Бүкіл мақтау Әлемдердің Раббысы болған Аллаға тән. Алланың сүйіктісі, адамзаттың абзалы, ақырзаман Пайғамбары Мұхаммедке (с.ғ.с.) Алланың сәлемі және рахметі болсын!
Алла Тағаланың адам баласына берген нығметтері өте көп.Оның әрқайсысына шүкірлік білдірмек түгілі,тіпті санын санап шығу да мүмкін емес. Алланың адам мен жынға жасаған ең үлкен жақсылығы – ол адамзаттың арасынан таңдап,ақырзаман пайғамбарын жіберуі. Ол ақырзаман пайғамбары Алланың сүйіктісі, таңдаулысы, әзіз құлы Мұхаммед Мустафа (с.ғ.с.) Ол арқылы Алла адам мен жынды қараңғылықтан жарыққа шығарды. Дүниенің түнегімен ахиреттің қасіретінен құтқарды. Ол арқылы Алла өз қалауын білдіріп, дінін бекітті. Өзін танытты. Жалған мен шындықтың, дұрыс пен терістің жақсы мен жаманның арасын ажыратты. Есі кеткендерге ескертті, тәубе қылып, құлшынғандарды қуандырды.
Әлбетте, бұл Алланың үлкен жақсылығы. Тарихта кімге болсын соған ақырзаман Пайғамбарының артынан ілесу нәсіп бола бермеген. Ол бір ерекше Алланың сүйген пенделеріне берген нығметі. Бұл жақсылықтың зор екендігі сол Құранда Алланың өзі иман келтіргендерге осы ісін артығырақ айтып міндет қылады.
«Расында, Алла Тағала мүміндерге қамқорлық етіп, олардың ішіне өздерінен, оларға Алла аятын оқитын, оларды тазартатын және оларға Кітап, хикмет үйрететін Елші жібергенін міндет етеді. Өйткені, олар бұрын ашық адасуда еді» («Әли-Имран», 164 аят).
Иә, Алланың мұндай жақсылығы бүгінде де екінің бірінде емес. Неше түрлі бай-бағыландар, патшалар, ақылды кісілер мақұрым қалып жатыр. Тәйірі, біздің олардың қай жеріміз артық?! Алла сүйді, таңдады, тілімізді калимаға келтіріп, сүйіктісі Мұхаммед (с.ғ.с.) соңынан ілестірді. Түсінсек, әлбетте бұл үлкен нығмет.
Осы үлкен нығметтің шүкірлігі, ол Алланың Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігіміз. Ол кісінің соңынан айна-қатесіз ілесуіміз екен.
Алланың Құранда мынандай ғажап бір сөзі бар: «Расында Алла, Пайғамбарға рахмет етеді. Және періштелер салауат айтады. Әй Мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер» (Ахзаб сүресі, 56-аят).
Бұл аятта салауат сөзі үш мәрте қайталанады. Суфиан Саури бұл аятта Алланың салауаты ол рахметі, Періштелердің салауаты – ол кешірім дұға етуі деп түсіндіреді. Жалпы аяттың мағынасы ол пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың алдында дәрежесінің биіктігін көрсетеді. Алла мейірім төгуді алдымен өзінен бастайды. Муқаррабин періштелер, жалпы көктегілер ол кісі үшін дұғалар оқиды. Кешірім тілейді. Бұл Оның (с.ғ.с.) көкте қаншалықты құрметті екендігін білдіреді. Алла осы аят арқылы сол қадірмен құрметтің жерде де болғанын қалайды. Сол себептен де аяттың жалғасында ол кісінің жер мен көкте абыройы бірдей болуы үшін Алла мүміндерге бұйрық райда: «Мұхаммад (с.ғ.с.) арнайы түрде салауат айтыңдар» – деп, әмір етеді (Ибн Касир тафсірі).
Мұхаммед (с.ғ.с.) салауат айту шариғатта уәжіптік күші бар амал. Ол діндегі құлшылықтың бітіспес бір бөлшегіне айналған. Намазда, қажылықта, Құран оқығанда, сөз бастағанда, аяқтағанда, мәжілісте, мешітке барарда, қатты күйзелгенде, Алладан кешірім сұрағанда, үйге кірерде, бір нәрсені ұмытып есіне түсіре алмағанда, құда түсерінде, ұйықтағанда, ашуланғанында, Алланы еске алғанында т.б. өмірдің қай жағдайында болса да, Алланың Елшісін (с.ғ.с.) еске алып, оған салауат айтуымыз тиіс екен. Әлбетте ол кісіге салауат айтуымыз ол кісінің бізге мұқтаждығын білдірмейді.Керісінше біздің сол салауат арқылы дәрежеміз көтеріледі. Үлкен сауапқа кенелеміз. Қиямет күні Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағатына ие боламыз.
Салауаттың сан қырлы пайдасы көп. Оның қадір-қасиетін бағамдау үшін, ең негізгі пайдаларына жіті тоқталсақ:
1)Алланың сүйгенін сүйіп, көңілін табасың,оның әмірін орындайсың.
«Расында Алла, Пайғамбарга рахмет етеді. Және періштелер салауат айтады. Әй Мүміндер! Оган салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер» («Ахзаб» сүресі, 56-аят).
2) Қияметтің қиын күнінде әркім өз басымен әлек болады. Сол күні Алланың мейірімі Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ерекше ауады. Оның дұғасымен есеп бастайды. Оның шапағатымен кейбір қалаған құлдарының күнәсін кешіреді. Міне осы күні Алланың мейіріміне жету үшін қайсымыз Алланың Елшісіне жақын тұрғысы келмейді. Әлбетте адам мен жынның бәрі де ол кісінің жанында тұруды аңсайды. Кім тірі кезінде неғұрлым көбірек салауат айтса, ол қиямет күні соғұрлым Алланың Елшісі (с.ғ.с.) жақын тұрады.
«Қиямет күні Маған ең жақын адам-Маған ең көп салауат айтқаны». Хадисті Имам Тирмизи риуаят етті.
3) Алла өзі сүйген пендесіне игілік тілегенді жақсы көреді. Сол үшін Алланың Елшісі (с.ғ.с.) бір рет жасалған дұға, Алладан он есе мейірім болып қайтады. «Кім маған бір рет салауат айтса, оған Алланың рахметі он есе жауады». (Хадисті Имам Муслим риуаят етті).
4) Он күнәні жояды.
5) Он есе сауапты нәсіп етеді.
«Кім Маған бір рет салауат айтса, Алла Тағала оған он рет рахмет жолдайды, оның он күнәсі кешіріліп, он дәрежесі көтеріледі». (Хадисті имам Насай риуаят етеді).
6) Он есе дәреженді көтереді. Бұған Абу Дардадан жеткен мына хадис дәлел: «Менім үмметімнен қайсысы шын ықыласымен маған бір рет салауат айтса, Аллаһ Тағала оған он рет рахмет жолдайды, оның он есе дәрежесін көтереді. Оған он сауап жазып,он күнәсін кешіреді». Хадисті имам Насай риуаят етеді.
7) Сенің уайымыңды кетіріп, ісіңді оңайластыруға Алланың өзі жеткілікті болады. Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) бір сахаба: «Мен бүкіл дұғамды сізге ғана арнасам қалай болады?- деп, сұрағанда, Ол (с.ғ.с.); «Егер солай істесен, әлбетте Алла сенің дүниедегі де ахиреттегі де қажеттілігіңді өтеген болар еді» . – деп жауап берді. Хадисті имам Ахмад риуаят етеді.
8) Ол дұғаның кілті болады. Омар ибн Хаттаб (р.л.ғ.) айтады: «Пайғамбарыңа салауат айтпайынша, дұғаң аспан мен жердің арасында бөгеліп, көтерілмей тұрады». Хадисті Омар ибн Хаттабтан (р.л.ғ.) Имам Тирмизи риуаят етті.
9) Ол дұға қылудың негізгі тәртібі. Расулулла (с.ғ.с.) намазда Алла Тағалаға мақтау, Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтпай дұға еткен кісіні естіп: «Бұл асығыстық жасады» , – деді. Кейін оны біреуге шақыртып алып: «Егер біреулеріңіз намаз оқыса, алдымен Раббысын ұлықтап, Оған мадақ айтсын, кейін Пайғамбарына (с.ғ.с.) салауат айтсын. Одан кейін қалағанынша дұға ете берсін», – деп бұйырды». Хадисті Фадала ибн Абидтен (р.а.) Имам Тирмизи және Имам Әбу Дауд риуаят етті.
10) Ол дұғаны мүлтіксіз қабыл еткізеді. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Алланы мақтап, Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) салауат айтқан бір кісінің сөзін естігеннен соң, енді сен сұра, сұрағаның беріледі. Дұғаң қайтарылмайды деді. Хадисті имам Насай риуаят етеді.
11) Ол Пайғамбардың шапағатына себепкер. «Егер сендер азаншының даусын естісеңдер, ол айтқанды қайталаңдар. Сосын маған салауат айтыңдар. Кімде-кім маған салауат айтса, Алла оған он есе рахметін төгеді. Сосын Алладан мен үшін уасиланы сұраңдар. Ол ақиқатында жаннатта тек Алланың құлдарының бір құлына ғана нәсіп болар жай. Мен әлбетте сол Алланың сүйген құлы болармын деп үміт етемін. Кімде-кім мен үшін уасиланы сұраса, оған менің шапағатым нәсіп болады. Хадисті Әбу Дауд риуаят етеді.
12) Ол Күнәнің кешіріміне себепкер. «Бір кісі Алланың Елшісіне (с.ғ.с.): «Мен сіз үшін бүкіл дұғаларымды арнасам қалай болар екен? деді. Алланың Елшісі (с.ғ.с.): Егер сен олай істеген болсаң, сенің бүкіл күнәларың кешірілген болар еді», – деді.
13) Ол арқылы Алла сенің қажеттілігіңді өтеген болар еді. Абдулла ибн Амр ибн Ас айтады: «Бір кісі: Я, Алланың Елшісі (с.ғ.с.) азаншылардың абыройы бізден асып кетті. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Сен олардың айтқанын қайтала, біткен соң сұра, тілегің беріледі». Хадисті Әбу Дауд риуаят етеді.
14) Ол әрбір жиналысты көркемдейді. Қиямет күні өкініште қалдырмайды. «Қандай бір қауым Алланы еске алмай, Пайғамбарға салауат айтпай, жиналыс жасаса, олар сол үшін қияметтің күнінде қиыншылыққа ұшырайды. Алла қаласа оларды кешіреді, қаласа азаптайды». Хадисті имам Тирмизи риуаят етеді.
15) Ол сені сараңдардың сараңы деген аттан құтқарады. «Қасында Менің атым аталып, Маған салауат айтпаған адам – анық сараң». Хадисті Имам Тирмизи риуаят етті.
16) Ол сені тұмсығы жер сүзген, яғни Алланың мейірімінен құры қалған құлдардың қатарында қалдырмайды. «…Жебірейл (ғ.с.): «Қасында Сенің атын аталған кезде саған салауат айтпаған адамның мұрны жер сүзсін» -деді. Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Мен амин деп айттым» деп жауап берді. Хадисті Имам Тирмизи риуаят етті.
17) Ол егесін жаннаттың жолынан адастырмайды. «Кімде-кім маған салауат айтуды есінен шығарса, ол жаннатқа барар жолынан шатасты». Хадисті Ибн Мажа риуаят етеді.
18) Ол егесін бақытсыздықтан құтқарады. «Қасында Менің атым аталып, Маған салауат айтпаған адам ол қасіретке шалдыққан бақытсыз кісі». Хадисті Имам Табарони риуаят етті.
19) Ол арқылы Сенің есімін арнайы аталып, Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) жеткізіледі. «Үйлеріңді қабірге айландырмаңдар. Әрі, Менің қабырымды мейрам (яғни, ғибадат) ету орнына айландырмаңдар. Маған салауат айтыңдар. Себебі, сендер қайда болсаңдар да, салауаттарың Маған жетеді». Хадисті Әбу Дауд риуаят етеді.
20) Сенің айтқан әрбір сәлемін үшін Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) өзі жауап береді. «Сендердің бірің Маған сәлем айтатын болса, оған сәлем қайтаруым үшін Алла Тағала Маған жанымды қайтарады (яғни, тірілтеді)». Хадисті Имам Әбу Дауд риуаят етті.
21) Періштелердің сен үшін жасаған дұғасына лайықты боласың. «Қандай бір мұсылман маған салауат айтса, періштелер ол кісіге дұға етеді. Қаласа ол кісі көбейтсін, қаласа мейлі аз айтсын».
Хадисті Ибн Мажа риуаят етеді.
22) Оның ең көп айтылатын күні жұма күні болуы керек екен. «Сендер үшін ең абзал күн – жұма. Жұма күні Адам ғ.с. жаратылып, жұма күні жан тапсырды. Жұма күні Қиямет күні басталуының белгісі болған сұр үріліп, қатты дауыс шығады. Ендеше сол күні Маған салауатты көп айтыңдар. Себебі, сендердің салауаттарың Маған жетеді», – деп айтқан уақытта адамдар: «Я, Расулулла (с.ғ.с.)! Сіз топыраққа айналсаңыз, біздің салауаттарымыз Сізге (с.ғ.с.) қалай жетеді?», – деп сұрады. Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Аллаһ Тағала Пайғамбарлардың денелерін шірімейтін еткен» – деп жауап берді». Хадисті Имам Әбу Дауд риуаят етті.
Пайғамбарға салауат айтуды бұдан басқа игіліктері көп. Ол арқылы еселеп жауған Алланың мейірімі ісінді оңайластырады. Кедейліктен, қиыншылықтан, аурудан, мұқтаждықтан құтқарады. Жүрегіне нұрды, өміріне берекені, игіліктерді алып келеді. Қияметтің машақаты, қабір азабы, махшар, мизан таразысы, сират көпірі, тозақ азабы сияқты ауыртпалықтан арашалап алады. Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С салауат айтудың түрлері де көп. Бірақ ішіндегі ең әйгілісі Имам Бухаридің хадис кітабында келген мына түрі:
اللهم صل على محمد وعلى آل محمد كما صليت على إبراهيم وعلى آل إبراهيم إنك حميد مجيد ، وبارك على محمد وعلى آل محمد كما باركت على إبراهيم وعلى آل إبراهيم إنك حميد مجيد
Аллаһ сіз бен біздерге Мұхаммедке (с.ғ.с.) лайықты үмметі болуды нәсіп етсін!
Алмас Кенжемолдаев
Ihsan.kz