ҚМДБ және ғұламалар кеңесінің шешімімен 2019 жылы (1439 һ.ж.) Қазақстанда Рамазан айы 6-мамырда басталады. Бүгін, яғни 5-мамыр күні құптан намазынан кейін еліміздің барлық мешіттерінде қасиетті Рамазан айының алғашқы тарауық намазы оқылады. Биыл Рамазан айы 30 күн жалғасады, 5-маусым ораза айт мерекесі. Мамырдың 31-нен маусымның 1-іне қараған түні – қасиетті Қадір түні.
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы Нұрлан Рамазанов алғашқы тарауық намазы басталмас бұрын қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткен жамағатты мүбәрәк аймен құттықтап, бұл айдың артықшылықтары туралы уағыз айтты. Сонымен қатар, ай бойы оқылатын тарауық намазына қатым ететін қариларды жамағатқа таныстырып өтті. Биылғы жылы мешітіміздегі тарауық намаздарын танымал қарилар Қайырбай Дәукен және мысырлық Елсейд Мұхаммед Ахмет Мұхаммед жүргізеді.
Жылдағы үрдіс бойынша елордалық «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітіндегі тарауық намаздарынан соң жамағат белгілі бағыттар бойынша тегін автобус қатынайтын болады.
Қасиетті Рамазан айының ауызашар асына 300 адамдық үлкен шатыр тігілді. Сонымен бірге, мешіт ауласына алты қанатты киіз үй тігілді. Оған да арнаулы қонақтарға ауызашар дастарқаны жайылады.
Ертең аталмыш орындарда Рамазанның алғашқы ауызашар асы беріледі.
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі