Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Діни алауыздықтың (фитна) шығу себептері

0 2  097

Кез келген мемлекеттің гүлденуі, өркендеуі,  бірінші кезекте экономикалық, табиғи рeсурстарына емес, ішкі тұрақтылығына, ауызбіршілігіне байланысты.

Мемлекет өте кедей болуы мүмкін, алайда айрандай ұйыған ауызбіршілік, ынтымақтың арқасында  барлық қиыншылықтарды жеңіп, өркениетті елдер санатына енеді. «Байлық байлық емес, бірлік байлық», демекші қазақ халқының басына түскен талай қысылтаяң кездерде осы бірліктің арқасында жол тауып отырған. Ал жүз-жүзге, ру-руға, ұлыстарға бөлініп, әркім өз пайдасын көксегенде кесапатқа ұшырап, жау қолына оңай олжа болған. Алла Тағала Құран кәрімде:

وَالْفِتْنَةُ أَشَدُّ مِنَ الْقَتْلِ

«Бүлік (фитна), кісі өлтіруден қиын»[1].

Ақиқатында, бүлік (фитна) – Ислам үшін де, мұсылмандар үшін де көптеген апаттардың себебі болып табылады. Сондықтан да бүліктен Алла, Оның Елшісі (с.а.у) және осы үмметтің саләфтары да (алдыңғылары) алдын ала ескерткен.  Алла Тағала былай деген:

وَاتَّقُوا فِتْنَةً لَّا تُصِيبَنَّ الَّذِينَ ظَلَمُوا مِنكُمْ خَاصَّةً ۖ وَاعْلَمُوا أَنَّ اللَّهَ شَدِيدُ الْعِقَابِ

«Және сендерден жеке залым болғандарға ғана кесірі тиіп қалмайтын фитнадан (бүліктен) сақтаныңдар!»[2].

Пайғамбарымыздың (с.а.у) мына хадисі жоғарыдағы аятты толықтыра түскендей:

“هَلْ تَرَوْنَ مَا أَرَى؟” قَالُوا: لَا، قَالَ: “فَإنِّي لَأرَى الْفِتَنَ تَقَعَ خِلالَ بُيُوتِكُمْ كَوَقْعِ الْمَطَرِ”.

«Сендер мен көріп тұрғанды көре аласыңдар ма?! Мен сендердің үйлеріңнің арасында жаңбыр сияқты бүлік-фитна жүргенін көріп тұрмын»[3] дегенін келтіреді.

Қиямет жақындаған кезде фитналардың көбейетіні жөнінде Пайғамбарымыз (с.а.у) да ескерткен:

يَتَقَارَبُ الزَّمَانُ وَيَنْقُصُ الْعِلْمُ وَيُلْقِى الشُّحَ وَتُظْهَرُ الْفِتَنَ وَيُكْثَرُ الْهَرَجُ

«Қиямет жақындағанда ілім азайып, сараңдық көбейеді, фитналар пайда болып, өлім етек алады»[4].

Шынымен де, соңғы жүзжылдық бүлік пен кісі өліміне толы, соғыс жүзжылдығы деп атауға лайық. 1914-жылғы бірінші Дүниежүзілік соғыстан бастап, отызыншы жылдардағы қолдан жасалған аштық, қазақтың бетке ұстар тұлғалары: қаймағы атанған Сәкен, Ахмет, Бейімбеттердің нақақтан-нақақ атылуы, екінші дүниежүзілік соғыс, желтоқсан құрбандары – барлығы осы жүзжылдықтың еншісіндегі қазақ басына төнген кесапат. Бұл – еліміздің бостандығы, тәуелсіздігі жолында жасалған ерекше құрбандық.

Аллаға шүкір, тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Тәуелсіздікпен бірге асыл дініміз, тіліміз қайта оралды, бүкіл табиғи байлықтарымызды игеруге мүмкіншілік алдық. Кезінде КСРО да аты беймәлім, көлеңкеде болған Қазақстан әлемге әйгілі болып, алпауыт мемлекеттер санасар дербес, өзіндік шекарасы бар, жер көлемі бойынша әлемде ойып тұрып, тоғызыншы орын алатын еліне  айналды. Мұның барлығы, әрине, Алла тағаланың мейірімділігі мен бабаларымыздың дұғасының арқасында.

Бұрынғы КСРО мемлекеттерінің көпшілігінде соғыс алаулары тұтанып, ішкі тұрақтылыққа сызат түссе, жүзден аса ұлыс өкілдері орналасқан қазақ елінде тыныштық орнады. Сол кездегі көптеген сарапшылар Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуына күмәнмен қарап, кейбіреулер тіпті болашағына балта шапқан болатын. Дегенмен, сындарлы тоқсаныншы жылдардан сүрінбей өтіп, жарқын болашаққа қарыштап қадам басты. Бұған негізгі  себеп – Алланың қалауымен нәсіп болған Қазақстан қазба байлықтары және мемлекет басындағы тұлғалардың жүргізген ұшқыр саясаты.

Қазақстан тәуелсіздігімен бірге қол жеткізген діні, тілі жыл өте дамып, мұсылмандыққа бет бұрушылардың саны көбейіп, қазақ елі рухани жағынан да баи түсті. Әрине, бұл өз кезегінде қазақтың байлығына көз алартқан  мемлекеттер үшін кедергі еді. Өйткені адамдар жаппай дінге бет бұратын болса, Алланың алдындағы, қоғамның алдындағы және жанұясының алдындағы міндетін түсінеді. Рухани байыған адам бойын әлбетте арақ-шарап ішуден, ойын-сауық орындарынан аулақ ұстайды, парақорлық, несие алу азаяды. Ислам діні үйреткендей еліне, жеріне деген құрметі оянады.  Өйткені, халықты рухани аздырудың салдары көп ұзатпай аталған ұлтты дәрменсіз, әлжуаз етеді. Бұл тұста не істеу қажет?!  Бұған қол жеткізу үшін жалғыз жол ол адамдарды бір-біріне қарама-қарсы қойып, арасына от салу.

Бұрынғы замандағыдай руаралық жанжал немесе халық арасында төре, қара халық деп бөлу мүлдем негізсіз. Ең тиімді жол мұсылмандардың арасын жік-жікке бөлу, біреуінің сенгенін енді біреуі мойындамау, біреуді кәпірге шығарып, біреуді пасық қылу. Міне, осы тұста нағыз бүлік оты бастау алды. Біреуі бір ғалымды тыңдаса, енді біреуі жоқ ол адасуда өйткені ол арнайы ғалымдардан дәріс алмаған деп шықты. Бұл тұста туындайтын сұрақ бүлік қайдан басталды, оған не себеп болды және оның шешімі не?!

Өздеріңізге мәлім, қазақ елі тәуелсіздігін алған кезде дін ілімін аңсаған жастар жан-жаққа ағыла бастады. Сауд Аравиясы, Ливан, Түркия, Ливия, Египет, Марокко, Сирия, Пакистан  секілді ислам мемлекеттеріне барып, ислам дінін үйренді. Өз елінің дәстүрін, дінмен біте қайнаған әдет-ғұрыптарынан, ата-бабадан мирас болып қалған асыл дінінен хабарсыз жастар дінмен бірге сол елдің мәдениетін, салт-дәстүрін де бойына сіңіріп, елге оралған соң қоғамда қарама-қайшылықтар туғыза бастады.

Мыңдаған жылдар қанға сіңген, сол қанмен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тапқан ислам дінін әп-сәтте жоққа шығарғандар шықты. Оларды ғасырлар бойы адасып келген деп пұтқа табынушы мүшріктердің деңгейіне апарып қойды. Осы тұста бір жанұяда бірінші ұлы сопы, екінші ұлы тәкфирші, үшінші ұлы таблиғ жамағатынан болып шыға келді. Еліміздегі мешіттерде бұрыш-бұрышта жеке дара өздері ислам насихаттап, басқаның ұстанымымен санаспайтын топтар пайда болды. Кейбіреулер жоғарыдан мемлекетті түбегейлі ислам мемлекетіне айналдыру керек десе, енді бірі жұпыны киініп, үйді-үйді аралап «кәлимә» айтқызды. Әрине, тәуелсіздік таңы атқан 90-жылдары діни білім алған имамдарымыз да аз еді. Рухани шөлдеген халықтың талабына төтеп бере алмады. Есесіне оның жауабын шетелден білім алған жастар беріп, бауырларына басып өздеріне қаратып алды.

Міне, осыдан халық арасында әртүрлі жамағаттар, ағымдар пайда болды. Ағымдар өз кезегінде материалдық тұрғыда өте қауқарлы, өйткені шетелде олардың қуатты демеушілері әр кез жәрдем жасайды. Аузында Құраны бар әрбір азаматты періште санайтын біздің ұлт оның парқына терең үңілмеді, мұсылманшылдыққа бет бұру басты мақсат болды. Ағымдардың жетегіне өздері ергеннен кейін өздерінің жақындарын да соған тартты. Өздері келіп «еті сенікі, сүйегі менікі» деп, сенім үмітімен үкілеп тапсырған балалары кейін уақыт өте өздеріне қарсы шықты.

2010-жылдары жиырма жыл өтпей еліміз діни топтар мен секталардың ордасына айналды. Тәкфіршілер, уахабшылар, таблиғ жамағаты, хизбуттахрир, ахмадия жолын ұстанатындардың саны көбейіп, қоғам шытынап шыға келді. Осылардан тәлім алған ізбасарлары елімізді біраз дүрбелеңге салып, оның соңы жарылыстар, кісі өліміне, шетел асып соғыс алаңдарында жандарын тапсырумен аяқталды. Арамшөпті қанша жұлсаң да тамырымен жұлынбаса қайтып шығары мәлім. Бұл ағымдар елімізде нағыз бүліктің бастамасы болып отыр. Әрине, олар өздерінің әдістерін, яғни соғысуды оларға да қолданғанын қалайды. Алайда, олармен күресудің жалғыз жолы – ол ілім.

Елімізде, Аллаға шүкір, қазіргі таңда діни білім алам деушілерге барлық жағдайлар жасалған. Ат терлетіп, шетел асудың қажеттілігі жоқ. Осы уақытта елімізде 1 жоғары оқу орны, 10 медресе, 2 қарилар дайындайтын орталық бар. Аталмыш оқу орындарда еліміздің білікті діни мамандары ұстаздық қылады, сонымен қатар араб тілін меңгеру үшін араб мемлекеттерінен ұстаздар арнайы келіп, дәрістер жүргізеді.

Бітірген дін мамандары еліміздің түкпір-түкпірінде мешіттерде қызмет атқарады. Өзге елге барып, жатбүйрек болмаудың жалғыз жолы – алғашқы діни білімін еліміздің оқу орындарында қалыптастыру. Кезінде медресе көрген, араб, парсы, түрік тілдерін меңгерген Абай, Шәкәрімдер елде жүріп данышпан атанған. Қазақ даласында неше түрлі даулар болған, жер дауы, жесір, дауы, ру дауы…. алайда, діни алауыздық дін дауы болған емес. Қазақтың тоз-тоз болып, шашырап кетпеуінің себебі де осы асыл дініміздің арқасы. Сол үшін дінімізді қастерлейік, көлденең келген көк аттының сөзіне ілеспей, ауызбіршілігімізді сақтайық, бірлігі жарасқан ел болайық.

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

[1] Бақара сүресі, 191-аят

[2] әл-Әнфәл сүресі, 25-аят

[3] Фатху әл-Бари шарх сахих әл-Бухари №6651

[4] Фатху әл-Бари шарх сахих әл-Бухари №6652

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.