Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Лұқман хакімнің насихаты

0 1  975

Аллаға серік қосу

Адам баласы әлсіз жаратылыс иесі. Бет қарата соққан дауылдың екпініне шыдас бермей ығына кетіп қалатын кездері жиі болады. Ондай қиыншылықтарда  Раббысына жалбарынып, амал етіп, жемісін Алладан күтудің орнына жалған құдайлардан медет сұрап, қабірлерді жағалап кететін адамдар аз емес. Ондай серік қосушы қай заманда да, қоғамда да кездеседі. Жалған, жасанды құдайға сенуші адам – Жаратушы Аллаға серік қосқан болады.

Серік қосу – Алла кешірмейтін ең үлкен күнә. Жаратушы жалғыз Аллаға тән сипаттарды Одан басқаға таңу, басқаны құдай деп сену, Алладан емес өзгеден сұрау, ауруына шипа дәм ету, ісіне береке тілеу және т.б әрекеттерді атауға болады[1]. Құран Кәрімде бұл амалдың үлкен, зор күнә екенін Лұқман хакімнің  баласына айтқан насихаты арқылы біздерге ескерткен:

وَإِذْ قَالَ لُقْمَانُ لِابْنِهِ وَهُوَ يَعِظُهُ يَا بُنَيَّ لَا تُشْرِكْ بِاللَّهِ ۖ إِنَّ الشِّرْكَ لَظُلْمٌ عَظِيمٌ

«Сонда Лұқман өзінің ұлына уағыздап: «О, ұлым! Аллаға серік қоспа! Расында, серік қосу –өте зор күнә»[2], – деді.

Жаратушы Алла шексіз рақым иесі дегенмен, Өзінен басқаға жалбарынып, одан қажетін сұрап, табынуды ешқашан да кешірмейді. Ол жайында Құранда:

                               إِنَّ اللّهَ لاَ يَغْفِرُ أَن يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَلِكَ لِمَن يَشَاءُ وَمَن يُشْرِكْ بِاللّهِ فَقَدْ ضَلَّ ضَلاَلاً بَعِيداً

«Шындығында, Алла Өзіне серік қосқанды кешірмейді, ал одан басқаны (басқа күнәні) қалаған пендесіне кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, ол қатты адасады»[3], – деген.

Алладан басқадан жәрдем сұрап, оған мінажат ету жайында кәләм шарифінде былайша ескерткен:

فَلَا تَدْعُ مَعَ اللَّهِ إِلَهاً آخَرَ فَتَكُونَ مِنَ الْمُعَذَّبِينَ

«(Уа Мұхаммед!) Олай болса Алламен қатар өзгеге де құдай деп жалбарынба, әйтпесе азапқа душар болатындардың қатарына қосыласың» [4].

Және бір аятта:

وَلاَ تَدْعُ مِن دُونِ اللّهِ مَا لاَ يَنفَعُكَ وَلاَ يَضُرُّكَ فَإِن فَعَلْتَ فَإِنَّكَ إِذاً مِّنَ الظَّالِمِينَ

«Және де Алладан өзге саған пайда, зиян келтіре алмайтын нәрселерге жалбарынба. Егер оны істесең, онда күдіксіз сен залымдардан боласың»[5], – деді.

Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне дұға, медет тілеудің жай-жапсарын толық түсіндіріп өткен. Солардың ең бірегейі, төмендегі өсиет-хадисі:

 عَنِ بْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ كُنْتُ خَلْفَ رَسُولِ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَوْمًا، فَقَالَ: «يَا غُلَامَ، إِنِّي أُعَلِّمُكَ كَلِمَاتٍ اِحْفَظِ اللهَ يَحْفَظُكَ، اِحْفَظِ اللهَ تَجِدْهُ تِجَاهَكَ، إِذَا سَأَلْتَ فَاسْأَلِ اللهَ، وَإِذَا اسْتَعَنْتَ فَاسْتَعِنْ بِاللهِ، وَاعْلَمْ أَنَّ الْأُمَّةَ لَوِ اجْتَمَعَتْ عَلَى أَنْ يَنْفَعُوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَنْفَعُوكَ إِلَّا بِشَيْءٍ قَدْ كَتَبَهُ اللهُ لَكَ وَلَوِ اجْتَمَعُواْ عَلَى أَنْ يَضُرُّوكَ بِشَيْءٍ لَمْ يَضُرُّوكَ إِلَّا بِشَيْءٍ قَدْ كَتَبَهُ اللهُ عَلَيْكَ، رُفِعَتِ الأَقْلَامُ وَجَفَّتِ الصُّحُفُ».

 Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай деді: «Пайғамбардың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  артында келе жатқанымда Ол (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  маған: «Ей, балақай! Мен саған мына сөздерді үйретемін: Алланы сақта (яғни, жадыңнан шығарма), сонда Ол сені сақтайды. Алланы сақта, сонда оны алдыңнан табасың. Бірдеңе сұрасаң, Алладан сұра. Жәрдем тілесең, Алладан тіле. Бүкіл халық жиналып саған бір пайда келтірмек болса, тек Алла жазған нәрсені ғана келтіре алатындығын және олар саған бір зиян келтірмекке жиылса да, тек Алланың жазғанын ғана келтіре алатындығын білгейсің. Қаламдар көтерілді, парақтар кеуіп кетті (яғни, тағдыр тақтасына бәрі жазылды)»[6], – деді.

Дегенмен, көп адам тіліне ие болмай әр нәрсені айтып қоятын кездері болады. Ешбір негізге сүйенбестен бір затқа болжап, ырымдап, жорып «Қара мысық кесіп өтсе, жолың болмайды», «Бос бесікті тербетпе балалы болмайсың», «Байғыз құс шақырса, жамандық болады» деген секілді сөздерге иланады. Бұл әрекет серік қосу амалына жатпаса да, тілді осыған дағдыландыру ақыры орны толмас өкінішке апарары сөзсіз.  Ырымның жолы мен түрлері де көп. Мысалы, шешен болсын деп аузына түкіру, батыр болсын деп батырдың сарқытын жегізу немесе оның атын қою сияқты ырымдар бар. Қуаныш пен тойға барғанда перзентім осындай қуанышқа жетсін деп нан, бауырсақ, кәмпитті жақсылыққа ырымдап алып жатады. Әрине, бұл жерде  жақсылықты үміт етіп, орындалуын Алладан күту қажет. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  бұл турасында: «Жаман ырым исламда жоқ. Бірақ маған «әлфәл» (жақсы ырым, жақсы сөз) ұнайды» деген екен. Қазақтың «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген мәтелі де осы хадиске орай айтылса керек.

Тілмен серік қосудың  басты себебі – діни сауатсыздықта жатыр. Біздің тілегіміз бен дұғамызды қабыл ететін  бір Алла және бізге ең жақын да Алла. Құран Кәрімде:

وَنَحْنُ أَقْرَبُ إِلَيْهِ مِنْ حَبْلِ الْوَرِيدِ

«Біз адам баласына күре тамырынан да жақынбыз»[7], – дейді.

Басқа бір аятта:

وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ

«Мен оларға ақиқатында жақынмын. Менен тілек тілесе, қабыл аламын»[8], – деп, дұға, тілек, мінәжаттың қабыл болуы адамның серік қосудан аулақ болуына байланысты екенін меңзейді.

Әлі  орын алмаған, қашан болатыны белгісіз істер ғайып хабарларына жатады. Олардың қалай болатыны жайлы сәуегейлік жасап, бал ашу мұсылман танымына керағар келетін теріс әрекет. Қасиетті Құран аяттары мен хадистерде ғайып істер жайлы болжам жасаудың үлкен күнә екендігі ескертілген. Алла Тағала:

 قُلْ لا يَعْلَمُ مَنْ فِي السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ الْغَيْبَ إِلَّا اللَّهُ وَمَا يَشْعُرُونَ أَيَّانَ يُبْعَثُونَ

 «(Уа, Мұхаммед) Алладан өзге көктер мен жердегілердің ешбірі ғайыпты білмейді. Олар өздерінің қашан тірілетіндерін де сезбейді деп айт»[9], – деу арқылы ғайыпты білуші тек Алла екенін ескертеді.

Мәшһур бір хадисте былай деп келеді:

عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ أَتَى عَرَّافاً أَوْ كَاهِناً فَصَدَّقَهُ بِمَا يَقُولُ فَقَدْ كَفَرَ بِمَا أُنزِلَ عَلَى مُحَمَّدٍ».

Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Кімде-кім балгерге не бақсыға барып, оның айтқанын растаса, ол Мұхаммедке түсірілгенге (Ислам дініне) күпірлік келтіреді,[10] – деп ескерткен. Ғайып істерді болжауға жұлдыз-жорамалдар да жатады. Бүгінгі күні мына жұлдыздың ықпалы күшті, мынадай жұлдыз астында туылғандардың жолы болады, аналардікі болмайды деген секілді сандырақтар исі мұсылманның сеніміне селкеу түсіретін күнәлі істер.

 عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَلَمْ تَرَوْا إِلَى مَا قَالَ رَبُّكُمْ؟ قَالَ: مَا أَنْعَمْتُ عَلَى عِبَادِي مِنْ نِعْمَةٍ إِلاَّ أَصْبَحَ فَرِيقٌ مِنْهُمْ كَافِرِينَ، يَقُولُونَ: اَلْكَوَاكِبُ، وَبِالْكَوَاكِبِ».

Әбу Һурайраның (р.а.) айтуынша Алла Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  былай деген: «Сендер Раббыларыңның не дегенін естідіңдер ме? Ол былай дейді: «Мен құлдарыма қандай да бір нығметті сыйласам, олардың бір бөлігі оны теріске шығарады. Олар: «Жұлдыздар, жұлдыздар арқылы ғана болды», – деседі»[11].

Кейбір жандар «аруақ қолдасын», «ата-бабамыздың аруағы демеп жүрсін», «аруақтар разылығы үшін» деген сөздерді жиі қолданады. Бұлай сөйлеуге дағдылану тілдің қателігі. Шындығында ата-бабамыз ешуақытта аруаққа табынбаған. Абай, Шәкәрім секілдің ұлыларының туындыларына көз жүгіртер болсақ, ешбірінде аруаққа табыну жайында сөз қозғалмайды. Қай өлеңін алып қарасаңыз да Алланы ғана ауызға алып отырады. Мәселен: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Патша құдай, сыйындым», «Алла мінсіз әуелден пайғамбар хақ» деп келеді. Сондай-ақ, «Арғы атасы қажы еді, пейіштен татқай шәрбатты» деп келетін бір өлеңі де бар. Бұл жерде Абай өз әкесінің батырлығын, аға сұлтан болғанын айтқан жоқ, діндарлығын ғана тілге тиек етіп отыр.

Дана Абайдың таухид ілімін берік ұстанған, бір Алладан басқаға сиынбаған жан екенін қалдырған мұраларынан білуге болады. Ешбір өлеңінде аталарының әруағынан жәрдем тілеге тиек етпеген. Мұның өзі хакімнің шариғат талаптарын аса жетік білгенін аңғартады.

Серік қосу – тілден келер апаттың бірі. Адамды діннен шығарып, мәңгі азабқа ұшыратуы мүмкін. Тілімізді мұндай жаман әдеттен мейлінше тия білейік!

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

[1] http://fatua.kz/kz/post/view?id=463

[2] «Лұқман» сүресі, 13-аят.

[3] «Нисә» сүресі, 116-аят.

[4] «Шұғара» сүресі, 213-аят

[5] «Юнус» сүресі, 106-аят.

[6] Тирмизи хадистер жинағы

[7] «Қаф» сүресі, 16-аят

[8] «Бақара» сүресі, 186-аят

[9] «Нәміл» сүресі, 65-аят

[10] Хаким риуаят еткен

[11] Муслим хадистер жинағы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.