Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Адамдар бір-бірінен тақуалықпен ғана озады

0 1  370

Археологиялық қазбалардың нәтижесіне үңілсек, барлық жерде ғибадатханалар бар. Тарихта атеистер өте аз болған. Демек, қай заманда да, қай жерде де құлшылық жасалған. Бірақ, құлшылық Алла мен Оның Елшісі көрсеткендей жасалмаса, қабыл болмайды.

Алла тағала «Зәрият» сүресінің 56-аятында: «Мен жындар мен адамдарды өзіме құлшылық қылулары үшін жараттым», – дейді. Құлшылық қылған адам сауапқа кенеледі, парыз, уәжіп амалдарды атқармағандар күнә жамайды, сүннет амалдарды атқармағандар Пайғамбар (с.а.у.) шапағатынан құр қалуы мүмкін.

«Құлшылық не?» деген сұраққа бір ғалым: «Кімде-кім Алланы таныса, оны сүймеуі мүмкін емес, кім Алланы сүйсе, оған басын имеуі мүмкін емес, кім Аллаға басын исе, оның екі дүниеде бақытсыз болуы мүмкін емес», – деген.

Тек құлшылық қылғанда артық қыламын деп, тыртық қылуға да болмайды. Тура жол деген орта жол екенін ұмытпайық.

Тақуалықтың артықшылығы

Тақуалықтың артықшылығын баяндайтын бүкіл аяттарды келтіргім келді, содан ондай аяттардың саны жүз елуге жетті. Соның ішінде қырықтан астам аят тақуалыққа ашық түрде бұйырған, қайталанып келген аяттардың ішінен біреуін келтірумен шектелдім.

Аяттарды Құрандағы тәртіппен жазбадым, аяттағы мағынасына қарай жаздым.

Тақуалықтың артықшылығын баяндайтын аяттар:

«Ақиқатында, Алланың құзырындағы ең ардақтыларың – ең  тақуаларың» (Хурурат, 13-аят).

«Ақиқатында, (Ізгілікті) Алла тек тақуалардан қабыл алады» (Маида, 27-аят).

«Оның (Әл-Харам мешітінің) өкілдері тек тақуаларға ғана» (Әнфәл, 34-аят).

«Ал Алла – тақуалардың қамқаоршысы» (Жасия, 19-аят).

«Ақиқатында, Алла тақуаларды жақсы көреді» (Тәубә, 7 –аят).

«Ол (Алла) кімнің тақуа екендігін жақсы біледі» (Нәжім, 32-аят).

«Ал (қисапсыз нығметке толы мәңгілік бақыт мекені) ақырет болса, Раббыңның құзырында тақуалардың еншісінде» (Зухруф, 35-аят).

«Сондай-ақ, иман етіп, Аллаға қарсы келуден қорыққан тақуа жандар үшін ақыреттегі сый-сияпат, расында да, әлдеқайда хайырлы» (Юсуф, 57-аят).

«Тақуа жандарға уәде етілген жаннат бақшаларының мысалы мынандай: (Бау-бақшаларының  және зәулім сарайларының) іргесінен өзендер ағып жатады» (Рағыд, 35-аят).

«Тақуа жандардың ақырғы мекені қандай ғажап еді! Қисапсыз нығметке толы мәңгілік бақыт мекені Адн жаннаттары; олар сол жерге кіреді. Ол жерде (жайқалған жасыл баулардың арасынан және зәулім сарайлардың іргесінен) өзендер ағып жатады. Онда олар не қаласа, соның бәрі табылады. Міне, Алла тақуа жандарды осылай сый-сияпатқа бөлейді. Періштелер ондай тақуа жандардың жанын (күпірлік, кешірілмес күнә, зұлымдық атаулыдан ада болған) пәк күйінде алады. Һәм оларға: «Сендерге есендік пен тыныштық тілейміз! Істеген игі істерің үшін жұмаққа кіріңдер», – деп қошемет көрсетеді» (Нахыл, 30-32 аяттар)

Осындай мағынада көптеген аяттар айтылған.

Тақуалықтың артықшылығын баяндайтын хадистер:

Әбу Заррдан (Р.А): «Пайғамбар (с.а.у) Әбу Заррға: «Қарағын, ақиқатында, тақуалықпен озбасаң сен қызыл нәсілдіден де, қара нәсілдіден де артықшылығың жоқ», – деп айтқан (Имам Ахмад).

Әбу Сағид Худриден (Р.А): «Бір ер адам Пайғамбарға (с.а.у.) келіп: «Уа, Алланың пайғамбары! Маған өсиет айтыңыз», – дейді. Ол: «Саған Алладан қорқуды өсиет етемін, өйткені бұл – барлық жақсылықтың көзі», – деп айтты (Әбу Яғла).

«Тақуалық» сөзінің мағынасы

«Тақуалық» сөзінің араб тіліндегі мағынасы:

Араб тілінде «тақуа» сөзі «уақа, иттақа» етістігінен туындаған. «Уиқая» сөзі аса қатты сақтану, қорғану деген мағынаны білдіреді. Бұл сөз «уақия» түбірінен шыққан. Сөздегі «уау», «тә» әрпіне, ал «иә», «уау» әрпіне өзгерген, сөздегі «әлиф» тәнис үшін келген, Құранда: «Алә тақуа минАлла» деп айтылған (Тәубә, 109-аят).

«Тақуалық» сөзінің шариғи мағынасы:

Шариғатта тақуалық сөзінің екі мағынасы бар:

Жалпы мағынасы: «қорғану, ақыретте зиян келтіретін әрбір нәрседен алыс жүру».

Тақуалық артып не кеміп отырады. Тақуалықтың ең төменгі сатысы: тозақта мәңгі қалдыратын серік қосудан аулақ болу. Ал тақуалықтың ең биік дәрежесі: Адамның ішкі жан дүниесін хақтан алдандырып қоятын нәрседен сақтану және хаққа бар күшімен ұмтылу. Міне, осы Алла Тағаланың: «Алладан шынайы түрде тақуалық қылып қорқыңдар» деп айтқан сөзінің хақиқи мағынасы (Әл-Имран, 102  аят).

Арнайы мағынасы: «Шариғатта берілген анықтама бойынша тақуалық күнә істеу немесе бұйрықты орындамау сияқты адамды жазаға лайық ететін амалдан адам өзін сақтау, үлкен күналардан аулақ болу».

Тақуалыққа жетудің жолдары

Тақуалыққа тек күнәлардан сақтанып, олардан тыйылу және ізгі істерді жасап, оларды тиянақты орындау арқылы ғана қол жеткізуге болады. Шариғат бұйрығымен бекіген орындамау адамды жазаға лайық етеді.

Тақуалық және күнәлардан сақтану туралы бірінші естігенде адам ойына ең әуелі намазды оқымау, ораза ұстамау сияқты «ғадамият» күнәлар емес, әуелі ойына зина, шарап ішу сияқты «ужудият» күнәлар келеді. Сол үшін «Ғадамият» күнәлар үлкен күнәлардың ішіндегі ең ауыр күнәлар саналады. Бірінші «ужудият» күнәлар туралы егжей-тегжейлі баяндаймыз, сонан соң «ғадамият» күнәларға тоқталамыз.

Мінез-құлықтың нашарлығы, мансапқұмарлық (мақтау мен алғыс естуге құмарлық), күпірлік, нәпсісіне қарсы тұра алмау, біреудің артынан еш дәлелсіз, ақылға салмай еру, рия, үміт пен қорқынышты орынды сақтау, тәкаппарлық, жалбақтау мен жағымпаздық, пенденің өзіне тамсануы, күншілдік, билікке құштарлық, қорқақтық, ашушаңдылық, опасыздық, уәдеде тұрмау, жалаң ой мен күмәнға сүйеніп Алла тағала мен мүміндер туралы жаман ойлау, ысырапшылдық, сараңдық, дүниеқұмарлық, асығыстық, істі кейінге қалдыру, шегеру, дөрекі, тасжүрек болу, арсыздық, тағдырға налу, шүкірсіздік, жазмышқа риза болмау, Алладан басқаға сенім арту, пасық адамдарды жақсы көру және залым адамдарға арқа сүйеу, ғұламалар мен ізгі адамдарды жек көру, Алла тағаладан сескенбеу және Оның азабынан, ашуынан қорықпау, Алланың рахымынан үміт үзу, дүние ісі үшін мұңаю, қайғыру, дүние ісі үшін қорқу, алдап зиян тигізу, жек көру, фитна (бүлік), ақиқатты айтпай, үнсіз-шайтан болу, пенде мен затқа арқа сүйеу, ұшқалақ-жеңілтектік, жасандылық, ішкі дүние мен сыртқы ісі сәйкес келмеу, білімі жетпейтін нәрсені қазбалау, өресі тар болу, қомағайлық, шаһуатқа берілу, күнәдан бос нәрседен қайтпау.

Тақуалықпен бірге болатын жетпіс сегіз түрлі жақсы мінез-құлық

Имандылық, әһли сүннет уа әл-жамағат сенімінде болу, ықылас, ихсан, кішіпейілділік, Алланың нығметін айтып жүру, насихат, тасаууф, адамның өз жанын жамандыққа қимауы, ақырет амалына қызығу, сақилық, ақиретті артық көру, бекзаттық, батылдық, даналық, шүкірлік, тағдырға риза болу, сабырлық, Алла тағаладан қорқу, Алла үшін мұңаю, үміт ету, Алла үшін жек көру, Алла үшін жақсы көру, тәуекел, қарапайымдылықты жақсы көру, сөгісті де мақтауды да бірдей қабылдау, нәпсімен күресу, ниетке адал болу, үмітке салынбау, өлімді еске алу, істі Аллаға тапсыру, Аллаға берілу, білім алу мақсатында кішірейіп, жалбақтау, ішкі жан-дүниенің өшпенділіктен таза болуы, батырлық, ұстамдылық, жұмсақтық, асықпау, уәдеге адал болу, уәдені орындау, жақсы ойлау, зухд, қанағатшыл болу, саналы болу, еңбектену, Аллаға жалбарынғыш болу, ақырет амалына асығу, мейірімділік, қайырымдылық, арлы болу, діннің бұйрығына табанды болу, Алладан жұбаныш табу, Алланы сағыну, Алланы жақсы көру, байсалдылық, зеректік, ар тазалығы, түзу жүру, әдептілік, парасаттылық, ой жүгірту, шыншылдық, Аллаға құлшылық қылуға байлану, нәпсіге талап қою, Алланың бақылап тұрғанын әрдайым есте ұстау, адамның өзінен есеп алуы, өзін қателік үшін сөгу, өзіне жаза қолдану, ашуды жұту, кешірімді болу, әрдайым ниетті болу, құлшылықты орындау ниетімен ұзақ ғұмырды қалау, тәубешіл болу, Алладан шынайы түрде қорқу, шынайы сенім, ғибадатшыл болу, жанның азаттығы, әрдайым ізгілікті қалау.

Әрбір істің жоғары деңгейі болады, құлшылықтың шыңы – тақуалық.

Мұратбек ЖАХАТОВ

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.«Әз Пайғамбар хақ жолы» кітабы, аударған Е.Д. Оразов. –Алматы, 2019.

2. Ерсін Әміре «Тахауи ақидасы» аудио жазбалары.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.