Құран Кәрім – иісі мұсылман қауымы үшін ең қасиетті де қадірлі кітап. Қазақ халқы ықылым заманнан осы бір Алланың кітабын қастерлеп, қадіріне жете білген. Бүгінде салтымызға сіңіп, дәстүрімізге айналған көптеген игіліктердің бастауы шариғаттан алатынын байқаймыз. Тарихтың сан қилы қыспағынан өткен қазақ даласында дін мен дәстүрге көлеңке түскен уақытта ата жолынан алыстап қалған кезіміз де жоқ емес. Біз қазір Құранның негізгі мән-мағынасын, оны оқудың артықшылықтары мен жауапкершілігін білеміз бе? Құран оқудың қыр-сыры мен қарилық тарихы туралы елімізге белгілі исламтанушы, қари Еркінбек Шоқай баяндайды.
– Еркінбек аға, бүгінгі сұхбатымызды қасиетті Құранға арнасақ. Біздің, жалпы көпшіліктің түсінігінде Құран оқу Құдайы астағы оқылатын рәсім және бағыштау мағынасында қалыптасып қойғаны жасырын емес. Құран оқудың маңыздылығын айтып берсеңіз…
– Шындығында, өкінішке қарай, біздің қоғамда Құранға қатысты сіз айтқандай көзқарас қалыптасып үлгерді. Бірақ, Құран – Жаратушы Тағаланың сөзі. Сондықтан, өзінің маңыздылығын ешқашан жоғалтқан емес. Ғасырға жуық кезеңде Құран мен ислами құндылықтарымыздың мәні мен рөлін жоюға бағытталған саясаттың әрекеті бекер болғанына тарих куә.
Құран – адамзатты екі өмірдің бақытына жетелейтін ең соңғы иләһи кітап. 14 ғасырдан бері әріпті былай қойғанда, үтір-нүктесіне дейін өзгермеген Алла Тағаланың уахиі. «Хижр» сүресінде Алла Тағала: «Шын мәнінде Біз зікірді (Құранды) түсірдік. Енді оны өзіміз сақтаймыз»,- дейді. Ал қазір біз бұл иләһи кітаптың Алла уәде еткендей, сан түрлі жолдармен сақталып отырғанын көзбен көріп келеміз.
Исра сүресінде Алла Тағала:
Құранның адам баласы үшін мәнін мен маңызын айтып өтеді. Демек, Құран мұсылманды ең дұрыс, ең пайдалы, ең бақытты өмірге жетелейді. Құранмен өмір сүрген адамды Алла Тағала екі өмірде қор етпейді.
Алла Тағала Құранда адамзат үшін өмірлік қажетті болған ереже-принциптердің барлығын көрсеткен. Бұл турасында «Анғам» сүресінде: «Біз кітапта ешнәрсені қалдырмадық…» делінеді. Бұл адам баласына, адамзат қоғамына қажетті принциптер мен негізгі құндылықтардың барлығы осы кітапта келтірілген деген сөз.
Олай болса, Құранды оқитын адам Алланың 14 ғасырдан бері әрпі өзгермеген кәләмін оқиды. Алла Тағаламен тілдескендей болады. Себебі, Хасан әл-Басриден келетін хабарда «Кімде-кім Алланың өзімен тілдесуін қаласа, Құран оқысын..» деп айтылады. Ең тура, ең пайдалы жолды, ғұмырына қажетті өмірлік рухани-моральдық азықты осы кітаптан табады.
– Әр әрпіне сауап делінген қасиетті аяттарды оқу әрі оның мағынасын ұғыну барша мұсылман баласына парыз ба? Себебі, оқығанымыздың мағынасын түсіну де маңызды болса керек. Құран оқудың шариғаттағы негізгі мағынасын, яки мәртебесі мен дәрежесін тарқатып берсеңіз.
– Алла Тағала Құранда «Сад» сүресінде:
Құранның адамзат баласына жолдануының негізгі мақсаты – оны тура жолға бастау. Өмірде ақ пен қараның арасын ажыратып беру. Халал мен харамды таныту. Екі өмірде оны бақытты ету. Ақиреттің мәңгілік бақытын нәсіп ету. Егер мұсылман пенде Құранның аяттарын түсінбесе, пікірлемесе, санасына сіңірмесе мұның барлығы қалай іске асады. Әрине, сіз араб тілін білмейтін мұсылмандардың жағдайы қалай болады деген алаңдаушылық танытасыз.
Аллаға шүкір, қазір елімізде мыңдаған мешіттер салынып, білімді имамдар мен ұстаздар сол мешіттерде қызмет етуде. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бір-екі қари ғана болды, бүгінде жүздеп саналады. Міне, біз осындай білімді азаматтардан оқитын аяттарымыздың мағынасын сұрап, біліп үйренуге тиіспіз. Оқылған Құранның сауабы өткен бабаларымыздың рухына пайдасы болса, оның өзі мен мағынасы тірілерге – бізге арналған. Бұл турасында «Ясин» сүресінде: «Ол тірі адамға ескерту үшін келген ашық зікір және Құран…» делінеді.
Құранды оқитын, бірақ мағынасын түсінбейтін адамға сауап жазылмайды, оған ешбір пайдасы жоқ деп те ешкім айта алмайды. Себебі, Құранды тиләуат етіп оқудың пайдасы мен дәрежесі турасында келген хабарлар жүздеп саналады. Хадис ғұламалары бұл тақырыпқа арнайы кітаптар мен баптарды арнаған. Имам әт-Тирмизи Абдулла ибн Масғудтан жеткізген хадисте Пайғамбарымыз саллалаһу алайһи уә сәллам Алланың кәләмін оқыған адам үшін болатын сауапты сипаттап: «Кімде-кім Алланың кітабынан бір әріп оқитын болса, оған бір жақсылық жазылады. Ал бір жақсылыққа он есе етіп сауап беріледі. Мен «әлиф ләм мим» бір әріп демеймін. Керісінше, әлиф – бір әріп, ләм – бір әріп, мим – бір әріп» дейді.
Имам Әбу Дәуіт жеткізген мына бір хадисте Пайғамбарымыз саллаллаһу алайһи уә сәлләм: «Құранды оқушы құлға қиямет күні, оқы көтеріл, дүние өмірінде қалай көркемдеп оқысаң солай оқы. Сенің мәртебең, ең соңғы оқитын аятың» дейді. Бұл хадис адамның бұл дүниеде оқитын аяттары көп болған сайын, ақиреттегі дәрежесінің жоғары болатынын айтуда. Сонымен қатар, өзін оқыған адамға Құранның қияметте шапағатшы болатындығы да айтылады. Пайғамбарымыз саллаллаһу алайһи уә сәлләм Имам Муслим жеткізген хадисте: «Құранды оқыңдар, себебі ол қиямет күні өзін оқушыларға шапағатшы болып келеді» дейді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Құранды оқыған адамның жазылар сауап мен дәрежесі туралы сағаттап айта беруге болады.
– Құранды жатқа оқу, қарилық пен хафиздіктің айырмашылығы немесе артықшылықтары қандай? Ислам тарихында алғашқы қарилық мектеп қай кезден қалыптасты?
– Алла Тағала бұл кітапты есте сақтауға жеңіл етті. Бұл жөнінде Құран былай дейді:
Әлемде Құраннан басқа толығымен, әрбір әрпі өзгертілместен, үтір-нүктесіне дейін көкейде сақталатын кітап жоқ. Мұны дос та, дұшпан да біледі әрі мойындайды. Бұл Алла Тағаланың мұсылмандар үшін берген мәртебесі, сыйы. Екінші жағынан мұсылмандар үшін жауапкершілік әрі сынақ. Алла Тағала Құранның көкейде сақталатын кітап екенін Анкабут сүресінде анық айтады:
Бұл аятта Құранды жаттаған адамды Алла Тағала ілім иесі деп сипаттап отыр. Осылай көкейде жаттау мен сақтауды «хифз», ал жаттаған адамды «хафиз» дейді.
Хафиздіктің тарихы Пайғамбарымыз саллаллаһу алайһи уә сәлләмнің өзінен басталады. Пайғамбарымыз Жәбірейіл алайһи сәләмнан уахиді үйреніп әрі жаттап алатын болған. Бүкіл Құранды әрбір Рамазан айында Жәбірейіл алайһи сәләмға тапсырып тексертіп отырған. Сонымен қатар, сахабалар пайғамбарымыздың дәуірінен бастап Құранды жатқа оқуды меңгере бастады. Қарилықпен танылған Али бин Абу Талиб, Осман бин Аффан, Убай бин Кағб, Абдулла ибн Аббас, Абдулла ибн Масғуд, Заид бин Сабит т.б. сахабалар болды. Пайғамбарымыз саллаллаһу алайһи уә сәлләм өмірден озғанда жүздеген Құранды жатқа оқитын сахабалар болды. Хазірет Әбу Бәкірдің уақытындағы болған бүлік шайқастардың бірінде 70 қари қаза тапты. Осы оқиғаның хазіреті Әбу Бәкірдің кезінде арнайы комиссия құрылып Құранның кітап болып жиналуына себеп болғанын білеміз. Заид бин Сабит Пайғамбарымызға жаттаған Құранын тексертіп алған ең соңғы сахаба болғандықтан, аталған комиссияның төрағасы болып бекітілді. Сахабалардан кейін табиғиндердің, табаға табиғиндердің кезінде қари ғұламалар қырағат мектептерін қалыптастырды. Қазіргі таңда Пайғамбарымыздан сенімді (мутауатир) жолмен келген он қырағат мойындалған. Әрбір қырағаттың екі риуаяты бар. Мысалы, біз елімізде Асим қырағатының екі риуаятының бірі – Хафс бойынша оқимыз. Жалпы алғанда осы қырағаттардың қайсыбірімен болса да, намазда оқуға шариғат бойынша рұқсат етілген.
Ал қари дегеніміз «қырағат», «құран» деген сөздерден келіп шығады. Оның мағынасы Құранды оқушы дегенді білдіреді. Шариғатта қалыптасқан қари терминінің мағынасы хафиз деген сөзден кеңірек. Яғни әрбір қари – хафиз, бірақ әрбір хафиз – қари емес. Демек, қари деп Құранды жаттап қана қоймай, оны мәнерлеп әрі шебер оқуды меңгерген тұлғаға айтылады. Мысалы, Құранды жаттап, жетік меңгерген сахабаларға қари сахабалар делінеді. Жоғарыда айтылған қырағаттарды мектеп етіп қалыптастырған кісілерді қари-имамдар дейді. Сондықтан, бізде Орта Азияда Құранды жаттаған адамды қари деп айту дәстүрі қалыптасқан.
– Сахабалар заманында Құранға деген құрмет қандай болды? Жалпы, Құранды қастерлеу қандай жауапкершілік пен міндеттермен өлшенеді?
– Пайғамбарымыз саллаллаһу алайһи уә сәлләм сахабаларға: «Сендердің ең абзалдарың – Құранды үйреніп, оны басқаға үйреткендерің» деді. Осы тәлімнің негізінде сахабалардың ең алғашқы мән берген ісі – Алланың кітабын үйрену әрі үйрету болды. Әрбір сахаба Пайғамбарымыз айтқан абзал жан болуға әрекет етті. Сахаба Хаббаб бин әл-Арат (Алла одан разы болсын) былай деп өсиет айтады: «Аллаға мүмкіндігіңше жақында. Бірақ сен Алла Тағалаға оның сөзінен артық жақсы көретін іспен жақындай алмайсың». Яғни сахабалар Құранды оқуды, оның үкімдері мен талаптарына амал етуді, үйреніп-үйретуді Алла Тағаланың разылығы мен мейіріміне лайық болудың бірден-бір жолы ретінде білген. Халифа Осман бин Аффан (Алла одан разы болсын): «Егер жүректеріңді тазартқан болсаңдар, Рабыларыңның сөзіне тоймаған болар едіңдер» деп, Құранды көп оқу мен құрметтеудің жолын түсіндіреді. Абдулла ибн Масғуд (Алла одан разы болсын):
Бұдан біз сахабалар Құранды Алла Тағаланы құрметтегендей құрмет тұтқанын көреміз.
Пайғамбарымыздың сахабасы Әбу Хурайра (Алла одан разы болсын) былай дейді:
Демек, әрбір үйде Құранның көп оқылуға тиіс екенін жеткізіп отыр. Олар осыған амал еткен. Құран үйге матаға орап сақтап қоятын кітап емес. Оны оқып отыру қажет. Оған амал етуіміз керек. Сондықтан, ілгеріде қариялар үйдегі Құранды аударып отырыңдар, оқылмай қалмасын деп үйретіп отырған деп ойлаймын.
– Соңғы жылдары республика көлемінде, аймақтарда Құран жарыстары әртүрлі деңгейде қолға алынып, өткізіле бастады. Осы үрдіске қандай баға бересіз?
– Алла Тағала Құранда:
Мұсылмандар игі әрі жақсы істе бірімен-бірі жарысуға бұйырылған. Бұл тұрғыда Құран тағы бір аятта былай айтады:
Құран бізді екі өмірдің бақытына жетелейтін кітап. Бұл өмірде тура жолды көрсететін Алла Тағаланың сөзі. Демек, біз Құранды жаттауда, үйренуде, оқуда бірімізбен біріміз жарысуымыз қажет. Бұл әсіресе еліміздегі өскелең ұрпақты Алланың кәләмімен тәрбиелеуге, Құранды үйренуге, таратуға және қарилардың санын арттыруға өз үлесін қосады. Аймақтық және республикалық деңгейде Құран жарыстардың өткізілуі өте оңды құбылыс.
Алайда, біз бұл игі дәстүрді тұрақты түрде өткізе алмай келеміз. Жыл сайын жүйелі түрде ұйымдастырылатын Құран жарыстар болуы қажет деп ойлаймын. Бізде бір жыл Құран оқудан жарыс өткізілсе, кейінгі жылдары қатарынан екі-үш жыл өткізілмей қалып жатыр. Бұл жағдай елдегі қариларды шыңдауды, олардың жаттаған құрандарын пысықтап отыруды және қарилықты дамытуды кешеуілдетеді. Келесі кезекте Құранға деген халықтың махаббатының артуы әлсірейді. Мысалы, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ливан т.б. секілді мұсылман елдерде әр жыл сайын белгілі бір кезеңде бір атаумен тұрақты түрде өткізілетін Құран жарыстары бар. Осы жарыстарға қатысуға ниетті жас қарилар жыл бойына сол жарыстарға өздерін дайындап, баптаумен жүреді. Мұндай халықаралық жарыстарға ел қариларының қатысып, жүлделі орындардан көрінуі еліміз үшін абырой әрі сырттағы мәртебесінің артуына деп себеп болады. Мысалы, өткен жылы Түркияда болған жарыста Нұр-Мүбарак университетінің студенті қари Шоқан Уәлиев бауырымыздың екінші орынды иеленуі еліміз үшін үлкен қуаныш болғаны белгілі.
Сондай-ақ, шетелдердегі Құран жарыстарына өте қомақты жүлделер тағайындалады. Бұл – Құранға және Алланың кәләмін жаттаған қариға деген құрмет, сый. Ол жылдар бойы еңбектеніп, көз майын тауысып, ұйқыдан қағылып жаттады. Ақиреттегі сауабын Алла Тағала береді. Бірақ, біз оның бұл өмірдегі құрметін лайықты орнына қоюға міндеттіміз. Өкінішке қарай, бізде өткізілетін Құран жарыстардың жүлделері көп жағдайда лайықты үлгіде болмай жатады. Ел тарихындағы жүлдесі жақсы әрі қомақты болған ең алғашқы жарыс – 2015 жылы мамыр айында Алматы қаласындағы «Байкен» мешітінде өткізілген Құран жарысы. Алғашқы 3 жүлделі орындарға темір тұлпарлар тағайындалды. Біз бұл жарысқа демеуші болған азаматтарға Алла разы болсын дейміз. Одан бері екі жыл өтті елімізде мұндай ауқымдағы Құран жарыстар ұйымдастырылмай келеді. Неге қариларға темір тұлпар мінгізбеске..?! Алланың сөзін емес, өз сөзін ғана әдемілеп айта алған ақындарымызға кейде ай сайын түрлі тұлпарлар мен миллиондаған теңгелерді сыйлап жатырмыз емес пе?!
Осы ретте «қарилар Құранды Алла разылығы үшін оқымайды ма, неге жүлде болуы шарт?» дегендей сыңаржақ пікірлер де айтылуы мүмкін. Дұрыс, қари Құранды Алланың разылығы үшін оқиды, солай болуы керек. Бірақ, қаридың талабы мен оның басқа мұсылманның баласына қарағанда ерекше еңбегі үшін елдің оған жасайтын сый-құрметі шариғаттың ешқандай шартына қайшы келмейді. Қажет болса, біз күнделікті әрбір дүниелік ісіміздің өзін Алланың разылығы үшін жасауымыз қажет. Сонда Алла Тағала бізге тек ақиреттік емес, дүниелік істеріміз үшін сауап жазады.
– Қарилықты меңгеру үшін қандай қасиеттер керек? Құран аяттарын жаттау қабілетін арттыру нендей талаптарды міндеттейді? Ижаза беру (алу) үшін қойылар шарттар қандай?
– Мұсылманның баласы үшін шариғат ғылымдарының қайсыбірін меңгеру үшін ең алдымен ықыласты ниет керек. Пайғамбарымыз саллаллаһу алайһи уә сәлләм өзінің белгілі хадисінде:
Демек, ең алдымен Алланың разылығы үшін Құранды толығымен жаттауға ниеті болуы шарт.
Көптеген бауырларымыз «Құран жаттау үшін қандай кеңес бересіз» деп сұрап жатады. Мен оларға бір ғана негізгі кеңесті беремін – Құранды көп оқу қажет. Қарилар Құранды көп оқып, қайталай беру арқылы қари болады. Құран жаттау – аянбай еңбектенуді талап ететін міндет. Біз қарилық медреседе оқып жүргенде әр күні 10-12 сағатымыз Құран оқуға арналатын. Кейбір қарекелер 24 сағаттың 14 сағатына дейін отырып оқи беретін. Қазір Аллаға шүкір сол жігіттердің көпшілігі Рамазан айында еліміздің мешіттерінде тарауық намаздарын Құранды толық хатым етіп оқып беріп жүр.
Имам әш-Шафиғи (Алла оны рақымына бөлесін) – жаттау қабілеті өте жоғары болған имамдардың бірі. Қабілетінің мықты болғаны соншалықты, бір оқығанда жаттап алады екен. Кітаптың екінші беті көзіне түсіп кетсе, оқып жатқан бетімен қосып жатталып кетпеуі үшін, оны қолымен жауып отырып оқитын көрінеді. Бірде ол кісі жаттау қасиетінің күрт төмендегінін байқайды. Әрине бұл өзгеріс оның көңіліне қаяу түсіріп, абыржытады. Содан өзінің замандасы әрі досы Имам Уакиғке шағымданып барғаннан кейін ғасырлар бойы үмметтің жадында жатталып, аңызға айналған мына өлең жолдарын жазады:
شَكَوْتُ إلَى وَكِيعٍ سُوءَ حِفْظِي |
فَأرْشَدَنِي إلَى تَرْكِ المعَاصي |
وَأخْبَرَنِي بأَنَّ العِلْمَ نُورٌ |
ونورُ الله لا يهدى لعاصي |
Бұл өлең жолдарының қазақша мағынасы –
Демек, қари болғысы келетін адам Аллаға деген тақуалығы дұрыс болуы қажет. Себебі, Алланың кәләмі күнәхар құлға берілмейді. Нақтырақ айтқанда, қари болуға ниеттенген тұлғаның тәнімен бірге жаны да таза болуы шарт.
Тағы бір мәселе, баланы қарилыққа беруден алдын оның жаттау қабілетін де ескеру қажет. Құран шәкірттен жаттау қабілетті талап ететін кітап. Кейбір ата-аналар жаттау қабілеті әлсіз балаларын қарилыққа береді. Соңында, ол бала бірнеше жылдар жүріп мақсатқа толығымен жете алмайды. Бұл, әрине, ата-ананың да, баланың да көңілін түсіретін жағдай. Сондықтан, баланың жаттау қабілеті ең маңызды факторлардың бірі деп ойлаймын.
Сондай-ақ, кей кезде шәкірттің зейіні, жаттау қабілеті Құранды оқи келе, жаттаған сүрелері көбейген сайын артатын кездер де болады. Сондықтан, тағы да қайталап айтамын, Құранды көп оқи беру арқылы қари-шәкірт мақсатына жақындай түседі. Әрине, басқа да тәжірибелік мәні бар кеңестерді ары қарай жалғастыра беруге болады. Алайда, қари болуға ниеттенген бала ұстаздың алдына барғаннан кейін күнделікті қосымша кеңестер мен нұсқауларды алып отырады.
Біздің ислам ғылымдарының ең негізгі ерекшелігі – оның сенімді силсиламен (сәнәд), айқын тізбекпен жалғасып, ұрпақтан ұрпаққа тапсырылып келуі. Мұның негізгі айғағы ретінде, Құранды бүгінге дейін жеткізіп келе жатқан әр буындағы қарилар тізбегінің, силсиласының сақталуын айта аламыз. Мұндай артықшылықты Алла Тағала басқа дін өкілдеріне, олардың қасиетті кітаптарына нәсіп етпеген. Осы тізбекті сақтай отырып қари-ұстаздың қари-шәкіртіне беретін, аманаттайтын рұқсатын «ижаза» деп атаймыз. Қаридың «ижаза» алуы ол қаридың Құранды Пайғамбарымыз саллаллаһу алайһи уә сәлләм оқығандай әрі үйреткендей үлгіде оқи алатынын растайды. Егер Құранды пысықтап жаттап, әрбір әріпті мәнерлеп яғни тәжуидпен аталған үлгіде оқуды меңгере алмаса, ол қариға ижаза берілмейді. Себебі, бұл Құран Алланың мұсылмандарға тапсырған аманаты. Ал аманатқа қиянат ету – екіжүзділіктің белгісі.
– Мазмұнды сұхбатыңызға рахмет!