Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ең үлкен бақыт

0 982

«Кейбір күнәлар бар, ол күнәларды қиыншылық пен шаршап-шалдығу ғана өшіре алады», «Адал саудагер қиямет күнінде шыншылдар мен Алла жолында жанын пида еткен шейіттермен бірге болады»[1], «Кімде-кім тіленші болуды қаламай, бала-шағасының нәпақасын табу үшін және кедей көршілеріне жәрдем беру үшін адал еңбек етіп табыс тапса, ол адам қиямет күні Алланың құзырында жаңа туған айдың нұрындай жүзі нұрланып тұратын болады», «Шындығында  Алла Тағала, қолынан бір іс келетін құлды жақсы көреді»[2].

Алла Елшісі (с.ғ.с.) бірде сахабалармен бірге отырған болатын. Сахабалар бір жас жігіттің таң атпастан жұмысқа кетіп бара жатқанын көріп: «Бұл жас жігітке обал болды-ау! Шіркін, осы жастық шағы мен мол күш-қуатын Алла жолына арнаса болар еді» дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұлай демеңдер! Егер ол елге қол жаймау үшін еңбек етіп жүрген болса, бұл еңбегі Алла жолында жүргенмен тең саналады. Әлсіз әке-шешесінің немесе бала-шағасының нәпақасын табу үшін, олардың тіленшілік жасамаулары үшін несібесін табуға кетіп бара жатқан болса, бұл да Алла жолында болып саналады. Ал егер мақтаныш үшін, байлығының көптігімен достарына өркөкіректеніп, тәкаппарлану үшін жұмыс істеп жүрсе, оның бұлайша жұмыс істеуі шайтанның жолы» дейді[3].

Иса (ғ.с.) Пайғамбар ғибадатқа ден қойған бір кісіден:

– Сенің күнделікті ішіп-жеміңді кім тауып беруде? – деп сұрайды. Әлгі кісі:

– Бауырым, – деп жауап береді.

– Олай болса бауырың сенен артық ғибадат жасайды екен, дейді Иса пайғамбар.

Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім тіленшілік жасап, тіленудің бір есігін ашар болса,  Алла Тағала кедейліктен оған тіленудің жетпіс есігін ашады»[4] деп еңбек етуден, шаршап табыс табудан бас тартып, оңай тіленшілікке бастайтын болса, Алла оның тіленшілігін одан сайын арттырып, тапқан табысын еш уақытта жетпейтін етіп, тіленші халге жетпіс есе артығымен түсіреді.

Лұқман хакім баласына былай дейді: «Балам, адал еңбек ет. Кедей болудан сақтан. Өйткені кедей адам мына үш жағдайға ұшырайды: Діні әлсірейді, ақылы әлсірейді, көркем мінезі жоғалады. Бұл үшеуінен де ауыры көпшілік оны келеке ететін болады».

Омар (р.а.): «Ешбіріңіз отырып алып: « Алла Тағалам! Маған рызық бере гөр» деп дұға етпесін. Аспаннан алтын мен күміс еш уақытта жауған емес» деп еңбексіз құр дұғаның пайдасы жоқ екендігін айтқан.

Ибн Масғұд (р.а.): «Не дүниесі үшін еңбек етпейтін, не ақыреті үшін құлшылық жасамайтын адамды жек көремін» дейді.

Ибраһим Наһаиден біреу: «Сіздің ойыңызша, әділ саудагер артық па, жоқ әлде толығымен құлшылыққа бекінген құл артық па?» деп сұрады, сонда Ибраһим Наһаи: «Менің ойымша, саудагер артық. Өйткені әділ саудагер үнемі жиһад етеді. Шайтан таразыда әрдайым оны азғырып, бергенде кем бер деп азғырып, алғанда молынан ал деп азғырып тұрады. Саудагер саудада адал болу үшін шайтанның азғыруына төтеп беріп, үздіксіз шайтанмен де, нәпсімен де күресумен болады» деп жауап береді.

Әюб ибн Тамими әс-Сахтияни: «Еңбек етіп, адалдан тапқан табысым аз болса да, тіленіп көп тапқан табысымнан жақсы» деген. Және бір сөзінде: «Еңбек ет. Өйткені ең үлкен бақыт басқаларға мұқтаж болмау» деген екен.

Бұл хадистер мен риуаяттардан адал еңбектің дұрыс екендігін түсінеміз. Бірақ жұмыс істеу адамды дүниеқоңыздыққа салып, құлшылықты тәрк еткізіп, тіпті Алланы ұмыттыруы да мүмкін. Егер бұлай болатын болса, жұмыс істеудің ақыреттік еш пайдасы болмайды. Сондықтан жұмыс істеу адамның қажеттілігіне қарай міндет болады.

Иманды мұсылман сауда жасауда өзіне, отбасына аса қажет болғандығы үшін жұмыс істеп жүрсе және құлшылығын да қалдырмаса, онда ол дүние мен ақыретін бірге алып жүрген нағыз тақуа адам болғаны. Ал егер отбасына жетерлік мал-мүлкі бола тұра одан артық табыс тапқысы келсе, дұрыс ниетте болуы керек. Мол табыс тауып садақа берейін, малымды көбейтіп зекет берейін, жұмыссыздарға жұмыс беріп көмектесейін деген ниетпен жұмыс істеуі қажет. Сонда ғана істеген жұмысының барлығы сауапқа айналады.

Ал егер тәкаппарлыққа салынып, достарына мақтаныш үшін еңбек етіп, мол табыс табуға тырысса, ниеті дұрыс болмағаны үшін бұл тапқан табысының еш пайдасы болмайды.

Олай болса нағыз тақуа кісі – діні мен дүниесін бірге алып жүре алған адам. Құранда 115 жерде ақырет сөзі келсе, 115 жерде дүние сөзі айтылған. Дін ғибадаттан тұрады, ал дүние тіршілікке қатысты салалардан тұрады. Әрбір адам өзінің жетік меңгерген саласын ары қарай дамытуы керек. Сол салада жетістікке жетіп еліне пайдалы болуы дінімізде үлкен сауапты іс саналмақ.

Алланың берген аманатын дұрыс қолдану иманды адамның міндеті. Егер адам баласы аманатқа қиянат жасап, арам пиғыл мен жетесіздік салдарынан талай теңіздің табаны құрғап, өзен сулары батпаққа айналып, ауа ластанып уға айналса, ақыретте бұлар үшін адам баласы сұралады. Құранда «Адамдардың істеген қылмыстары кесірінен құрлық та, теңіз де бүлінді» деп осы ақиқатты айтса керек. Бұл аятты нақтылайтын мына бір хадисте:

«Егер бұзақы адам қайтыс болса, жан-жануарлар мен ағаштар, ел мен сол елдің тұрғындары тыныштық табады» деген. Сондықтан бұл қылмыстарын тоқтатып, райларынан қайтуларын меңзеп аяттың соңында «мүмкін олар райынан қайтар»деп ескерткен. Адамдар істеген бүліктерін дұрыстауға тырысса, бұзуға емес тұрғызуға, ластауға емес тазартуға тырысса, көп еңбек етіп жер бетін гүлдендіру үшін қолдарынан келгенін жасаса, Құрандағы «муслихун», яғни «дұрыстаушылар» деген сипатқа лайықты болар еді.

«Үміт сәулесі» кітабынан алынды.

Sunna.kz

[1] Тирмизи, Әбу Сайдтен риуаят етілген.

[2] Ибн Адия, Ибн Омардан риуаят етілген.

[3] Табарани.

[4] Тирмизи.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.