Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

БАС МҮФТИ: ОРАЗА АЙТ – ЖОРАЛЫ ЖҰРТЫМЫЗДЫҢ ТӨЛ ДІНИ МЕРЕКЕСІ

0 2  338
Серікбай қажы ОРАЗ, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

 

Бисмиллахир-Рахманир-Рахим!

Ер-Түріктің қарашаңырағының иесі – Қазақ халқының Хақ дінді қабылдағанына ұзын-ырғасы мың жылдан астам уақыт болды. Осы мың жылдан астам мезгілдегі тарих қабаттарында мұсылмандық құндылықтар мен ұлттық салт-дәстүрлер астасып-қойындасып, бір-бірімен біте-қайнасты. Оның жарқын дәлелі – Алланың шариғатындағы бұйрық-тыйымдар мен өзге де құндылықтарды бүгінде Алаш баласы өзінің рухани меншігі мен төл дүниесіне айналдырып үлгерді. Соның бірі – отыз күнгі оразадан кейінгі дүйім жұрттың арқа-жарқа болып тойлайтын діни мерекесі – Ораза айт десек сірә қателеспейміз.

Мұсылман үмбеті отыз күн оразадан кейінгі Шәууал айының алғашқы үш күнінде Ораза айт мерекесін тойлайды. Нағында, Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бастамасымен мұсылмандар алғаш рет Ораза айт мерекесін хижраның екінші жылы (624 жылы) атап өткен еді. Бізге жеткен салихалы деректерге қарағанда, Исламға дейін Мәдина халқының әрбір жылы тойлайтын екі мерекесі болған. Хақ Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударғанда, ондағы Әус пен Хажраж арабтары тойлайтын мейрамдарды көріп: «Бұл қандай мереке?» – деп жөн-жосығын сұрайды. Мәдиналықтар: «Жаһилиет дәуірінен бері тойлап келе жатқан мерекеміз» деп жауап береді. Жақсылық жаршысы болған Хақ Елшісі: «Алла Тағала сіздердің бұл мерекелеріңізді Фитр (ораза айты) және Адха (құрбан айты) етіп өзгертті» (Әбу Даут: 1134. Насай: 1556.) деп, үмбетіне мұсылмандық нақыштағы қос мерекенің негізін салып береді.

Иә, Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) осы хадис-шарифіндегі «Фитр мерекесі» отыз күн оразадан кейінгі «Ораза айт мерекесі» еді. Осылайша Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) жол салуымен ескі мейрамдар жаңа илаһи қос мереке – Ораза айт және Құрбан айтпен алмастырылды.

Ораза айттың «Фитр мерекесі» аталуының себебі: мұсылман қауымы Рамазан айының соңына дейін пітір садақасын береді. Мәлики, Шафиғи, Ханбали мәзһабтары бойынша пітір садақасын беру – парыз. Ал, Ханафи мәзһабында пітір садақасын тарату – уәжіп. Жұмырбасты мұсылман баласы үшін аса жауапты саналған осы амалдың құрметіне бұл мереке – «Фитр» деп аталған.

Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өз хадис-шарифінде:

«Мерекеңізді тәкбірмен (намаз) безендіріңіз» (Ибн Мажа, Табарани) деп,

мұсылман үмбетін Ораза айтта екі бас намаз оқуға шақырған. Хақ Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) және сахабалардың Ораза айт намазын қалай оқығандығы жөнінде Әбу Сайд Худри: «Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Фитр (ораза айт) және Адха (құрбан айт) мерекесі күндері Мусаллаға баратын (Мәдинаның сыртындағы алаң). Онда көпшілікпен бірге намаз оқитын. Намаздан кейін жамағатқа уағыз-насихат айтатын еді» (Әбу Дауд ІІ, 225) – дейді.

Ханафи мәзһабының ғұламалары Құран-Кәрімнің Кәусар сүресіндегі:

فَصَلِّ لِرَبِّكَ
«Сондықтан, айт намазын оқы…» (Кәусар, 2)

деген аятты Ораза айт және Құрбан айт намазын оқуға жасалған ишара деп біледі. Сол себепті де, Ханафи мәзһабында Ораза айт намазын оқу уәжіп саналады. Ал, Шафиғи мен Маликиде сүннет муәккада (уәжіпке жақын сүннет), Ханбали мәзһабында парыз-кифая үкімі берілген (Тажрид-и Сарих, 367). Фиқһ кітаптарындағы үкім бойынша Ораза айт намазы күн найза бойы көтерілген сәске (күн шыққаннан кейін қырық бес минут өткен соң) мезгілде мешіттерде оқылады.

Мәшһүр ғұлама Имам Ғазали өз шығармасында:

«Ораза айт мерекесі күні барлық періштелер таң алакеуімде жер бетіне түсіп: «Уа, Мұхаммедтің үмбеті, оянып сыртқа шығыңыздар. Алла Тағала сіздердің барлық күнәларыңызды кешіреді», деп ораза ұстаған мұсылмандарды ізгі хабармен сүйіншілейді. Алла Тағала мұсылмандардың Ораза айт намазын оқуға мешіттерге келгенін көріп: «Сендер куә болыңдар (періштелерге). Мен оларға шексіз ризамын. Оларды кешірдім» дейді» (Имам Ғазали. Мукашатуфул-Кулуб) деген хадис-шарифтерді келтіреді.

Ораза айт күнінің қасиеті туралы Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадистер бар. Соның бірінде: «Рахмет есіктері төрт түнде айқара ашылады. Ол түндері жасалған дұға-тілек пен тәубе кейін қайтарылмайды. Ол түндер: Фитр (ораза айт) және Адханың (құрбан айт) бірінші түні, Барағат және Арафа түндері» (Исфахани) – деп айтылған. Сондай-ақ, Уахаб ибн Мүнаббихтің жеткізуіне қарағанда Алла-Тағала жұмақты осы Ораза айт күні жаратып, Туба (жаннаттағы өсімдік) ағашын осы күні еккен. Жебірейілді (ғ.с) де осы күні пайғамбарларға уаһи түсіретін періште ретінде таңдаған. Перғауынның сиқыршыларының тәубасын да осы күні қабыл еткен. Осы күні Ібілістің әскерлері бас қосып: «Сіз неге көңілсізсіз?», деп сұрағанда, Ібіліс: «Алла Тағала бүгін мұсылмандарға кешірім берді. Енді оларды қайтадан нәпсісіне бағындыру үшін жұмыс істеуіміз керек», деп мұсылман қауымының ғафу етілгеніне қатты өкінеді (Имам Ғазали. Мукашатуфул-Кулуб) екен.

Жафар бин Мұхаммедтің жеткізуіне қарағанда Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Ораза айт мерекесі күндері әдемі киімдерін киіп жүретін. Ораза айт намазын оқымай тұрып, май мен құрма жеген. Хасан ас-Сабит: «Екі айтта да Хақ Елшісі бізге әдемі киінуді, жұпар иіс себуді, жағдайға қарай семіз малды шалуды бұйыратын еді», дейді. Осы хадиске орай ғұламар мұсылмандардың Ораза айттың таң сәрісінде бой дәрет алып, тістерін тазалап, мұнтаздай таза һәм әдемі киімдерін киіп, намаздан бұрын садақа беріп, мешітке барып уағыз-насихат тыңдаудың мустахаб (сүйікті) амал екенін айтады.

Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) көзі тірісінде кең көлемде аталып өтілген Ораза айт мерекесі кемеңгер төрт халифа – әзіреті Әбу Бәкір, әзіреті Омар, әзіреті Осман, әзіреті Әли дәуірлерінде, одан кейінгі Омая мен Аббаси және Осман кезеңдерінде де дүйім мұсылман үмбетінің ардақты мерекесіне айналды. Төл тарихымызға келер болсақ, Мәураннахр өлкесінде құрылған Самани, Қарақан, Ғазнауи, Хорезм шах мемлекеттерінде өмір сүрген мұсылман ғұламаларының кітаптарында Ораза айт туралы мәліметтер көптеп кездеседі. Алтын Орда және Қазақ хандығы дәуірінде Ораза айт мерекесі көшпелі Қазақ қоғамының төл діни мерекесі болып бекіді.

 

Түйін

Отыз күн ауыз бекіткен ағайынның Ораза айт күні пейілі періштедей пәк күйге бөленіп, кеудесі Хақ шұғыласына малынады. Берекелі шақта бір-біріне деген жылуар сезімі атқақтап, «Айт құтты болсын!» деп алғыс-тілек айтып, ақ түйенің қарнын жарып, арқа-жарқа болып, ұлан асыр той жасайды. Халқымыз Ораза айт күні жетімді жебеп, жесірін жұбатып, пақырға пана болып, мүсәпірге ақ дастарханын жаяды. Кең пейілі дариядай тасыған жұрттың Ораза айтында көңіл тұтастығы артқан үстіне арта түседі. Олай болса, Алла Тағала халқымызды осындай қуаныштан айырмасын, әрдәйім айттан айтқа аман есен жетіп, ұлтымыздың мерейі тасып, бірлігі мен тірлігі арта берсін деп тілейміз! Әмин!

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.