Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ұлы тұлғалардың жастық шағы

0 1  320

Ұлы имам Шафиғи жастайынан ілімге берілген еді, жеті жасында Құранды, он жасында Имам Маликтың «әл-Муатта» атты хадис кітабын жаттайды. Он бес жасына келгенде, пәтуа бере алатындай деңгейге жеткен.   Кейіннен толықтай фиқһа көңіл бөліп, Имам Маликтен Хижаз фиқһын үйренді. Шафиғидың асқан ұғымталдығы мен зеректігіне тәнті болған Имам Малик оған мынандай кеңес берді: «Мұхаммед! Алладан қорық, күнәдан сақтан. Өйткені мен сені үлкен тұлға болады деп үміт етемін. Алланың бойыңа дарытқан осы нұрын күнәмен сөндірме». Бұл насихатты ұлы имам Шафиғи өмір бойы жадынан шығармайды.

 –  Ислам тарихы куә болған ең ғажайып қолбасшылардың бірі – Осман әулетінен шыққан Мұхаммед Фатих еді[1]. Ол билікке келгенде жиырмадан сәл ғана асқан жігіт болатын. Ол – Осман әулетінен шыққанымен, ең әуелі мұсылман екенін жадында ұстаған тұлға. Жас жігіт Ислам империясының тізгінін қиын шақта қолға алды. Андалусия мемлекеті құлаған. Аббаси халифалығы құлдырай бастаған кез. Бұған қоса, 658 һижри жылы Айн Жалуд шайқасында асқан ерлікпен моңғол-татар шапқыншылығына тойтарыс берген Мәмлүктер мемлекетінің де әлсіреген тұсы. Дегенмен пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын)   мына хадисіне ең алғаш амал тұрғысында іске асырған жас әмірші болды:

 لَتُفْتَحَنَّ الْقُسْطَنْطِينِيةُ فَلَنِعْمَ اْلَأمِيرُ أَمِيرُها وَلَنِعْمَ الْجَيْشُ ذَلِكَ الْجَيْشُ

«Константинополь бір кісінің қолымен фатх етіледі. Сол қолбасшы неткен тамаша қолбасшы, сол әскер неткен тамаша әскер»[2] – деген.

– Атақты хадис имамдары Бухари[3], Муслимдер[4] жас кездерінде хадис жинап,  исламға үлкен қызмет жасаған.

Қазақ даласында талай данышпандар жас  кезінде-ақ өздерінің кемеңгерлігін көрсеткен.

– Төле — Тəуке ханның жеті жарғы, бас биінің бірі. Əз Тəуке тұсында Қазақ хандығының ішкі жəне сыртқы жағдайының нығайғаны белгілі.

Шу өзенінің Балқашқа жақын жайылымына Үйсін мен Арғын тайпаларының белді бектері таласыпты. Екі жақтың да билері бас қосып, кеңесіп, бəтуаласа алмай отырғанда, топқа еріп келген он бес жасар Төле билік айтушылардың бірде-біріне көңілі толмай:

Ақты ақ деп бағалар,

О, игі жақсы ағалар!

Өзегі талса ел біткен

Өзен бойын жағалар, – деп сөз бастай бергенінде: «Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, ана тұрып, қыз сөйлегеннен без» деуші еді. Мына бала кім өзі?», дейді төрдегі би. Төле қасқая қарап тұрып:

 – О, би аға, он үште отау иесі демес пе,

Кінəлімін бе келіп қалсам он беске!

Сөз сөйледім, бұйыра көрмеңіз айыпқа,

Ала көз болу ағайын адамға лайық па?

О, игі асқар тауымыз,

Əділ ме осы дауымыз?

Жар астында тұрғанда

Жасырынып жауымыз? – дейді. Сонда төрдегі би:

 – Қой асығы демеңдер,

Қолыңа жақса, сақа қой.

Жасы кіші демеңдер,

Ақылы асса, аға ғой, – деген екен.

Балам, ағалық билікті саған бердім, – дейді. Бала Төле жұлып алғандай: Сары табақтан сарқыт қайтады деген. Билікті маған берсеңіз,Шу өзенінің оң жағын үйсін, сол жағын арғын жайласын, – деп билік айтады. Бұл шешімге екі жақ та риза болып, бітімге келеді. Сонда төрдегі би:

 – Үй баласы ма деп едім,

Ел баласы екенсің.

Ай маңдайлы арысым,

Талабың алдан өтелсін.

Ауылыңның таңы бол,

Маңдайдағы бағы бол! – деп, бала Төлеге бата берген екен. Осыдан бастап Төленің аты шығып, ел арасындағы дау-жанжал келіссөзге араласып, билік айта бастапты.

Сол ұлы Төленің өзі сөзге тосылған кездері болған

Жаздың ел жайлауға шыққан күндерінің бірінде Арқадағы құдаларына барып, қонақшылап келе жатқан Төле би қайтар жолда бұрыс болса да, Қазыбек бидің ауылына ат басын бұрады. Жанындағы жолдастарымен үлкен би Қазыбектің ордасына келіп, «сөйлес» қылғанда, ауылдас ағайынның дауына билік айтып отырған Қазыбек «біреуің шығып жолаушының жөнін біліңдер» дей қоймайды. Бұл өзі ешнәрсе демеген соң күтуші жігіттер де қозғалмайды.

Сыныққа сылтау іздеп жүрген қыңыр би көп күтсін бе, атының басын бұрып алып жөніне жүре беріпті. Сәлден соң билік сөзін байлап болған Қазыбек қызметшілерінің біріне:

– Жаңағы жолаушы кім болды екен, сыртқа шығып білші,-дейді. Бұл кезде Төле би атын жай бастырып, ауылдан дауыс жетерлік жер ғана ұзап кеткен екен. Бидің қызметшілерінің бірі белдеуге байлаулы тұрған аттардың біріне міне салып, қуып жетіп, Төле биді таниды да, алдынан шығып атынан түсе салып, сәлем береді де:

–Төле би ата, біздің би үйде, ордаға жүріңіз, – деп шылбырына жармасады.

–Жоқ, біздің жолымыз алыс. Бір барған жерімізге қайтып барып жүре алмаймыз, –деп атын тебініп қалады да, Төле жолдастарына: «ал, кеттік», – деп жүре береді.

 Қызметші ордаға қайтып келгенде Қазыбек жігітін сөйлетпей-ақ:

– Біліп едім Төленің бұрылмасын. Бізден қателік болды.

 Бергі ауылдардың біреуі ме деп, қапы қалғаным-ай! Ол екі айтпайтын, айтқанынан қайтпайтын Төле ғой. Енді ол менің бұл қылығымды кез келген жерде бетіме басады-ау,-деп шын қынжылып, өкініп қалады.

– Өзіңіз бармасаңыз, ол қиқар шал бізді кісі құрлы көретін емес,-деді жаңағы жігіт.

– Айттым ғой, ол енді менің өзіме де қайырылмайды, – деді Қазыбек. Әкесінің тізесіне басын сүйеп барлық әңгімені үнсіз тыңдап жатқан сегіз жасар Жолжақсы бала үй ішіндегілер бір сәт дағдарып қалғанда басын көтеріп алып:

– Осы үйдегі атамның асау ала тайын дәл қазір ұстап ерттеп беріңдерші, мен ол қисық шалды алдыма салып, сатырлатыпқуып келейін,-дейді.

– Қой, қарағым, ол сенің қолыңнан келмейді. Атаң өзім барсам да Төле қайырылмас деп отыр ғой,-дейді үлкендердің бірі.

– Иә, солай, Төкең айтқан бетінен қайтпайтын қатал адам ғой, – деседі үй ішіндегілер. Бала барамын деп болмайды. Манадан бері еңсесі түсіп, екі иығы салбырап кеткен Қазыбек бала сөзіне селк етіп:

– Баланың бетін қақпаңдар! Барыңдар да қалаған тайын ұстап беріңдер, – дейді.

Ала тартқан ала тайдың басын Төле би кеткен жаққа бағыттаған бала сай-сайды өрлеп, қырат-қырлардың тасасымен ала тайын құйғытып келіп, Төле би тобының қарсы алдынан шыға келеді. Ұлы бидің алдына тақап келіп тізгін тартқан бала сәлем берген соң:

– Мен мына ауылдың қозы баққан баласы едім, құрып қойған қақпандарымды қарап жүргенімде айырылып қалдым. Жол жөнекей көзіңізге қозы түскен жоқ па, ата? – дейді. «Көрмей қалдым ба?» дегендей жан-жағына мойынын соза бір қарап алған Төле би:

– Қарағым, бізге қозылар кездескен жоқ, – деді тізгінін жинап жүруге ыңғайланып.

– Ата, осы сіз Төле би атам емессіз бе? – дейді бала тайын тебіне түсіп жақындап.

– Болсақ болармыз, –дейді Төле би.

–Қозысы құрсын, кешке дейін бір тауып алармын. Сіз кездесе қалсаңыз, сұрап алармын деп жүрген үш сұрағым бар еді. Сұрасам жауап бересіз бе? – дейді бала.

– Сұрай ғой, – дейді би.

–Бірінші сұрағым ағайын арасының аласы туралы. Ағайын адамдар араздасып, бір-біріне ренжісіп жүреді. Олардың өкпесі немен тарайды, – дейді.

– Дұрыс айтасың, балам. Ағайын арасында араздық болып тұрады. Өзің күнде көріп жүрген ауылыңды алайық, ауылыңда адамдардың пейілі кең, дастарқаны мол, сабасы қымызға иіндеп тұратын бір үй болады. Сол үйге қымыз іше сен де барасың, мен де барамын. Сөйтіп жүріп тіл табысып, татуласып кеткендерін адамдардың өздері де білмей қалады, – дейді Төле.

– Екінші сұрағым: ерлі-байлылардың араздасып барып татуласуы еді, – дейді бала.

– Е, балам, бұл сұрақтың жауабын үйлі-баранды болғанда өмірдің өзі береді. Тақа білгің келіп бара жатса, айтайын, ерлі-зайыптылардың араздығы бір жұмадан аспайды, өкпелері төсекпен тарайды, – дейді би.

– Енді үшінші сұрағымды тыңдаңыз, ата, – дейді бала,- ата, аға мен іні біріне-бірі өкпелеп араздасып қалады ғой. Солардың өкпесі немен тарқайды?-дейді бала астындағы тайын тебініп, Төлеге жақындай түсіп.

 – Иә, олар да араздасып тұрады. Бірақ аға-бордан, іні-зордан болады. Бордың атасы–тас, анасы–құм. Тас мүжіледі, құм үгіледі, іні кесірлі болса да, аға кешірімді болуы керек, –дейді Төле би.

– Талайды сөзбен табанына таптаған тәкаппар би, түстің бе қақпаныма. Менің де естиін дегенім осы сөз еді. Жаңа ғана ініңнен бір білместік болып еді, соны кешірмей жоныңды сыртқа салып кетіп бара жатырсың. Бұр атыңның басын!- деп, бала Төле бидің атының шылбырынан шап беріп ұстай алады.

–  Сен жеңдің, мен жеңілдім. Шылбырымды қоя бер, жетексіз жүріп отырайын,-дейді би атасы.

– Олай болса, менің бір шартым бар, ата, –дейді бала.

– Оныңды да тыңдайық, –дейді би.

– Бастығы би атамның өзі болып сіз қайырылмай өкпелеп кетті деп сандарын соғып қалғанда, мен: «қазір ол шалды алдыма салып сатырлатып қуып келейін» деген едім. Алдыма түсіп шауып отырсаңыз, мен соңыңыздан түсіп қуып отырайын,-дейді бала.

– Ол тілегің де болсын. Алдыңа түсіп шауып отырайын. Қуып отыратын сен ғой. Атымды ұрсаң ұр, өзімді ұрма, – дейді Төле.

Содан ала тайға мінген бала атағы алты алашқа белгілі биді алдына салып:

 – Ендігәрі ініңе өкпелеп ақ орданы аттап кетесің бе? Түс деген соң, түс Қазыбек атамның ордасына,-деп айғай салып келе жатады. Мұны естіген үйдегілер қаз дауысты Қазыбек бидің өзі бастап далаға шығып, Төле биге құшақтарын жайып аттан түсіріп алыпты. Қазыбек балаға риза болып: – Бұдан былай сенің атың «Төле биді сөзден тоқтатып, аттан түсірген тапқыр бала» болсын, – деп бата беріпті.

– Үш жүздің басын қосып хан болған ұлы Абылай Шарыштың басын алғанда небәрі он сегіз жаста еді.

                – Он алты жасында ақын атанып, 27 жыл ғана ғұмыр кешкен Сұлтанмахмұт Торайғыров осы қысқа ғұмырында сол кездегі жастарға үлгі-өнеге бола білді.

Қараңғы қазақ көгіне

Өрмелеп шығып, күн болам,

Қараңғылықтың кегіне,

Күн болмағанда, кім болам?! – деп, Сұлтанмахмұт жасынан-ақ алдына биік мақсат қояды. Оған жету үшін оқу-білім керегін ол жас болса да жақсы түсінді.

Өмір жасының соншалық қысқалығын сезсе керек, ол əрбір күнін бос жібермеуге тырысты. Жас бозбала шағында да ойын-күлкіге, думанды кештерге əуестенбейтін.

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Sunna.kz

[1] https://www.muftyat.kz/kz/article/1633

[2] Ахмад хадистер жинағы

[3] Алла Тағаланың оған кереметтей есте сақтау қабілетін дарытқаны оның жас кезінде-ақ белгілі болған. Ол алты жасында-ақ Құранның көптеген сүрелерін жаттап алған. Хамид ибн Исмаил: «Әл-Бұхари Басрада, ол кезде балаң жігіт шағы, бізбен бірге хадис білгірлері саналған әртүрлі ғұламалардың сұхбатына қатысып жүрді, бірақ ол еш нәрсені жазып алмайтын. Біраз күндерден кейін оған «Сен бізбен бірге әртүрлі ғұламаларға барасың да, еш нәрсе жазбайсың. Неге бұлай етесің?» дедік. Он алты күн өткен соң ол бізге «Сендер тым көп сөйлеп, мазамды алдыңдар! Қане, не жазғандарыңды көрсетіңдерші» деді. Біз өзіміз жазған он бес мыңнан астам хадистерімізді алып ұсындық. Сонда ол оның бәрін жатқа айта бастады, тіпті біз қателерімізді оның айтқанына қарап түзетуге кірістік. Сосын ол: «Мені ғұламаларға уақытты босқа өткізіп, еріккеннен барып жүр деп ойлайсыңдар ма?»—деді. Содан кейін ешкімнің одан оза алмасына көзіміз жетті»,—деген. Әлі мұрты да тебіндемеген балаң жігіт шағында әл-Бұхаридан хадис тыңдағысы келген Басра тұрғындары соңынан қалмай, отыруға мәжбүрлеп, одан хадис тыңдайтын және олардың көпшілігі оның айтқандарын жазып алатын. Әл-Бұхаридың ерекше есте сақтау және айна-қатесіз дәл айту қабілетіне ие екендігінің тағы бір дәлелі оның Самарқанда төрт жүздей мухаддиспен кездескені туралы хабарда көрінеді. Олар Шам мен Ирак аймағындағы хадистердің иснадтарын араластырып, бір хадистің иснадын басқа хадистің мәтініне тіркеп, әл-Бұхариға оқып бергенде, ол қайсы мәтіннің қай иснадқа тиісті екенін көрсетіп, бәрін реттеп шыққан. Олардың ешқайсысы бірде-бір иснадтан не мәтіннен қателік немессе дәлсіздік таба алмаған. Осы секілді оқиға Бағдатта да қайталанған. Оның бір рет оқып шыққан кітабын жатқа соғатыны туралы да көптеген хабарлар бар.( Сахих әл-Бұхари / Ауд. Қ. Спатай. —Алматы: «Кәусар-саяхат» ЖШС, 2009. 7,8-беттер.)

[4] Имам Муслимнің толық аты-жөні Абуль-Хуссайн Муслим-бин-Хабадж ән-Нишапури. Ол Хорасан аймағының әйгілі қаласы Нишапурда танымал мұсылман араб отбасында дүниеге келген. Ол мүбәрак Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с) жеткен хадистерді үйреніп, ары қарай зерттеп-зерделеу мақсатында шартарапқа шапқылап білім нәрімен сусындады.

Он төрт жасынан бастап білім жолына ден қоя бастады. Сол тұста имам Муслимнің туған жерінде дін мен білімге деген құштарлық өте жоғары деңгейде еді. Нишапурда да әйгілі ғалымдар тұратын. Мәселен, имам Рахви және имам Рухри сынды Ислам әлеміне даңқы жайылған көптеген дін ғұламалары Нишапур шаһарында білім тарқатты.

Имам Муслимнің айрықша білімпаздығы мен терең түсінігі Имам Бухариды да мойындатты. Өйткені, ол өз өмірінің соңында Имам Бухаридың жолын жалғастырды. Имам Муслимді хадис ғылымына қызықтырған тағы бір ұстазы Мухаммед бин Яхьи аз-Зули болды. Біраз уақыт Аз-Зулиден дәріс алды.Кейіннен Бағдат шаһарына барып өзінің білімін жетілдірді.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.