Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ӘЛИХАННЫҢ АМАНАТЫ: ҮЛГІ АЛАР ҮЗІНДІЛЕР…

0 8  919

Бүгін – Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні!

ӘЛИХАННЫҢ АМАНАТЫ: ҮЛГІ АЛАР ҮЗІНДІЛЕР…

«Құдайды ұлық деп ұқса…»

Неғұрлым Құдайды жоғары деп, биік деп, ұлық деп ұқса, соғұрлым жақсырақ танымақшы. Жақсырақ таныған сайын, Құдайға жақынырақ болмақшы. Жақын болуының мағынасы – рақметін көріп, рақымды болмақ, мейірбандығын көріп, мейірімді болмақ… Сауап ең ақырғы пайғамбар Мұхаммед жолында.

«Жанкештілік болмаса…»

Бөтен кісі қазаққа еш қайдан жақсылық әкеп бермейді. Торғайдың ақ үрпек балапанынша ауызды ашып, біреуге жалынып-жалпая бергеннен түк шықпайды, іс өнбейді. Жапонда кісі қажетіне жаратылмаған алақандай жер жоқ. Онда мұндай ыждаһатты жанкештілік болмаса аштан өлесің. Зауыт ісі жұрттың жалпы шебер, көнбіс, ұста болуына байлаулы. Әр нәрсенің амалын біліп, өз орнына жұмсағанда ғана іс көркейеді. Қазаққа өз жағдайыңды өзің ойлап, өлмес қамыңды істе деп отырғанымыздың мәнісі осы…

«Тәрбиеміз кем болса…»

Қазақтың ұлт болып өркениетті ел қатарлы өмір сүруі үшін, ең алдымен, халықтың сана-сезімін оятатын жағдай тудыру керек, қазақтың ұлттық тілін, әдебиетін өрістету керек. Өнер-білім керек, онан да керегірегі – тәрбие. Қанша оқысақ та, тәрбиеміз кем болса, қасиетіміз аз.

«Тарихын жоғалтса…»

Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн тауашағына көз жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Қазақтың көбі оны шежіре деп айтады. Бұ заманның ғалымдары тарих ең оңды мұғалім деп түсінеді. Дүние де өңге жұрттар қатарында кім қор болмаймын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дәрежеде ұғып білуге тиіс болады… Бұл кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс.

«Тізе қосып іс қылса…»

Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады. Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады. Қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп пайдамызды тигіземіз?! Міне, Әлихан Бөкейхан «қазаққа сөз үйретіп жатыр» деп айтады. Мен қазаққа сөз үйретпесем… Менің не керегім бар еді. Қазақ жоғалып кетеді, «бұған жер неге керек» деп оттаған дұшмандар бар. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Ол үшін осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «қазақ мәдениетін» құрып, бір жағынан «қазақ әдебиетін» тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы…

«Кім шебер болса…»

Тіршіліктегі жүйріктік – ақылда, ұсталық пен жанкештілікте… Қазақ сияқты халық байлық пен қазына мал кіндігінде деп біледі. Аустралия қойының еті төрт ай мұхитта кемемен жүріп келіп, Петербор базарында сатылады. Малы көшіп жүр, адамы қала болып отыр. Профессор Күлешовтың жазғанына қарасақ, қазақтың қойының етіндей жер үстінде ет жоқ… Кім шебер болса, жалықпай талмай ізденсе, бірігіп-тізе қосып әдіс қылса – ғұмыр бәйгесі соныкі.

«Алла» деп іске кіріселік…

Азаттық таңы атты! Тілекке құдай жеткізді! Күні кеше құл едік – енді бүгін теңелдік! Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық ісін ұғынбаса – тарих жолында тезек теріп қалады. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүрер алдымызда зор шарттар бар! Осыны аңғар, жұртым қазақ! Бұл болып тұрған заман – Алаштың азаматына зор жүк. Ұлық іс ұсақтан ұлғаяды. Кірпіш зор емес, қаласаң қандай зор үй шығады. Шөпшектеп жиып шөмеледей илеу істейтін құмысқаны көрмейміз бе? …Құдай сәтін салғай «әмин» деп қол жайып «Алла» деп іске кіріселік!

 Әзірлеген: Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.