Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

БАС МҮФТИ ҚАЖЫЛЫҚ ФИРМАЛАРЫ ЖЕТЕКШІЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

0 1  685

Бүгін ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қажылық компанияларының жетекшілерімен жиналыс өткізді.

Жиынға қажылық компанияларының басшылары, ҚМДБ қажылық және халал бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев, ҚМДБ қажылық және халал бөлімінің бас маманы Қанат Бекжанов, ҚМДБ «Tawaf» қажылық компаниясының директоры Жәнділда Бекжігітов қатысты.

Қажылық фирмаларымен болған жиында ҚМДБ қажылық және халал бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев биылғы қажылық кезінде кеткен кемшіліктерді түзеу немесе болдырмау шаралары мен миссияның жұмысын жетілдіру бағытында ақтарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Басқосуда келер жылғы қажылыққа дайындық жұмыстары пысықталды. Атап айтқанда,  Сауд Арабия Корольдігі Қажылық министрлігінен алынатын квота санын алдын ала бекіту, Flaynas пен SCAT әуе компанияларының қажыларды тасымалдау кестесін нақтылау, желтоқсан айында басталатын кіші қажылық жұмысын бақылау, қадағалау барысы талқыланды.

Бас мүфти жиналыс барысында қажылық жұмысын өзі қадағалайтынын айтып, қажылық туризм мен пайда табу жолы емес, исламның бес парызының бірі, ұлы құлшылық екенін еске салды.

«Биылғы қажылық сәтті өтті. Қажылық миссиясы мен фирмалар бір бағытта, бір мүддеде қажыларға қызмет көрсетті. Бұл сауапты, әрі жауапты жұмыс. Сіздерге алғыс айтқым келеді. Қажылық миссиясының жұмысын қадағалап, бақылап отырамын. Жұмыстарыңызда болып жатқан қиындықтардың оң шешімін табуына, қолдау көрсетуге барымды саламын. Қажылық миссиясының қызметіне тоқталатын болсақ. Жыл сайын қажылық қызметінің сапасын арттыру үстіндеміз.  Дегенмен, бір ескеретін мәселе қажылық туризм емес, ұлы құлшылық, қасиетті сапар, исламның бес парызының бірі. Қажыларға қызмет көрсететін әр адам, әр фирма осыны есінде сақтауы керек. Биыл 16 фирма мүфтиятпен келісім-шарт жасады. Аталған фирмалар келісім-шартта көрсетілген қажылық квотасы бойынша 2500 адамға қызмет көрсетті. Келер жылы квота санын арттыру ойымызда бар. Биыл Миссия құрамындағы уағыз-насихат жұмыстары бір жүйеге келтірілді. Пәтуа беру, медициналық көмек, үйлестіруші топ өзіне жүктелген тапсырмалар бойынша тиімді жұмыс жасады» деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы. 

ДІНИ БАСҚАРМА НАРЫҚ КЕҢІСТІГІНДЕГІ АДАЛ БӘСЕКЕЛЕСТІК, САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ ДЕГЕНДІ БАСШЫЛЫҚҚА АЛАДЫ  

«Бейбіт Мырзагелдиев бастап барған Қажылық миссиясы сапалы, жоғарғы деңгейде жұмыс жасады. Миссия қолдарынан келген барлық көмекті, мүмкіндікті көрсетті. Биылғы қажылық жақсы өтті. Ұшақтардың ұшып-қонуы уақытылы орындалды. Діни басқарманың қызметі ашық бағытта жүріп жатқанын осы қажылыққа қатысты істерден көруге болады. Діни басқарманың қажыларды тасымалдау, қызмет көрсету жұмыстарын бір өзі атқаруына қауқарыда, мүмкіндігіде, потенциялы жеткілікті. Бірақ Діни басқарма нарық кеңістігіндегі адал бәсекелестік, сапалы қызмет дегенді басшылыққа алады. Барлық компаниялардың жұмыс жасауына мүмкіндік жасап отыр».

 Танатар Қарабев«Яссауи» қажылық фирмасының директоры

ЕЛІМІЗДЕГІ ӘРБІР МҰСЫЛМАН ҚАСИЕТТІ ЖЕРГЕ ТАБАН ТИГІЗСЕ ДЕП АРМАНДАЙМЫН

«Қажылық фирмасын басқарып жүргеніме он жыл болды. Қажылықтан келгенде байқаймын адамдар рухани байып, әсерленіп, ізетті көңілмен оралады. Жақсы амалдар жасап, соны жалғастырып жатады. Сондықтан осы жолда қызмет еткеніме өзімді бақытты сезінемін. Қажылықтан пайда табамын деу қателік екен. Бұл бірінші құлышық. Жеке кәсіпорыным болсада осы қажылықпен шұғылданамын. Өйткені бұл Алланың жолындағы қызмет, сауапты іс. Қазақстаннан баратын қажылар көбейсе екендеймін. Қасиетті мекенге барған адам ел мен жердің амандығын, тыныштығын тілейді. Осы бағытта Мүфтият қажыларға барлық мүмкіндікті жасап, қызмет етіп жатыр. Алланың жолында болып, иманды ел атанып, қажылығымызды өтеп, елімізде тыныштық, халқымызда береке болса деп тілеймін. Тәуелсіздігімізді алып, қасиетті жерде қажылық өтеуге жол ашылғаны үшін Аллаға мың да бір шүкір. Еліміздегі әрбір мұсылман қасиетті жерге табан тигізсе деп армандаймын».

Нұржамал Ибрагимова,

«Ансар круиз» қажылық фирмасының директоры

  www.muftyat.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.