Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

СИРИЯ СЕРГЕЛДЕҢІ НЕМЕСЕ ШАТАСЫП ШАМҒА АТТАНҒАНДАР

0 1  892

Айша КЕҢЕСБАЙ, дінтанушы-журналист, Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз хатшысы

Биыл «Жусан» операциясымен Сириядағы ДАИШ ұйымының (Ирак және Шамдағы ислам мемлекеті – ИШИМ немесе ИСИМ)  аймағында болған  жерлестерді Қазақстанның  арнайы қызметі  бірнеше  кезеңмен елге жеткізгені белгілі.  Барлығы 516 адам, олардың 357-і балалар. ДАИШ тобының қол астында әлем бойынша 86 елдің адамдары болса,  сол елдер өз азаматтарынан бас тартып, тіпті кей мемлекеттер азаматтықтан шығарып тастап жатқанда қазақ елінің «Отанын тәрк етушілерді» арнайы жобамен елге қайтарып, басынан сипап, бауырына басуын әркім әрқалай бағалауда. Өз отандастарымызды айтпағанда бүкіл мұсылман елдері қазақстандық биліктің  қайырымдылығына «қайран» қалып жатыр. Осы ретте, елден жырақтап, жат жұртқа «жұмақ» іздеп кеткендер кім? Ондай қадамға баруларына не түрткі болды? деген заңды сауалдар туындайды.

Қоғамда діни алауыздық орын алмауы үшін «Қазақстан Республикасының діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданғаны белгілі. Осы бағдарлама аясында Республикамызда ақпараттық-түсіндіру тобы мемлекетте діни экстремизмді болдырмауға және халықтың діни сауаттылығын арттыру мақсатында халықпен жұмыс жасап жатыр. Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Мониторинг және талдау» орталығының ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі ретінде халықпен жұмыс жасау барысында байқағаным, соңғы 2-3 жылда деструктивті діни ағымдардың жетегіне кеткен азаматтарымыздың саны азайған. Демек, Қазақстанның діни саласындағы мемлекеттік саясаты басқа елдерге үлгі болатын нәтиже көрсетіп отыр. Тіпті әлем елдері бүгінде қазақ елінің ДАИШ-тың қол астында болғандарға рахымшылдықпен қарап, Абайдың тілімен айтқанда «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деп, арнайы «Жусан» операциясымен адасқан тағдырларды туған елмен табыстырған қадамына таңғалғандары да рас.

Осы орайда «Жусанмен» елге оралғандарды әңгімеге тарту мүмкіндігіне ие болған дінтанушы-журналист ретінде бірнеше оқиғалармен бөліскенді жөн көрдім.  Себебі, Сириядағы соғысты алқапқа арнайы аттанғандармен қатар аңдамай адасып барғандар да, тағдырдың сүрлеуімен тап болғандар да бар. Енді сондай бірнеше жағдайларға қысқаша шолу жасайық.

Мен тілдескен бір топ әйелдің біреуі дүнген, қалғаны қазақ ұлтының өкілдері болды. Арасында жоғары білімділері, елімізде беделді университеттердің түлектері, сондай-ақ үй шаруасындағы да әйелдер бар.

Топтағы ең ересегінің оқиғасынан бастайтын болсақ… Еліміздегі ордалы университетте маманданған, бірақ кейінгі уақытта төрт баласының тәрбиесімен үйінде отырған орта жастағы келіншектің күйеуі құзырлы орындарда қызмет етіпті. Ислам дінін 2002 жылдары күйеуі үйретіп, отбасында Дарын Мубаровтың уағыздарын тыңдап, Мухаммад Абдул-Уахабтың кітаптарын оқи бастаған.

«Сіз көп балалы отбасында тәрбиеленіпсіз, он баланың ең кенжесі екенсіз. Сонда сол уақытқа дейін халқымыздың дәстүрлі ұстанымы, имам ағзам Әбу Ханифа (ханафи) мәзһабы жайлы естігеніңіз бар шығар?» деген сауалға, кейіпкеріміздің ислам дінінен мүлдем бейхабар болғанын білдік. Тек күйеуінің айтуымен намазға жығылып, 2014 жылы үйлерін сатып, ата-ана, ағайын-туысқа айтпай, Сирияға «Ислам халифатында» өмір сүруге аттанған. Салдарынан 5 жыл дүрбелеңнің ішінде, соғыстың ортасында күйеуі мен жалғыз ұлынан айрылып, үш қызымен елге жеткізілді. «Сирияға сапарыңыз сізге не берді?» дегенде кемсеңдеп жылай берді, күйеуіне көзсіз сеніп соңынан боталарын жетектеп кете барған шерлі ананың  ішкі әлемі өкініштен алай-дүлей болып жатқанын аңғару да қиын емес-тін.

Ал басқа бір кейіпкер келіншек отбасымен бірге Сирияда өткізген 6 жылын – «тозақ», босқа кеткен жарты ғұмырым деп жылаумен болды. Іргелі институтта есепші мамандығын меңгерген келіншекті күйеуінің теріс әдеттедерден (ішімдік, темекі, т.б.) аулақтығы қызықтырып, оның әрбір сөзіне илануға себеп болған екен. «Отбасымда әкем анамызды жиі сабайтын. Аптасына 2-3 рет айқай-шу, ұрыс-керіс, кейін ақыры ата-анам ажырасты. Бірақ анам ешкімге тұрмысқа шықпады. Күйеуімнің ішпейтіндігі, бала кезімде көріп өскен ұрыс-керістің бізде болмауы, мұндай жаман әдеттерден аулақ болуы қатты әсер етті. Осы әдетіне жылынып, өлердей сендім» дейді келіншек.

Олардың Сирияға сергелдеңі «түнгі телефон қоңырауларынан» басталған.

«Түн жарымында күйеуіме Дархан деген танысы шетелден телефон шалып, бір нәрселерді айта бастады. Сол қоңыраудан кейін ұйқылы-ояу күйеуім өзінен-өзі дірілдеп, үрейленуді шығарды. Жиі шалынған телефонның жетегімен «Қазақстанда қала берсек, бала-шағамыз дінсіз болып, намазын да оқи алмай, хиджабын да кимей адасып кетеді» деген қорқынышпен  «Ислам мемлекетінің кереметін көру үшін  2-3 айға саяхаттап  қайту» ойымен отбасымызбен жолға аттандық. Бірақ, барғанда ғана бет алған жолымыздың бұрыстығын білдік. Бізге «Мекке, Мәдинаға білім алуға бара жатырмыз» деп айтуды талап еткеннен кейін анама өтірік айтып, алдауыма да тура келді. Бірақ кейін телефон шалып кешірім сұрадым. Біз барған соң «жанашыр шақыртушының» арбауына түскенімізді түсініп, бармақ тістеп, барынша тыныш жүріп елге қайтудың жолын қарастырып бақтық. Қанша тырыссақ та, жолын таппадық.  Осы 2019 жылы қаңтар айында үлкен қызым бомбаның астында қалды. (Көздері жасқа толған шерлі келіншек балаларының «бейшара» хәліне өзін кінәлай бастады). Қайтыс болған қызым елде жүргенде мектепте үздік еді. Өзім де кезінде оқуда озат болдым, ал қазір  9, 11 жастағы ұл мен қызымның мүлдем сауаты жоқ. Олардың осы хәліне біз кінәліміз, ойланбай елден кетіп, адасып 6 жыл емес жарты ғұмырымызды жоғалттық. «Қазақстан өз азаматтарын қайтарып алуда» деген хабарды естіген бойда мен тұтқындар лагерінен балаларымды алып, көлік келетін жерге бардым. «Көлік ертең келеді, қайта беріңдер» десе де, жатаққа барсам, қалып қоятындай қорқыныш билеп, балаларыммен нөсер жауынға қарамастан сонда түнедік. Өз елімізге келгеніміздің қандай бақыт екенін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. (Жасаураған ойлы көздерімен бір нүктеге ұзақ қарап қалды…)

Келесі кейіпкеріміз отбасымен намаз оқитын, дәстүрді дәріптеген қарапайым отбасында-ақ өскен екен. Тұрмыстық жағдайлары төмен болғандықтан ата-анасына жәрдем болсын деп небәрі 16 жасында Алматыдағы халал дәмханалардың бірінде жұмыс істейді. Сол кезде оған 1991 жылғы оралдық жігіт сөз салып, ата-анасының рұқсатымен, қазақы дәстүрмен ұзатылып, тұрмысқа шығады. Жас отбасы Алматыда 3-4 айдай бірге тұрып, күйеуі «сақалмен мені бұл жақта ешқандай жұмыс алмады» деп шетел асып кетеді. Белгілі спорт түрінен халықаралық турнирлерге қатысқан, шетелдерге жиі шыққан күйеуіне ешкімнің күмәні де болмайды. Араға 2-3 ай салып Стамбулдан телефон шалған күйеуі жақсы жұмыс тапқанын айтып, келіншегін жанына шақырады. Оған қыздың ата-анасы ұзақ уақыт келіспегенімен, «әйеліме өзім қамқормын» деген күйеу баласының сөзіне сеніп, 17-ге толар-толмас қыздарын әуежай арқылы Түркияға шығарып салады. Ана жүрегі сезгендей-ақ, сол жерде бейтаныс болса да қаны қазақ қой деп әркімге бір қызын қарайлай жүруді тапсырып әлек болған екен.

Стамбулда қаракөз келіншекті бөгде азамат күтіп алып, күйеуі орналасқан пәтерге апарады. Ол жерде 1 аптадай аялдағанда «Сені керемет бір жерге апарамын» деген күйеуінің сөзіне иланған кейіпкеріміз іштей «Күйеуім маған тосын сый жасағысы келіп тұр-ау, қандай тамаша жерге апарады екен?» деп тағатсыздана күткенін де жасырмады. Алайда автобусқа отырып, Сирия шекарасынан өткенде ғана жағдайды түсінеді. Сонда да 1991 жылғы оралдық жігіт келіншегіне «Уайымдама, барлығы жақсы болады, өзім асықпай түсіндіремін» деп иландырады. Алайда, шекарадан өткеннен кейін ерлер мен әйелдерді бөлек-бөлек алып кетеді. Содан 3-4 ай жат елде, күйеуінің жолын тосып, бойына біткен шаранасын да «түсік» тастап, жапанда жалғыз күн кешеді. Кейін «әне, келемін» деген күйеуінің Ирак асып, сонда  мерт болғаны жайлы хабар жетеді. Содан бірақ уақыт өткеннен соң аз-кем арабша білім алған ақтөбелік жігітпен некелеседі. Елге оралу үшін  барлық амалды қарастырып, «үнімізді өшіріп», тыныш жүрдік деген 22 жастағы келіншектің бүгінде екі қызы бар, тағы айы-күні жетіп отыр.

Сириядағы 5 жыл қырғынның салдарынан, жарылыстардан басы жиі ауыратынын, есте сақтау қабілетінің нашарлағанын айтты.

Сирияға барған соң бір жылдан кейін  артымнан ағам мен жеңгем келіпті. «Мені алып кетуге келген екен» деп үміттеніп едім, сөйтсем олар да алданып барған екен. Кейін  ағам мінген көлікке бомба тасталып, күлі көкке ұшты. Үйдің жалғыз баласы еді, артынан қызы ғана қалды деп өкініш білдірді.
Міне, тұрмыс-тіршілігі бір-біріне ұқсамайтын жаңдардың тағдырларын жат жердегі жалған жихадқа тоғыстырған ортақ дүние – олардың теріс діни ұстанымға ерулері еді. Сұхбаттасқандардың барлығы да тіпті Құранның өзін дұрыс оқуды білмейтін болып шықты. Сенім мәселесінде уахабизммен (сәләфизм) уланған, оның ішінде тәкфірлік ұстанымда болғандары анықталды.
«Кімді тыңдадыңыз?» дегенде барлығынан «Дарын Мубаров, шейх Халил, Ринат Қазақстани» деген есімдерді естідік, арасында Саид Бурятский де бар. «Үш негіз», «Таухид» деген кітаптарды (сәләфиттердің кітаптары) білеміз дейді, сол теріс сенімді дәріптеген кітаптағы түсініктің өзін дұрыс жеткізе алмайды. Діни сауаттары өте төмен, оның өзі теріс ағымға негізделген. Дәстүрлі ханафи мәзһабының ұстанымынан мүлдем бейхабар. «Исламға кіргенде, дінді қабылдағанда» деген сөздерді жиі қолданады.

«Біздің халық ислам дінін осыдан 13 ғасыр бұрын қабылдап, иман еткен. Кешегі кеңестік кезеңде де діннен қанша аластатуға әрекет етсе де өздерін мұсылманбыз деп өткен. Сондықтан «Исламды қабылдадым» деп өмір бойы өзге дінде немесе дінсіздің күйін кешкендей сөз саптауларыңның өзі өрескел қателік, діни сауатсыздық. «Ислам халифатына» «хижра» жасап қақпанға түскен азаматтарынан әлем елдері бас тартып жатқанда біздің елдің өз азаматтарын тастамай елге алып келуінің өзінде Қазақ халқының тектілігі, кең пейілдігі, жоғары адамгершілігі, имандылығы жатыр. Халқымыздың қанына сіңіп, дәстүріне айналған осынау ұлы қасиеттерінен жеріп, ата-ананы алдап, ағайыннан қашып жат жерден «жұмақ» іздеу ата  дініміздің әдебіне жатпасы хақ» деген сөзімізді тыңдаған келіншектер келіскендей сыңай танытты. Осындайда «тарихыңды құрметте, дәстүрлі жолдан адаспа» деген сөз қайта-қайта көкейге келе берді.

Жарқын өмірге ұмтылып жолдан тайған, кемел қоғамды армандап керең қауымға тап болған, иман аясында өмір сүремін деп, имансыздармен тіршілік етуге мәжбүр болған қаракөздердің оқиғасы осындай. Асылында сенім-нанымына еркіндік берген елін «тәрк» ету – исламға қайшы, мұсылмандыққа жат. Отанды сүю – иманнан. Дініңді дұрыс ұстанып, жайма-шуақ өмір сүру үшін ең әуелі мемлекеттің мықтылығы, Отанның тыныштығы маңызды. 
 muftyat.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.