Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Оразбек САПАРХАН: KFC жегім келеді

0 13  403

Бірге тұрғанбыз. Мамлюк имамның телефоны уацап желісінен хабарлама келіп жатқанын ескертіп бебеулей жөнелді. Ашып көрген имамның жүзінен қуаныш лебі есті.

Қасында тұрған мен қуанышының себебін сұрадым.

Ұзақ жылдар бойы Елорданың діни өмірінде табысты қызмет жасап жүрген Мамлюк ағамыз әңгіме арқауын ағытты…

Бірнеше күн бұрын Алматыда ұзақ жылдан бері алғашқы сыныптарды оқытып жүрген туыс қарындасы телефон шалыпты…

– Аға, менің екінші сыныпта оқитын оқушым бар еді. Сабақты өте жақсы оқиды.

– Иә.

– Сол оқушым Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына порталмен емделуге кеткен…

– Алла шипасын берсін.

– Рахмет!

– Бір өтінішпен хабарласып тұр едім… Әлгі оқушымның көңілін сұрап анасына хабарласқан болатынмын. Анасы «Барлығы жақсы. Тек кішкентайымның бір өтінішін орындай алмай ыңғайсыз жағдайда қалып отырғаным болмаса» деп мұңайғанын білдірді.

– Қандай өтініш екен?

– Қызы «Анашым, менің KFC жегім келеді. Өмірімде бір рет те KFC жеп көрмеппін» деп айтқан екен.

– Онда анасы неге алып бермеді екен? Әлде денсаулығына байланысты жеуге болмай ма…

– Ағатай, атамыз қазақта «қысқа жіп күрмеуге келмейді» деген сөз бар емес пе…

Жағдай түсінікті болды.

Тұла бойым шымырлап, бойымды сәбиге деген аяныш сезімі биледі.

«Ауырмаған кісінің Құдаймен ісі жоқ» демекші басымыз аман, бауырымыз бүтін болған соң кейде былайғы жұрттың ішінде не бар екенін ойлай бермейміз. Шын мәнінде, ағайынның бәрінің шекесі шылқып отырмағаны шындық.

Мамлюк имамның өңінен бір өзгерісті байқаған қасындағы Әділхан имам мән-жайды сұрай бастайды.

Бәрін түсінген Әділхан ағамыз «Кеттік, Мәке. Бірге барайық» деп көлігін оталдырып, ең жақын ораналасқан KFC-ге бет алады.

…Екі имам KFC-ді алып емханаға кіргенде күнделікті намазға келіп жүретін жамағаттың бірі ұшыраса кетеді. Қос имам науқас балаға сыйлық ретінде азық-түлік алатындарын айтып, емхана дүкенінің  қай бұрышта орналасқанын сұрайды. Әлгі жігіт өзі жүгіре жөнеледі. Екі имам дүкенді тапқанша жаңағы жігіт науқас балаға сок, шоколад, тағы басқа азық-түлік алып алдарынан шыға келеді. Науқас балаға тілектес екенін айтып, имамдардан бейтаныс балаға беріп жібереді.

Қос имам бүлдіршіннің анасын шақыртып, KFC-ді анасының қолына ұстатып, кішкентай сәбидің маңдайынан сүйіп «Алла шипасын берсін. Тезірек айығып кете ғой. Бәрі де жақсы болады. Жақсы күндер алдыда» деп ақжарма тілектерін жаудырып кетуге бет алады. Сол мезет көзіне жас толған ана, дауысы дірілдеп, өзіне бейтаныс болған мешіт имамдарына алғыс айтып қала береді.

Міне, бүгінгінің имамдары осындай. Кейбір бауырларымыз «татардың указной» молдаларын сынағанын Алаш зиялыларының жазбаларын сылтауратып көп сынайтын имамдардың көзге көрінбейтін, жүрек тебірентетін көп істерінің кішкентай бірі ғана.

Неше жылдан бері мешітте жүріп байқағаным, имамдер ешкімге өкпе-назын артпай, елдің бірлігі, халықтың екі дүниесінің жақсылығы үшін шыр-пыр боп жүріп, «атаның емес адамның баласы» болғысы келеді.  

ummet.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.