Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құран және ғылым: Жаңбырдағы өлшем

0 1  302

Құран Кәрімде жаңбырдың белгілі бір мөлшерде жауатыны туралы былай делінген:

«Алла Тағала көктен белгілі бір мөлшермен су жіберуде. Біз онымен өлі бір өлкеге жан беріп, құлпырттық. Міне, сендер де осылай қайта тірілесіңдер» («Зухруф» сүресі, 11-аят).

Жаңбырға байланысты айтылған бұл мөлшер де технология мен ғылымның дамыған біздің заманымызда табылып отыр. Зерттеулердің нәтижесі бойынша, жер бетінен секундына 16 миллион тонна су буланып ауаға көтеріледі. Бұл мөлшер жылына 505 триллионды құрайды. Дәл осы мөлшер бір жылда жер бетіне жауатын жаңбырдың да мөлшері екендігі таңдандырады.

Яғни, су әрдайым белгілі бір тепе-теңдікте айналып тұрады. Егер бұл тепе-теңдікте өзгеріс туа қалса, әлемде үлкен экологиялық ауытқулар белең алып, тіршіліктің тоқтауына әкеліп соғу да бек мүмкін.

Жаңбырдағы мұндай аса бір шебер өлшем тек оның мөлшерінде ғана емес, сонымен қатар жерге түсу жылдамдығында да байқалады. Жаңбыр бұлттары ең аз дегенде 1200 метр биіктікте болады. Егер де үлкендігі мен салмағы жаңбыр тамшысындай бір зат мұндай биіктіктен құласа, жерге 558 км/сағ жылдамдықпен келіп түсер еді.

Алайда, жаңбыр тамшыларының ерекше формасы бұған мұрсат бермейді. Жаңбыр бұлттары қандай биіктікте болса да, тамшылардың жер бетіне түсетін жылдамдығы орташа алғанда 8-10 км/сағ-дан аспайды (Адем Якуп, Куран мужизелері. Несил Матбажылык, 2003 ж.).

Атақты батыс-шығыс ғалымдарының Құранға таң қалып, оның Иләһи кітап екендігін мойындап, растауы ойланғанға ғибрат. Мысалға: C. Харт: Құранның Алла тарапынан Пайғамбарымызға (с.а.у.) уахи арқылы жіберілгендігін, Жан Поуль Роул: Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ең үлкен мұғжизасының періште арқылы жіберілген Құран Кәрім екендігін, Виктор Имбердес: Құранның бүтін заң негіздеріне қайнар көзі бола алатындай бай кітап екендігін, Доктор М. Букайле: Құранның көптеген ғылыми жетістіктердің негізін қамтығандығын толық зерттеп және ондағы басқа да ақиқаттарға тәнті болып, мұсылман болғандығын, Родвел: Құранды оқыған сайын таң қалатындығын айтса, Гете: Бұл кітап (Құран) мәңгілік күш – қуаттың қайнар көзі болып қала бермек, Капитан Кусто: «Қазіргі ғылымды он төрт ғасыр артқа тастаған Құранға ант етейін, ол – Алланың хақ сөзі» деген. Абай атамыз: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз еш уақытта жалған болмас», – деп Құранның хақ екендігін білдірген.

«Имани гүл» кітабынан

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.