Бас шаһардағы құлшылық ордаларының бас имамдары мен наиб имамдары, ұстаздар қауымы мен діни сайт қызметкерлері қатысқан жиналыс барысында айт намазын өткізу жайы, жамағатқа айтылатын уағыз-насихат жұмыстары, басқа да ұйымдастырылатын іс-шаралар талқыланып, нақты тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, Елорда мешіттерінде ұлтымыздың ұлық мерекелері мен діни мейрамдарды бірнеше жылдан бері ұлттық сипатта атап өту дәстүрге айналған. Осы бір игі дәстүрді биылғы жылы жоғары деңгейде ұйымдастырып, мешіт аулаларында киіз үй тігіліп, айтшылап келген жамағатқа арнап дастархан жайылатын болмақ. Сондай-ақ, айт намазына жиылған жамағат арасында мерекелік көңіл-күй орнатып, бауырластықты арттыра түсу мақсатында ұлттық ойындар ойнатылып, жүлделі сыйлықтар беріледі. Бұған қоса, ұлық мереке аясында мешіт аулаларында қайырымдылық жәрмеңкесін өткізу де жоспарланып отыр.
Ескерте кетейік, қасиетті Ораза айт намазы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 5-маусым күні сағат 07.00-де оқылады. Басқа қалалардағы Ораза айт намазының уақыты туралы мына сілтемеден біле аласыздар!
muslim.kz