Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Уахабилердің тағы бір қателігі

0 14  160

Таухид дегеніміз Алланы жалғыз деп есептеу. Арабтың «бір» деген сөзінен шыққан. «фағғалә» бабына салғанда «бірлеу, жалғыз деп есептеу» деген мағыналарға саяды.

Сәләфилер (уаһабилер) таухидты рубубия, улуһия және есімдер мен сипаттар таухиды деп бөліп қарайды.

  • Рубубия таухиды – жаратушы, ризық беруші, басқарушы т.б;
  • Улуһия таухиды – ғибадатымызды, дұғамызды тек Аллаға арнау;
  • Алла Тағала есімдері мен сипаттарында жалғыз деп білу.

Сәләфилердің таухидті үшке бөлу себебі – олардың «Алла» мен «раббы» сөздерінің мағынасын бөлек қарастыруларында. Имам Табари: «Рабб» сөзінүш түрлі мағына береді.

  1. Әс-Сайидуль-мутоғ (басқалар оған бағынатын адам), тәрбиеші, қожайын;
  2. Муслиху ли шайин (жөндетуші, түзетуші);
  3. Мәлику ли шайин (қожайын).

Басқа да мағыналар бар, алайда барлығы осы үш сөзге қайтады» деп көрсетеді.

Осындай көзқараста болғандықтан, олар мүшіріктердің рубубиясы дұрыс болған деседі. Себебі мүшріктер аспан мен жерді кім жаратты деген сұраққа «Алла» деп жауап береді дейді. Бұл шынымен солай ма? Негізінде, айту мен сенудің арасында жер мен көктей айырмашылық бар екенін біз білеміз. Сондықтан, мүшриктер Аллаға сенді деп айта алмаймыз. Бұған қоса, Құранда «олар айқын сенбейді» деген аяттар келеді. Демек, мүшріктер Аллаға сенбеген, олар тек аталарынан естігенді айтып жүрген.

Ал, сәләфилер мүшіріктер Алланы жаратушы деп есептеді, тек қана Алла мен араларына дәнекер қойды, сонымен мүшірік болды деп тұжырым жасайды. Мұхаммад ибн Әбдулуаһһабтың «Кашфу-шшубуһат» кітабында: «Алла оны  (Пайғамбарды) Аллаға құлшылық қылған,қажылық жасайтын, садақа тарататын, Алланы көп еске алатын қауымға жіберді. Бірақ олар Алла өздері арасында дәнекер сайлап алды. Біз олар арқылы Аллаға жақындауын қалаймыз. Олар біздер үшін шапағатшы болсын деп қалаймыз…» деген мағынадағы сөздер келтірілген.

Құран мен хадистерге үңілсек, Алла мен «раббы» сөздерінің арасында еш айырмашылық жоқ. Алла сөзі жаратушы мағынасында қолданылған. Себебі, «Алла» деген атқа лайық болу үшін кез келген зат жаратушы, құдыреті, ілімі, қалауы шексіз сияқты т.б. кемел сипаттарға ие болуы қажет. Алла Тағала құдайда болуы керек сипаттардың барлығына ие. Ол сипаттар біздің матуриди ақидасында «зәти» және «субути» сипаттар деп көрсетілген.

Сәләфилер: «лә иләһа иллалла» сөзін «Алладан басқа құдай жоқ» деп айту дұрыс емес, «лә мағбуда би хаққин» – «құлшылыққа лайық ешкім жоқ» деп аудару керек дегенді шығарды. Адам қашан бір нәрсеге табынады? Ол оған пайда, зиян тигізеді деп есептегенде құлшылық етеді. Әйтпесе құлшылық етуі мүмкін емес. Құлшылық пен Алла – екеуін бөліп қарайтын мәселелер емес. Таухидті үшке бөлуді дұрыс деп қабылдағанның өзінде, қашан адам бір затты«рабб» деп мойындаса, яғни, пайда-зиян келтіреді деп сенсе, автоматты түрде сол затқа құлшылық ете бастауы анық.  Рубубиясына серік қосса, онда басқа нәрсеге табынып кетеді. Демек, табынуы, құлшылық қылуы қайта осы рубубиядағы ауытқудан келіп шығады. Пайда-зиян келтірмейді деп оған құлшылық қылу бос нәрсе. Мүшіріктер пұттарына пайда-зиян келтіреді деп сенгендіктен, табынады.

«Алла» мен «Раббы» сөздері арасында Құран мен хадистерде айырмашылық жоқ екенін көрсететін айғақтар:

а) Алла Тағала әу баста адамзат баласынан серт алған еді. Ол жағдай бізге «әл-Мисақ» деген атаумен белгілі. Сол уақытта Алла: «Әләсту бироббикум?» яғни, «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» деп сұрақ қойған еді. Рухтар: «Әлбетте, Сен біздің раббымызсың» деп жауап қатты. Сәләфилер осы сөздерді сырып қойып, Алла деп айту жеткіліті емес дегендей болады. Олай болса Алла: «Жарайды, енді иләһтарың кім?» деген сұрақ неге қойылмаған?!

ә) Екі періште қабірде: «мән Раббук» («Раббың кім?») дейді. Мұсылман адам: «Менің Раббым – Алла» дейді. Періштелер: жарайды, мүшіріктер де Раббым Алла деген, енді сен кімге құлшылық қылдың? – деген сұрақ қойыла ма?

б)

لَوْ كَانَ فِيهِمَا آلِهَةٌ إِلَّا اللَّهُ لَفَسَدَتاَ

«Егер жер-көкте Алладан басқа да тәңірлер болса еді, әлбетте екеуі де бұзылып, кетер еді» («Әнбия», 22).

Алладан басқа «әлиһа» сәләфилерше «құлшылыққа лайықтар» дегенді «жаратушылар, басқарушылар» етіп көрсетіп отыр. Табыну мағынасында алатын болсақ, әлемдер бұзылып кетуі тиіс еді. Қазіргі уақыта Алладан өзге нәрселерге табыну кең етек жайды, бірақ әлемдердің бұзылып, жоқ болып кетуіне әкеліп соққан жоқ.

в)

مَا اتَّخَذَ اللَّهُ مِن وَلَدٍ وَمَا كَانَ مَعَهُ مِنْ إِلَهٍ إِذاً لَّذَهَبَ كُلُّ إِلَهٍ بِمَا خَلَقَ

«Алла еш бала иемденбеді. Онымен бірге тәңір де жоқ. Ондай болғанда, әрине әр тәңір өз жаратқанын алып кетер еді» («Муминун», 91).

«Әр тәңір өз жаратқанын алып кетер еді» деген сөздерге назар салсақ, «әр тәңір» (сәләфилерше «құлшылыққа лайық») деген мағынада емес, жаратушы мағынасында қолданылып отыр.

г) Юсуф зынданда болған кезінде қасындағылар түстерін жорып беруін сұрағанда, түс жормастан бұрын, былай дейді:

يَا صَاحِبَيِ السِّجْنِ أَأَرْبَابٌ مُتَفَرِّقُونَ خَيْرٌ أَمِ اللَّهُ الْوَاحِدُ الْقَهَّار

«Әй, менің абақты жолдастарым! Бөлек-бөлек раббылар жақсы ма? Немесе әр нәрсеге өктем жалғыз Алла жақсы ма?» («Юсуф», 39). Бұл жерде Юсуф «рабб» пен Алла сөзін бөлмей қарап отыр. Ал, мушіріктер табынған пұттарына «рабб» (ризық беруші т.б.) ретінде қараған. Яғни, мүшіріктердің рубубиясында ауытқу болған.

Бұл келтірілген дәледерден «Алла» мен «раббы» сөздері арасында еш айырмашылық жоқ екенін аңғарамыз.

Енді, мүшріктердің «рубуби таухиді» дұрыс болған ба? Құран аяттары мен хадистерге үңілсек, олардың сол «рубубияда» ауытқулары болғанын аңғарамыз. Қайта сол ауытқулары себепті олар Аллаға құлшылық етпей, оған серік қосты.

«Зүмар» сүресінің 3-аятындағы:

أَلَا لِلَّهِ الدِّينُالْخَالِص وَالَّذِينَ اتَّخَذُوا مِن دُونِهِ أَوْلِيَاء مَا نَعْبُدُهُمْ إِلَّا لِيُقَرِّبُونَا إِلَى اللَّهِ زُلْفَى

«Көңіл бөліңдер! Дін нағыз Аллаға тән. Сондай Алладан өзгені дос тұтқандар: “Біз бұларға, Аллаға жақындастырсын деп қана табынамыз”, – дейді».

Бұл аятта мүшіріктер Алладан басқаға табынамыз дейді. Табынамыз деген сөздің өзі қайда жатыр. Мұнысымен олар пұттарға «жақындатады» деген Алланың қабілетін телуде. Қалайша олардың рубубиясы дұрыс деуге болады?!

«Әнғам» сүресінің 80-аятында Ибраһим пайғамбар жұлдыздырға табынатын бір қауымға барғаны жайлы айтылған. Ол жұлдыздарға қарап: «Бұл– менің Раббым», – деді. Таң уақытында өшкен сәтте: «Мен бататындарды жақсы көрмеймін», – деді. Күн мен айға да қатысты солай болады. Соңында: «Бұларға менің еш қатынасым жоқ», – дейді. Қауымы онымен тартысты. Ибраһим:

وَحَاجَّهُ قَوْمُهُ ۚ قَالَ أَتُحَاجُّونِّي فِي اللَّهِ وَقَدْ هَدَانِ ۚ وَلَا أَخَافُ مَا تُشْرِكُونَ بِهِ إِلَّا أَن يَشَاءَ رَبِّي شَيْئًا ۗ وَسِعَ رَبِّي كُلَّ شَيْءٍ عِلْمًا ۗ

«Елі онымен тартысқа кірісті. «Мені рас тура жолға салған Алла жайында менімен таласасыңдар ма? Мен сендердің Оған ортақ қосқан нәрселеріңнен қорықпаймын. Бірақ Раббым не нәрсе қаласа (болады)», – деген.

Бұл жерде Ибраһим мүшіріктердің серік еткендерінен қорықпайтынын айтып, олар болса, пұттардан қорқатынына меңзеген.

Һуд қауымы да пайғамбарымен таласып былай дейді: «Біздің құдайларымыз (әлиһатуна) зиян тигізді». Бұл сөздерімен мүшіріктер пұттардың пайда-зиян келтіретінін айтқан.

Мүшіріктер Аллаға иман еттік деп айтпайды. Ибраһим: «Не мынау табынып жатқандарың?», – дейді. Олар: «Ата-бабаларымызды оларға табынған күйде таптық», «Сен бізге ақиқатты әкеліп тұрсың ба?», «Ойнап тұрсың ба?» сынды уәждерін келтірді.

Ибраһим:

قَالَ بَلْ رَبُّكُمْ رَبُّ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ الَّذِي فَطَرَهُنَّ وَأَنَا عَلَىٰ ذَٰلِكُمْ مِنَ الشَّاهِدِينَ

«Олай емес. Негізінде сендердің Раббыларың – көктер мен жердің Раббы; соларды Ол жаратты. Сондай-ақ осыларыңа айғақ болушыларданмын”, – деді» («Әнбия», 56). «Бәл» сөзі «керісінше» деген мағына береді. Ибраһим оларға «сендердің Раббыларың» деп оларды түзетуде. Мүшіріктер пұттарын өздеріне «раббы» етіп алған. Қалайша олардың рубубиясы дұрыс деп айтуға болады?!

«Ясин» сүресінің 78-аятында бір мүшірік келіп,

وَضَرَبَ لَنَا مَثَلًا وَنَسِيَ خَلْقَهُ قَالَ مَنْ يُحْيِي الْعِظَامَ وَهِيَ رَمِيمٌ

«Олар өз жаратылысын ұмытып, Бізге мысал берді: “Міне шіріген сүйектерді кім тірілтеді?”,- деді».

«Уақиға» сүресінің 47-48 аяттарында:

وكانوا يقولون اءذا متنا وكنا ترابا عظاما اءنا لمبعوثون *او اءباؤنا الاولون

«Өліп, топырақ және сүйектер болсақ та шын тірілеміз бе?”, – дейді. «Бұрынғы аталарымыз да тіріле ме?», – дейді» делінгені жайлы айтылған. Енді біреулері бізді өлтіретін тек уақыт дейді.

Рубубиясы дұрыс болса, қалайша олар осындай сұрақтарды қояды?! Алланың құдіретіне шәк келтіріп тұр емес пе? Алланың қайта жарату құдіретін жоққа шығарған. Неге біз оның рубубиясы дұрыс болған деп, кей мұсылмандардан мүшіріктерді жоғары қоямыз?!

Демек, таухидты үшке бөлу, мүшіріктердің рубуби таухиді дұрыс болды деу – негізсіз.

Қанат Мұқанғалиұлы Алшынбаев

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.