Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Некенің шариғи шарттары қандай?

0 12  039

Жер жаралып, су аққалы адам баласымен бірге жасасып келе жатқан Неке мәселесі – заман өткен сайын, қоғамдық қатынастар көбейіп, өркениет пен мәдениет дамыған сайын күрделене түсетін құбылыстардың бірі. Сондықтан да бұл тақырып ешқашан маңыздылығын жоймайды. Осы орайда, дініміздегі некенің шариғи шарттары жөнінде “Сәдуақас қажы Ғылмани” мешітінің наиб имамы Әділ Агитаевтан  алған сұхбатымызды ұсынамыз.

– Некенің шариғи шарттары қандай?

– Неке сөзінің негізі – никах деген араб сөзі. Тілдік мағынасы бірігу, қосылу, яғни төсек жақындығында болу  дегенді білдіреді.

Шариғаттағы терминдік мағынасы – ер мен әйелдің төсек жақындығын адал ететін, әрі ортақ өмір кешіп, ортақ ұрпақ жалғастыруларын қамтамасыз ететін  келісім-шарт. Ислам дінінің заңнамасы – шариғатта үйленудің үкімі бекітілген сүннет, яғни Пайғамбар (с.а.с.) істеген іс.

Некенің өзіндік парызы мен шарттары бар. Олар некенің толық болуы үшін өте маңызды. Некенің парызы төртеу, оны рүкін деп атайды: ижаб, қабыл, куә, мәһір.

Мысалы, жігіт қызға «маған тұрмысқа шық» десе, бұл алғашқы айтылып тұрғандықтан ұсыныс – ижаб, ал қыз «шығамын» деп разылығын білдірсе екінші айтылып тұрғандықтан қабыл алу – қабул болып саналады.

Үйленуде екі жақтың разылығы керек, мұнсыз неке жүзеге аспайды. Ал, ұсыныс пен қабыл алу ішкі разылықтың көрінісі.

 – Некенің дұрыс болуының шарттары қандай болады?

– Қиылған некеден шариғат үкімдерінің туындауын қамтамасыз ететін шарттар некенің дұрыс болуының шарттары деп аталады. Аталған шарттардың бірі кем болған жағдайда Әбу Ханифа мазһабы бойынша неке дұрыс болып саналмайды. Некенің шариғатқа сай болу шарттары төмендегідей:

Біріншіден, некелесуге рұқсат етілген жандар. Яғни, үйленуге рұқсат етілмейтін туыс, сүтбауыр, біреудің әйелі немесе апалы-сіңлілі екі қызды бірдей алу сияқты жағдайлардың орын алмауы.

Екіншіден, үйленетін жандар өмірлік некені мақсат етулері тиіс. Шариғат бойынша уақытша үйлену, шартты түрде үйлену некеге жатпайды.

Үшіншіден, куәгерлік. Қиылған неке дұрыс болу үшін куәгердің болуы шарт. Бұл мәселеде мазһаб имамдары арасында талас жоқ. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде:«Өкілсіз және екі әділетті куәгерсіз неке қиылмайды», – деген. Куәгерлікке ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған екі мұсылман ер немесе бір ер, екі әйел кісі жарайды.

Төртіншіден, екі жақты разылық. Егер екеуінің бірі зорлықпен үйлендірілсе неке дұрыс болмайды. Бұл жайында Айша анамыздан (р.а.) мынадай бір риуаят жеткізілген: «Бірде маған бір бойжеткен келіп: «Әкем мені жанұяның беделін көтеру үшін өзім ұнатпаған адамға тұрмысқа берді», – деп шағымданды. Мен оған: «Пайғамбар (с.а.с.) келгенше отыра тұр», – дедім. Пайғамбар (с.а.с.) келген соң оған мән-жайды айттық. Ол (с.а.с.) қыздың әкесін шақыртып алды да, таңдау еркін қызға берді. Сонда бойжеткен қыз: «Шынында мен әкемнің ісіне разы едім. Тек әйелдерге әкелердің билігі жүрмейтіндігін анық білгім келіп еді»,  деді. (Имам Ахмет риуаяты). Демек, бір адамды зорлықпен үйлендіру дұрыс емес.

– Сәлиқалы сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Sunna.kz порталы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.