Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ШӘКІРТ САНАСЫНА ДІНИ  ІЛІМДІ ЛАЙЫҚТАП ЖЕТКІЗУ ОТА ЖАСАУДАН ДА КҮРДЕЛІ – БАС МҮФТИ (ФОТО)

0 1  917
Бұл мәселеге Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Алматы облысындағы «Үшқоңыр» медресе-колледжінің «ерлер» және «қыздар бөлімінің» шәкірттерімен кездесуінде баса мән беру керектігін айтты.   

«Бүгінде Діни басқармаға қарасты 9 медресе жұмыс жасайды. Білім ошақтары қазіргі күннің талаптарына жауап беретін діни, сонымен қоса зайырлы білімі жоғары маман дайындайды. Ерлерді имам хатиб мамандығы бойынша, және қыз балаларды «Исламтанушы» мамандығы бойынша маман даярлаумен айналысады.  Осы оқу орындарындағы барлық діни және зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес әзірленген. Медреселеріміз колледж мәртебесіне ие болды. Сондай медреселеріміздің бірі Үшқоңыр медресесі. Бұл үлкен мүмкіндік. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек. Баршамыз шәкірт, ұрпақ болашағына жауапты екенімізді сәт сайын сезінуіміз тиіс. Білім берудің ең озық әдіс-тәсілдері мен жүйелерін жетілдіріп отыру өте маңызды. Әр шәкірттің жан-дүниесі мен санасына діни ілімді лайықтап жеткізу ота жасаудан да күрделі қызмет. Сондықтан, бүгінгі ұстаздардың негізгі миссиясы шәкірттердің көкірек көзін ашып, олардың рухани дүниетанымын байытып, мемлекетшіл, ұлтжанды ұрпақ сабақтастығын қалыптастыру. Өресі биік, пайымы кең, салмақты, байыпты, иманды ұрпақ ұлттың ұлы мақсаты мен мұратын орындауға үлкен үлес қоспақ. Қазақ – ұлын ұлағатты, қызын ибалы етіп өсіруге ерекше көңіл бөлген халық» деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Оқу орынының жұмысымен таныстырған директор Абзал Майлыбайұлы медреселердің интеллектуалды додаларға қатысып, білім беру сапасының жоғарылауына медреселердің колледж мәртебесіне ие болуы серпін бергенін айтады.

«Оқу орынымызда іштей 200 студент оқиды, одан бөлек сырттай 31 шәкірт білім алады. 9-дан кейін үш жыл тоғыз ай оқиды. Ал, 11-ді бітіріп келген студенттер екі жыл он ай оқиды. Біздің оқу орынымызға студенттер еліміздің әр түкпірінен келіп білім алуда, әсіресе қыздар бөлімі санаулы болғандықтан білім алуға ниетті қыз балалар өте көп. Жылдан жылға талапкерлердің саны да, сапасы да  артып келе жатыр. Оның айқын дәлелі түрлі олимпиадаларда шәкірттеріміз жүлделі орындар алып жатыр. Мұдай интеллектуалды және сапалы білім беру деңгейіне көтерілуге Діни басқарманың қолдауымен медреселердің колледж мәртебесіне ие болуы серпін берді» деді Абзал Майлыбайұлы.

«Үшқоңыр» медресе-колледжінің ғимараты елді-мекеннің ең көрікті жерінде орналасқан. Оқу орыны кітапхана, асхана және дене шынықтыру алаңдарымен қамтылған. Оқу орнында әкімшілік-шаруашылық орталығы жұмыс жасайды. Оқу, жатақхана ғимараттары жылу-электр қуаты, сумен, сапалы мүліктермен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта оқу ғимараттарын кеңейту жұмыстарын жүргізбек.

 

 www.muftyat.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.