Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астанадағы жаңа ғимаратында «Аллаға иман», «Періштелерге иман», «Ақыретке иман», «Қазіргі сенім мәселелері» атты жаңа кітаптардың танытымы болып өтті. Аталмыш туындылар ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бастамасымен жарық көрді. Іс-шараға Түркия Республикасы елшілігінің Дін мәселелері жөніндегі кеңесшісі Галип Акын және ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің ХХІ мәжілісіне жиналған дін қайраткерлері қатысты.
Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Діни басқармада көптеген маңызды кітаптардың шығып жатқандығын, солардың ішінде қасиетті Құран Кәрімнің қазақ тіліне аударылып, таратылғанын атап өтті.
Сонымен қатар, бүгін танытымы өткен жаңа кітаптардың баспадан шығуына ұйытқы болған Түркияның Дін істері жөніндегі басқармасына айрықша алғысын жеткізіп, алдағы уақытта мұсылман жұртшылығы үшін тағы да пайдалы еңбектер шығатындығын тілге тиек етті.
muftyat.kz