Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, «Нұр Астана» мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы Астана қаласы «Әлжан ана мешіті» жанындағы имамдарды кәсіби қайта даярлау және біліктілігін көтеру республикалық орталығында оқып жатқан дін қызметкерлеріне дәріс берді.
Наиб мүфти ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен жүзеге асып жатқан «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» жобасының мәні мен маңызын, мақсаты мен бағытын жан-жақты түсіндіріп өтті.
«Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі таңда мүфтияттың діни кадр дайындау саласы бойынша маңызды жұмыс бағыттарының бірі – ХХІ ғасырдың талабына лайықты имамдар корпусын қалыптастыру. Барша дін қызметкерлері Бас мүфтиіміз бекіткен «ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» жобасының талап деңгейінен көрінуі тиіс. Өздеріңізді оқытып жатқан 2 айлық курстың мақсаты да осы. Сондықтан, осынау мүмкіндікті тиімді пайдаланып, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді шыңдап алуға тырысыңыздар», – деп атап өтті наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Дәріс соңы сұрақтарға ұласты. Наиб мүфти дін қызметкерлерін толғандырған сауалдарға жауап берді.