Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Сақтандыру туралы шариғат не дейді?

0 9  811

Сақтандыру – қаржылық шығындарды азайту немесе келтірілген зиянды өтеу үшін мүмкіндік беретін қызмет түрі. Сақтандыру жағдайы барысында келген шығынды өтеу үшін сақтанушы мен сақтандыру қызметін жүзеге асырушы арасында келісімшарт жасалады.

Сақтандыру қызметі үшін сақтанушы белгілі сыйақы төлейді. Аталмыш төлемнің мөлшері қауіп-қатер салдарынан болу мүмкін шығындарды негізге ала отырып есептеледі. Әлемде екі түрлі сақтандыру жүйесі бар: коммерциялық (дәстүрлі) және исламдық. Ақиқатында дәстүрлі сақтандыру жүйесі дініміздің қағидаттарына сәйкес келмейді. Себебі онда өсім (риба), белгісіз сауда, алдау, құмар және «тағдырмен ойнау» сынды шариғатқа қайшы іс-әрекеттер бар. Мысалы, сіз көлігіңізді сақтандыру үшін бір жылға 20 мың теңге төлейсіз. Осы мерзім ішінде көлігіңізге зиян тиген жағдайда, сақтандырушыдан 200 мың теңге өтемақы аласыз. Міне, осы үстеме өсім болып есептеледі.

«Тағдырмен ойнау» дегенде, сақтандыру компаниясы адамдардың қорқыныш сезімін пайдаланып, белгісіз нәрсеге ақша алуы түсініледі. Алайда бір жыл ішінде не боларын Алладан басқа ешкім білмейді. Бұл бір жеребе немесе құмар ойыны секілді.

Ал белгісіз саудада адам өзінің жұмсаған ақшасы үшін не алатынын білмейді. Мысалы, 50 адам өз көліктері үшін сақтандыру компаниясына 20 мың теңгеден төлесе, фирмада 1 млн теңге қор жиналады. Бір жылда соның ішінде 2-3 көлік апатқа ұшырауы мүмкін. Сөйтіп олар компаниядан өз шығынын өндіріп алады. Ал қалған 47 адамның не үшін ақшаны төлегені белгісіз. Ол ақшаны ешкім қайтарып бермейді.

Алла Тағала: «Уа, иман келтіргендер! Өзара малдарыңды бұзықтық жолмен жемеңдер» («Ниса» сүресі, 29-аят) және «Уа, иман келтіргендер! Шын мәнінде, хамр (спирттік ішімдіктер), құмар ойындары, тігілген тастар (пұттар), бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар! Мүмкін, құтыларсыңдар», – деп бұйырған («Мәида» сүресі, 90-аят).

Құдайдан қорқатын адам сақтандыру жағдайына байланысты сақтандыру компаниясының қайтарған ақшасын толық алып, өзі берген қаражатты ғана пайдалануы, қалғанын жол салу, көпір салу сияқты халықтың ортақ қажетіне жұмсауы тиіс. Ал мұсылман адамның міндетті сақтандыруды қолдануы қажеттілікке жатады.

Исламдық сақтандыру жүйесі коммерциялық пайданы көздемейді. Ол өзінше қайырымдылық болып есептеледі. Мысалы, егер сізде көлік бар болса, сіз жылына бір рет 20 мың теңге сақтандыру сыйақысын төлейсіз. Ал көлікке зиян жеткен жағдайда, компания сізге қажетті қаражатты өтейді. Ортақ қаржы қорында қалған ақша жылдың соңында салымшыларға қайтарып беріледі. Компания сақтанушының ақшасын сақтағаны және есеп жүргізгені үшін ақы алады. Сақтандыру компаниясы қордың иесі емес, оның ұйымдастырушысы ретінде қызмет етеді.

Құран Кәрімде: «Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Шүбәсіз, Алланың азабы қатты», – делінген («Мәида» сүресі, 2-аят). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», – деген (Мүслім).

Хасан АМАНҚҰЛ

«Мұнара» газеті, №30, 2020 жыл

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.