Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Не істер едіңіз?

0 3  116

Сізге дәрігер:  «Жер бетінде  алты айлық қана өміріңіз қалды десе не істер едіңіз? Сіз үшін бұл хабар әрине аспаннан жай түскендей болар еді, бірақ сіз үшін бұның жақсы қыры – өмірдің мәніне қатысты ақиқат көзіңізді ашар еді. 

Сол санаулы күндерді сіз кіммен өткізер едіңіз? Қалай өткізер едіңіз? Қандай амалдарды жасауға ұмтылар едіңіз? Кімге жақын, кімнен алыс болар едіңіз? Бұл жауаптарға шынайы жауап берсеңіз сіз үшін ақиқат есігі ашылар еді. Жасалмай жүрген құлшылықтарыңыз, біреуге айтқан ауыр сөздеріңіз, нәпсіге еріп жасаған күнәларыңыз баршасы алдыңыздан шығар еді. Сол кезде маңызды істердің ішіндегі ең маңыздысын бірінші орындар едіңіз. Адам табиғаты осылай, іс насырға шапқанда бірақ қолға алады, амал ете бастайды. Оған дейін уақыттың қадірін,  сағаттап бос кеткен ғұмырына қам жемейді.

Әр минутымызды жоғары бағалап, тиімді жоспарлағанда ғана рухани, материалдық байлыққа қол жеткізе аламыз. Дүниені қайтаруға шамамыз келгенмен, уақытты қанша дүние жұмсасақ та қайтара алмаймыз. Бұл ақиқат.

Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде уақыттың ерекше мәнге ие екені жайында көптеген аяттар бар. Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَسَخَّرَ لَكُمُ الشَّمْسَ وَالْقَمَرَ دَائِبَيْنِ ۖ وَسَخَّرَ لَكُمُ اللَّيْلَ وَالنَّهَارَ * وَآتَاكُم مِّن كُلِّ مَا سَأَلْتُمُوهُ ۚ وَإِن تَعُدُّوا نِعْمَتَ اللَّهِ لَا تُحْصُوهَا ۗ إِنَّ الْإِنسَانَ لَظَلُومٌ كَفَّارٌ

«Өз шеңберінен жазбай әрі тынбай айналатын күн мен айды да сендерге бағындырды. Сондай-ақ, түн мен күндізді де сендерге бағындырып қойды. Ол сендерге өзіне сұраған нәрселердің барлығын берді. Бергені соншалық – егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар. Шынында, адам баласы мүлдем рақметі жоқ, өте залым келеді»[1], – деген.

Қысқаша түсіндірмесі: Жаратушы Алла бекіткен ұшқыр есеппен тоқтаусыз айналымдағы күн мен түнді сендерге бағындырып қойды. Ризық тауып, еңбек ету үшін күндізді жаратса, дем алып, ұйықтау үшін түнді жаратты. Сендер дұға тілеп, талап еткен барлық қажетті, әрі пайдалы нәрсені Алла есепсіз беруде. Егер Алланың нығметтерін санайтын болсаңдар санына әсте жете алмайсыңдар, өйткені Оның сендерге берері сендер пайымдап, ойлағаннан әлдеқайда көп. Осыншама нығметтерге бөлене тұра адам баласы сол нығметтерді мойындамаумен өзіне зұлымдық жасауда[2].

Басқа бір аятта:

 وَهُوَ الَّذِي جَعَلَ اللَّيْلَ وَالنَّهَارَ خِلْفَةً لِّمَنْ أَرَادَ أَن يَذَّكَّرَ أَوْ أَرَادَ شُكُورًا

«Ол – Алла, ойланып, ғибрат алуды, яки шүкіршілік етуді қалайтын әрбір жан үшін түн мен күндізді бір-бірінің ізін алмасып тұратын қылды» [3], – деген.

Қысқаша түсіндірмесі: Күн түннің артынан өзінің нұрымен келсе, түн күннен кейін қараңғылығын жаяды. Бұның өзінде ақыл иелері үшін үлкен белгілер, шүкір етушілер үшін ұлы нығметтер бар. Атақты тәпсірші имам Табари бұл аят жайында: «Алла күндіз бен түнді бірінен соң бірін ілесетін етіп жаратты. Түнде үлгермеген амалын күндіз толтырса, күндіз үлгермеген амалын түнде толтырады»[4], –  деген.

Уақыттың маңыздылығының бірден-бір көрінісі – Алланың уақытпен серт етуінде. Құран Кәрімнің бірнеше жерінде Алла күн, түн, асыр, таң уақыттарымен серт еткен:

وَاللَّيْلِ إِذَا يَغْشَىٰ

«(Жер бетін) тегіс қаптаған кезде түнге серт!»[5].

Қысқаша түсіндірмесі: Әлемді өзінің қараңғылығымен жауып, барлық жаратылысты көруге перде қойған түнмен ант етемін.

وَالنَّهَارِ إِذَا جَلَّاهَا

«Күнді шығарған күндізге серт»[6].

Қысқаша түсіндірмесі: Қара түнекті нұрымен сейілтіп айналаға жарығын шашқан күндізбен серт.

وَالْفَجْرِ وَلَيَالٍ عَشْرٍ

«Таң шапағына серт!, және (мүбәрак) он түнге серт»[7].

Қысқаша түсіндірмесі: Қара түнекті қақ жарған таңның нұрымен ант етемін. Мұсылмандар үшін қасиетті болған зүл-хижжа айының алғашқы он күнімен ант етемін. Бұл он күн мұсылмандар үшін ең ұлық күндердің бірі. Ибн Аббас (одан Алла разы болсын), Мужаһид, Муқатил: «Бұл кеш – зүл-хижжаның алғашқы он кеші» – деді. Бұл дүниенің ең абзал күндері. Ол жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде былай дейді: «Дүниенің ең абзал күндері (зүл-хижжаның) он күні»[8].

وَالضُّحَىٰ *وَاللَّيْلِ إِذَا سَجَىٰ

«Күн көтеріліп жарқыраған сәске уақытына серт! Қою қараңғылық қаптап, жым-жырт тыныштық орнаған шақта түнге (серт!)»[9].

Қысқаша түсіндірмесі: Алла Тағала сәске күн көтерілгендегі және қараңғылық басқан уақытпен ант етеді. Күннен кейін түннің келуі Алланың ұлы құдірет иесі екенін дәлелі.

وَالْعَصْرِ * إِنَّ الْإِنسَانَ لَفِي خُسْرٍ

 «Ғасырға (оқиғаларға толы заманға, әсіресе, ақырғы бөлігіне) серт»[10]!

Қысқаша түсіндірмесі: Бұл аяттарда Алла Тағала әртүрлі ғажайыптарға, ғибратқа толы заманмен серт етеді. Алайда адам баласы осындай ғажайыптарды, Алланың белгілерін көре тұра қасіретке душар болуда. Ол қасіреттің ең ұлысы – осы қысқа алдамшы дүниені ақыреттен жоғары қоюында. Адам баласының артта қалдырған әрбір сәті оны ақыретіне жақындата түседі.

Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) асыл сүннетінде адам ғұмырының қалайша өткендігі жайында қияметте ауыр есепке тартылатынын ескерткен. Қияметте адам баласы жауап беретін негізгі төрт сұрақтың екеуі уақытқа байланысты.  Муаз ибн Жәбәлдан келген хадисте:

لَا تَزُولُ قَدَمَا عَبْدٍ يَوْمَ الْقِيَامَةِ حَتَّى يُسْأَلَ عَنْ أَرْبَعِ خِصَالٍ : عَنْ عُمُرِهِ ، فِيمَ أَفْنَاهُ ؟ وعَنْ شَبَابِهِ ، فِيمَ أَبْلَاهُ ؟ وَعَنْ مَالِهِ ، مِنْ أَيْنَ ؟ وَفِيمَ أَنْفَقَهُ ؟ وَعَنْ عِلْمِهِ ، مَاذَا عَمِلَ فِيهِ ؟ “

«Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адам да орнынан тапжылмайды», – деген[11].

Төмендегі сұрақтарға шынайы түрде жауап беріңізші!

  • Өміріңізге разысыз ба?
  • Бір айлық өміріңіз қалса не істер едіңіз?
  • Өміріңіздің қалай өтіп жатқанына өз-өзіңізге есеп беріп көрдіңіз бе?
  • Өміріңізде не нәрсені өзгертер едіңіз?
  • Өміріңіздің қанша бөлігін артқа тастадыңыз?
  • Уақытыңыздың басым бөлігін не нәрсеге жұмсайсыңыз?
  • Әлде өмірдің ақиқатына жету үшін қиындықты күтіп жүрсіз бе?

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

[1] «Ибраһим» сүресі, 33-34 аяттар.

[2] Сафуат әттәфасир кітабы

[3] «Фурқан» сүресі, 62-аят.

[4] Сафуат әттәфасир кітабы

[5] «Ләйл» сүресі, 1- аят.

[6] «Шәмс» сүресі, 3-аят.

[7] «Фажр» сүресі, 1-2 аяттар

[8] Ибн Хиббан риуаят еткен.

[9] «Духа» сүресі, 1-2 аяттар.

[10] «Аср» сүресі, 1-2 аяттар.

[11] Тирмизи хадистер жинағы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.