Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ЖҮРЕГІМ ТАЗА ДЕП НАМАЗ ОҚЫМАСА БОЛАМА?

0 11  507
Қазіргі оқыған-тоқыған, жасы егделеген ағаларымыздың арасында мынадай бір пікір бар: «Менің жүрегім таза, көңілім пәк, намаз оқып қайтпекпін…» дейді.  Осыны естігенде намаз оқып жүргеніміз үшін ұялып қалады екенсің, бейне бір жүрегі қарайып кетіп ғибадат жасап жүрген адам сияқты. Бұған не айтасыз?

– Мұндай түсінік құлшылықтың түп мәнін жетік түсінбеуден туындайды. Намаз – тек күнәһарлар мен молдаларға ғана жүктелген жеке міндет емес, әрбір адамның мойнына жазылған асыл парыз. Құранда Алла Тағала: «Мен адамдар мен жындарды мені танып, маған ғана ғибадат етсін деп жараттым» дейді. Сондықтан құлшылық – адамзат жаратылысының негізгі мақсаты. Ал ғибадат-құлшылықтың ең ұлысы – намаз. Жүрегі таза, көңілі пәк адамдар керісінше намазды көбірек оқулары тиіс. Құлдың намаз оқуы – күнәсінің көптігі емес, керісінше, оның Құдайға бір қадам жақын екендігінің белгісі. Құранның «Бақара» сүресінің 3-аятында: «Тақуа жандар намаздарын толық орындайды»-делінсе, «Анкабут» сүресінің 45-аятында: «Шынайы намаз адамды арсыздық пен жаманшылық атаулыдан тыяды» – дейді.

Егер де намазды жүрегі кірлеген адамдар ғана оқитын болса, онда күнәдан пәк жүрегі тап-таза пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пен оның ізбасар сахабалары бес уақыт намазын қалт жібермей оқыды ғой. Алда-жала жүрегінің тазалығы үшін намаз оқымау міндет етілетін болса ол адам – Алланың елшісі Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болар еді. Пайғамбарымыз бес уақыт намазды былай қойып, түн жарымда тәһәжжуд намазын егіліп оқығанын қайтесіз!

Жүрегім таза, көңілім пәк, деудің арғы жағында аса бейғамдық, нақтырақ айтқанда тәкаппарлық жатыр. Тәкаппарлық шайтанның сипаты. Мұндай сипат бойында бар адамға жұмақ алыс. Жүрегі таза адам Алланың бұйрығын орындамауға хақысы жоқ. Ондай адамдар «жүрегім таза, көңілім пәк, күнәм жоқ» деумен-ақ күнәһәр болады.

Күнәсінің бар екенін білмеген адам  – күнәсін мойындамаған адамнан әлдеқайда жаман. Жоғарыдағы адасқан түсініктің астарында Жаратушының әмірі­не бойұсынбау, Құранның үкіміне бейғамдық таныту сияқты жаман әрекеттер жатыр. Қысқасы бұл намаз оқығысы келмеген пенденің сылтауы. Аса қатерлі құбылыс.

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.