Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Адамды әжуәлау, келеке ету

0 5  170

Мазақ ету дегеніміз біреуді сөзбен, жазумен, ым-ишара немесе әр түрлі әрекеттермен келеке ету, қате-кемшіліктерін жариялау және кекету арқылы көңіл көтеру.

Мазақ ету адам бойында кездесетін жағымсыз, әрі жаман мінездің бірі. Адамды мазақтау арқылы оның жүрегін жаралайды, намысына тиеді, көңілін қалдырады. Дінімізде әжуалау, келеке ету ең үлкен күнәлар қатарына жатады. Абыройына, намысына тиіп мазақталған адам мұны ешқашан оңайлықпен ұмытпайды. Осылайша адамдар арасында дұшпандық пен араздық пайда болып ел ішінде тыныштық кетеді.

Келеке мәселесіне келер болсақ:

1.Алланы және Пайғамбарды (с.ғ.с.) келеке ету. Бұл – адамды діннен шығаратын амалдардың бірі. Алла Тағала қасиетті Құранда:

قُلْ أَبِاللَّهِ وَآَيَاتِهِ وَرَسُولِهِ كُنْتُمْ تَسْتَهْزِئُونَ * لَا تَعْتَذِرُوا قَدْ كَفَرْتُمْ بَعْدَ إِيمَانِكُمْ

(Оларға): «Демек сендерден Алланы, аяттарын және пайғамбарын келемеждейсіңдер, солай ма?!» – деп айт. (Ей, екіжүзділер!) Сылтау айтып, ақталмай-ақ қойыңдар. Шынтуайтында, сендер иман келтірдік деп, құр ауызбен айттыңдар һәм содан кейін іштеріңе бүккен күпірліктеріңді паш еттіңдер, –дейді[1].

2.Сахабаларды әжуалау[2]:

Пайғамбармен (с.ғ.с.) бірге оның қасында қиын-қыстау кездері оған жәрдемдескен, әрдайым жанынан табылған, малымен, жанымен Алланың және Оның елшісінің жолында күрескен адамзаттың ардақты тұлғалары – саңлақ сахабаларға да тіл тигізуге, балағаттауға болмайды. Өйткені Жаратушының алдында олардың дәрежелері өте биік. Алла Тағала Пайғамбар (с.ғ.с.) мен оның айнымас жолдастарын былайша суреттеген:

 مُّحَمَّدٌ رَّسُولُ اللَّهِ وَالَّذِينَ مَعَهُ أَشِدَّاء عَلَى الْكُفَّارِ رُحَمَاء بَيْنَهُمْ تَرَاهُمْ رُكَّعاً سُجَّداً يَبْتَغُونَ فَضْلاً مِّنَ اللَّهِ وَرِضْوَاناً سِيمَاهُمْ فِي وُجُوهِهِم مِّنْ أَثَرِ السُّجُودِ

«Мұхаммед – Алланың елшісі. Ал оның қасындағылар кәпірлерге қатты, өз араларында мейірбанды. Сен олардың рукуғта, сәждеде Алланың мейірімі мен разылығын қалап жатқандығын көресің. Олардың белгілері – жүздеріндегі сәжденің ізі»[3].

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларының артықшылығы жайында айтып кеткен. Олар (р.а.) мұсылман үмбетінің көшбасшылары, қайсыбірінің ізіне ерген адам адаспайды. Өйткені, олардың (р.а.) ұстазы ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі еді. Атақты хадисте:

عَنْ عُمَرَ وَابْنِ عَبَّاسٍ وَجَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ مَرْفُوعًا أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »أَصْحَابِي كَالنُّجُومِ بِأَيِّهِمْ اقْتَدَيْتُمْ اهْتَدَيْتُمْ«. رَوَاهُ الدَّارِمِيُّ.

Омар (р.а.) Ибн Аббас (р.а.) және Жәбірден (р.а.) жеткізілген бір риуаятта сахабаларының артықшылығы туралы Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Сахабаларым жұлдыздар секілді, олардың қайсысының ізіне ерсеңдер де тура жол табасыңдар» [4], – деген.

Ақиқатында адамзат тарихындағы иман келтірген үмбеттердің ішіндегі ең ардақтысы мұсылман үмбеті, пайғамбарлардың ішіндегі ең шоқтығы биігі Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.). Демек, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жанында жүрген жолдастары, яғни сахабалар адамзаттың ұлы тұлғалары болмақ.

 Бір хадисте:

عَنْ عَبْدِ اللهِ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »خَيْرُ النَّاسِ قَرْنِي ثُمَّ الَّذِينَ يَلُونَهُمْ ثُمَّ الَّذِينَ يَلُونَهُمْ ثُمَّ يَجِيءُ قَوْمٌ تَسْبِقُ شَهَادَةُ أَحَدِهِمْ يَمِينَهُ وَيَمِينُهُ شَهَادَتَهُ«. رَوَاهُ البُخَارِيُّ.

Абдулла ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Адамдардың ең қайырлысы менің замандастарым, сосын олардан кейін келгендер, сосын олардан кейін келгендер. Сосын куәлігі антына, анты куәлігіне сай келмейтін бір қауым келеді»[5] – деп, алғашқы дәуір мұсылмандарының мәртебесін паш еткен.

3.Алланың иман еткен құлдарын келеке ету:

Мұсылман мұсылманды ешуақытта келе етпейді оны әжуламайды. Алла Тағала Құран Кәрімде:

إِنَّ الَّذِينَ أَجْرَمُوا كَانُوا مِنَ الَّذِينَ آَمَنُوا يَضْحَكُونَ وَإِذَا مَرُّوا بِهِمْ يَتَغَامَزُونَ

«Күнәға белшесінен батқан кәпірлер дүниеде мүміндерді келемеждеп, күлетін еді. Олардың қасынан өткенде бір біріне ишарат жасап, ымдап оларды келемеждеп, кемсітетін еді»,[6] – деді.

4.Жалпы адамзатты келеке ету: адамды келеке ету, оның кемшілігін ашу. Алла Тағала Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا يَسْخَرْ قَوْمٌ مِّن قَوْمٍ عَسَىٰ أَن يَكُونُوا خَيْرًا مِّنْهُمْ وَلَا نِسَاءٌ مِّن نِّسَاءٍ عَسَىٰ أَن يَكُنَّ خَيْرًا مِّنْهُنَّ ۖ وَلَا تَلْمِزُوا أَنفُسَكُمْ وَلَا تَنَابَزُوا بِالْأَلْقَابِ ۖ بِئْسَ الِاسْمُ الْفُسُوقُ بَعْدَ الْإِيمَانِ ۚ وَمَن لَّمْ يَتُبْ فَأُولَٰئِكَ هُمُ الظَّالِمُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Араларыңнан бір қауым басқа бір қауымды келемеждесін! Қайдан білесіңдер, бәлкім мазаққа ұшыраған қауым өзін мазақ қылған қауымнан әлдеқайда қайырлы шығар. Сондай-ақ әйелдер де бірін-бірін келемеждемесін! Бәлкім мазаққа ұшыраған әйелдер өздерін мазақ қылған әйелдерден анағұрлым қайырлы болар. Бір-біріңді кемсітпеңдер! Біріңді бірің намысқа тиетін лақап атпен атамаңдар. Адам баласының иман келтіргеннен кейін күнәһар деген жаман атқа қалуы қандай жаман! Кімде-кім тәубесіне келіп, мұндай жаман қылықтан дереу арылып, Аллаға бет алмаса, міне солар нағыз залымдар!»[7].

Ибн Аббас бұл аяттың түсу себебін былай айтқан: «Сабит ибн Қайс ибн Шаммас деген кісі жайлы түскен. Ол кісінің құлағында мүкісі бар еді. Пайғамбармен (с.ғ.с.) болған жиындарда ол кісі Пайғамбарға (с.ғ.с.) жақын отыратын еді. Адамдар ол кісіге орын беретін. Бір күні таң намазының бір рәкағатына кешігіп қалады. Пайғамбар (с.ғ.с.) намаздан соң жамағатқа қайырылып отырған кезде адамдар ол кісінің жан-жағына жайғасып отырып қалысады. Сабит ибн Қайс намаздан соң жол ашыңдар, жол ашыңдар деп келіп Пайғамбардың (с.ғ.с.) қасына арада бір адам тұрарлықтай қашықтықта жақындайды. Өзімен Пайғамбар (с.ғ.с.) арасында тұрған адамға: «Орын бер!» – дейді. Ол адам оған: «Сол тапқан орныңа отыра бер», – деп, орын бермейді. Сабит ибн Қайс ол кісіге ашуланып оның артқы жағына отырады да қасындағылардан: «Бұл кім?» – деп сұрайды. Адамдар: «Ол пәленше», – деп кім екенін айтады. Сонда ол: «Пәленшенің баласы ғой», – деп ол кісінің жаһилият дәуіріндегі жаман істерін айтып ұялтады. Міне, осы кісіге қатысты осы аят түсті» [8].

Адамды келеке ету, оны әжуалау оған жасалған азаптаудың бір түрі. Алла Тағала бұл жайында:

                                وَالَّذِينَ يُؤْذُونَ الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ بِغَيْرِ مَا اكْتَسَبُوا فَقَدِ احْتَمَلُوا بُهْتَانًا وَإِثْمًا مُّبِينًا

«Сондай-ақ мүмін ерлерді және мүмін әйелдерді (орынсыз сөздер және әрекеттермен) нақақтан-нақақ ренжіткендер қып-қызыл жала жапқан һәм анық күнә арқалаған болады»[9].

Келеке етудегі мақсат біреудің абыройын түсіру, кейбір кемшіліктерін тілге тиек етіп, масқаралаудың бір түрі. Адамды келеке етудің бірнеше түрі бар:

1. Лақаб атпен келеке ету:

Адамның жаратылысындағы бір кемшілігіне, түр әлпетіндегі ерекшелігіне, денесіндегі мүкіске, басынан өткен оқиғаға орай атау беріп, сонысын әрдайым шұқып бетіне басып отыру. Осы орайда Алла Тағала Құран Кәрімде:

               وَلَا تَلْمِزُوا أَنفُسَكُمْ وَلَا تَنَابَزُوا بِالْأَلْقَابِ ۖ بِئْسَ الِاسْمُ الْفُسُوقُ بَعْدَ الْإِيمَانِ ۚ وَمَن لَّمْ يَتُبْ فَأُولَٰئِكَ هُمُ الظَّالِمُونَ

«Бір-біріңді кемсітпеңдер! Біріңді бірің намысқа тиетін лақап атпен атамаңдар. Адам баласының иман келтіргеннен кейін күнәһар деген жаман атқа қалуы қандай жаман! Кімде-кім тәубесіне келіп, мұндай жаман қылықтан дереу арылып, Аллаға бет алмаса, міне солар нағыз залымдар!»[10], – деген.

Егер лақаб атпен атаудағы мақсаты – оның кім екенін жеткізу немесе сол лақаб ат оның ар-намысына тимейтін болса, бұл жағдайда оғаштығы жоқ. Хадис ғалымдары да хадисті жеткізуші адамдар тізбегіндегі аттардың жиі қайталануынан екі бірдей немесе одан да көп есімдерді айыру үшін лақаб ат қолданғаны тарихта мәлім.

2. Кедейлігін бетке басу:

Ұлы хикмет иесі Алла біреуге дүние берсе, енді бір адамды пақыр кедей қылады. Алла осылайша құлын сынап, иманын кәміл етеді. Кей адамдардың кештегі бір тамақтануы, бір адамның бір айлық тапқан табысына тең болуы мүмкін. Бай болса кедейдің жұпынылау киімін, жеген азығын, тұратын үйін сөз етіп, масаттанып, тәкәппарланады.

Кей жағдайда құдалар арасында болатын жайт. Екі құданың бірі кедей болса, соны сөз етіп келіннің не, күйеу баласының бетіне басып отырады. Шын ықыласымен тарту еткен сый-сияпаттарын әңгіме қылып, келемеждеуі нағыз тәкәппарлық.

Алла Тағала ондай тәкәппар адамдар жайында:

إِنَّهُ لاَ يُحِبُّ الْمُسْتَكْبِرِينَ

«Шындығында Ол (Алла) тәкаппарларды ұнатпайды»[11], – деген.

Алла Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) менмендік, тәкаппарлық жайында құдси хадисте: Раббысынан мынадай хабар жеткізген:

                قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:» يَقُولُ اللَّهُ تَعَالَى: الْكِبْرِيَاءُ رِدَائِي، وَالْعَظَمَةُ إزَارِي، فَمَنْ نَازَعَنِي وَاحِدًا مِنْهُمَا أَلْقَيْتُهُ فِي جَهَنَّمَ

«Алла Тағала былай дейді: «Тәкаппарлық пен ұлылық Маған ғана тән. Кімде-кім сол сипаттарға менімен таласатын болса, оны жәһаннамға лақтырамын», – деді[12].

3. Жаратылыс ерекшелігі:

Ерекше мейірімді Алла Тағала адам баласын әртүрлі етіп жаратқан. Бірін ақ, бірін қара, енді бірін сары қылса, пішіндері де бірдей емес бірі жуан бірі арық, бірі қысқа енді бірі ұзын. Бұл сипаттар бөгде біреудің келекесіне, қызу әңгімесіне айналмауы тиіс.

Мұсылман – мұсылманның бауыры, ол оны сатпайды, опасыздық істемейді, мазақ етпейді. Өйткені, адамды әжуалап оны келеке етуің көркем жаратылыс иесі адамзатқа соның ішінде мұсылманға тіл тигізуің одан да ауырырақ. Алла Тағала Құран Кәрімде:

اللَّهُ وَلِيُّ الَّذِينَ آمَنُوا

«Алла иман келтіргендердің жанашыр досы»[13], –деп, келтірді.

Өзгелердің артынан сөйлеп, келеке қылу, мазақ ету бүгін сені қуандыруы мүмкін, бірақ бүгіннің де ертеңі бар. Ертең әділетті Алланың құзырына барғанда бұл күнәңа қандай уәж айтасың?!

 Қорыта айтқанда, мұсылман кісі мұндай жаман қасиеттен бойын аулақ ұстап, керісінше көрген жерде хал-жағдайын сұрасып, айыбын жасырып, жақсысын асырып көңілін табуды мақсат тұтсын. Жүрегінде Аллаға деген иманы бар адам мұсылманды менсінбеу, өзінен төмен санау секілді әрекеттерге бармайды. Себебі, Алладан шын қорыққан адам мұндай мінездерден арылады.

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

[1] «Тәубе» сүресі, 64-65 аяттар.

[2] http://fatua.kz/kz/post/view?id=428

[3] «Фатх» сүресі, 29-аят.

[4] Дәрими риуая етеді.

[5] Бұхари хадистер жинағы

[6] «Мутафифин» сүресі, 29-30 аяттар.

[7] «Хужурат» сүресі, 11-аят.

[8] Бағауидің тәпсірінде келген.

[9] «Ахзаб» сүресі, 58-аят.

[10] «Хужурат» сүресі, 11-аят.

[11] «Нахыл» сүресі, 23-аят

[12] Муслим, Ибн Мәжә хадистер жинағында келген

[13] «Бақара» сүресі, 257-аят.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.