгімелеп берген ол: «Мұнда ең бастысы жүрегің тыныштық табады екен. Әлемнің әр бұрышынан келген әртүрлі нәсілді мұсылмандар бір ғана мақсатты басты орынға қоятынын байқадым. Ол – Алланың ризалығына бөлену. Сол үшін барынша бас көтермей құлшылық етеді, айналадағы адамдарға мейірбандық танытады. Асхана, дәретхана, т.б. жерде ұзын-сонар кезекте тұрған миллиондаған мұсылманның арасынан дауыс көтеріп, келісе алмай жатқан жанды көрмейсің…» деп сөзін қорытындылады.
Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің педагог-хормейстері Галина Колесникова бір сұхбатында Алтынбек Ақниеттің осы оқу орнын үздік дипломмен бітіргенін айтыпты. Ал оның Астана қаласындағы жаңа достары қоларбаға таңылған жігіттің күнделікті сабағына белсенді қатысып жүргенін, екі курсты да үздік бағамен тәмамдағанын жеткізді. «Сабаққа да үлгереді, намазын да оқиды», – дейді достары.
Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті мен «Әзірет Сұлтан» мешітінің арасы бір адым. Сабақтан шыққан Алтынбектің жүрегі мешітте жай табады екен.