Бірде Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен бірге той дастарқанына барады. Бесін намазын оқып болып, дастарқан басына отырады. (Дастарқанға тарту етілген ас) түйе еті екен. Кенет, көпшілік арасынан жағымсыз иіс шығады. Ешкім үндемейді. Екінті уақыты келіп, азан шақырылады. Әлгі дәреті бұзылған кісі дәрет алып келуі керек. Бірақ, әлі ешкім оның кім екенін білмейді. Алайда, дәл қазір оның масқарасы шығайын деп тұр. Сахабалар “сен бе едің?”, демесе де, өзі ұяттан жер болары анық. Бірақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) “Түйе етін жеген баршаң әрет алыңдар”,-деді. Сонда адамдар; “Уа, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)! Барлығымыз бұл етті жедік ғой”, – деген еді, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) “Барлығың дәрет алыңдар”, – деді (әлгі сөзін қайталап). Міне, осылайша Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ыңғайсыз жағдайға тап болған сахабаны ұятқа қалдырмай аман алып қалды. Демек, адам өз ұятын сақтаумен бірге, қажетті жағдайда кісінің де ұятын қорғауы керек.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын); “Ақиқатында, Пайғамбарлар сөзінен адамдарға жететіні – “Ұялмайтын болсаң қалағаныңды істе” (Бұхари), деген екен. Фудайл бин Ғид бақытсыздықтың бес белгісінің бірі ретінде “ұяттың аздығын ” айтса, Сирру Сақафи; “Ұят пен адамгершілік жүрек есігін қағады. Жүрек ішінен тақуалық пен діндарлықты көрсе, сонда қалады. Әйтпесе, жөніне кетеді”, – деген екен.
Төлеби қажы Оспанның “Ұят – иманнан” мақаласынан алынды.
“Иман” журналының 2021 жылғы №10(207) саны.