Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Иман сөзіне түсінік

0 1  448

Иман сөзі – араб тіліндегі «ә-мә-нә» етістігінен шығып, ифғал бабында қолданылған масдар (түбірі етістік болған, туынды есімдік) болып саналады.

Ал жалпы иман ұғымы – бір адамның сөйлеген сөзін қуаттау, айтқанын қабыл ету, шын көңілімен қабылдау, күмәнға жол берместен нақты, жүрекпен, шын ықыласпен сену деген мағыналарды береді. Иман еткен кісі «мумин», иман етілген нәрселерге де «муминун биһ» дейді.

Иман сөзінің шариғаттағы мағынасы – Хазіреті Пайғамбарға (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Алла Тағаладан жеткен нақты үкімдерді растап, ешбір күмәнсіз қабыл ету, әрі бұлардың хақтығына шын көңілмен сену болып табылады (Сайм Клавуз, ж.к.е., 17-бет).

Иман етудің негізгі қағидасы жүрекпен бекітіп, тілмен айту. Себебі, бір адамның толық мұсылман болуы үшін иман негіздерін жүрегімен қуаттап, тілімен сенгендігін айтуы тиіс.

а) Иман негіздерін жүрекпен бекіту (тасдиқ)

Иманның негізгі шарты жүрекпен қуаттау болып келеді. Себебі, аяттар мен хадистер иманның жүректе болатындығын білдіреді. Иман қолмен ұстап, көзбен көрінетін нәрсе емес, тек жүрекпен сезіледі. Мұны мынадай аяттардан анық байқауға болады.

«Әй, пайғамбар! Ауыздарымен: «Сендік», – деп жүректері сенбегендермен яһудилерден күпірде жарысқандар сені кейітпесін» (5.Майда-41).

«Бәдәуилер: «Иман келтірдік», – деді. Мұхаммед оларға айт: «Сендер иман келтірмедіңдер. Алайда, «Мұсылман болдық» деңдер. Өйткені иман жүректеріңе кірмеді»(49.Хужурат-14).

Міне, осы екі аят бізге жүрегіне иман кірмеген, әрі толық қуаттамаған адамның жағдайын баян етуде. Бұл екі аят негізінен жүрегімен иман етпеген бәдәуи арабтар жайында түскен.

Өйткені, олар Пайғамбарымыздан (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) бір зат алу ниетімен өздерін мұсылман ретінде көрсетіп: «Біз де иман келтірдік», – дейді. Бірақ, Алла олардың иман етпегенін, тек тілімен айтқандықтан жүректеріне әлі иман кірген жоқ, жай тілмен айтып тұрғанын баян етеді.

Ал мына аят:

«… Міне солардың жүректеріне Алла иман жазған, әрі оларды өз жағынан бір нұрмен қолдаған» (58.Мужадәлә-22) – деп, мәңгілік жәннәтта болатын жандардың иманынан хабар береді.

Енді, иманның жүректің қуаттауынан тұратындығы жайлы айтылған хадистерді келтірелік.

1) Усама ибн Зәйд ибн Харис бір жорық кезінде мүшріктермен қақтығысады. Сонда Усама ибн Зәйд шайқас үстінде бір адамның басын алмақ болғанда әлгі адам: «Лә иләһә иллаллаһ (Алладан басқа құдай жоқ)», – дейді. Усама оның бұл айтқан сөзіне мән берместен шауып тастайды. Себебі, оны әлгі тұтқын өлімнен қорыққандықтан айтты деп пайымдайды. Усама жорықтан оралған соң болған оқиға жайлы Пайғамбарымызға (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) айтқанда, Алла Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) ашулы кейіппен:

«Өлтірген адамның рас айтып, айтпағанын қайдан білесің? Әлде оның жүрегін жарып көрдің бе?- дейді» (Муслим, Иман-41; Әбу Дәуіт, Жиһад-95; Ибн Мажа, Фитән-1).

Міне, хадистегі Хазіреті Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Жүрегін жарып көрдің бе?» деген сөзі иманның жүректің қуаттауымен (тасдиқы) болатындығына айқын дәлел.

2) Хазіреті Пайғамбарымыз бір хадис шәріпте былай дейді:

«Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед Алланың Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) екендігіне шын жүрегімен куәлік еткен кісіге Алла жәһәннәмды харам еткен» (Муслим, Иман-17).

3) Басқа бір хадисте былай дейді: «Алла жәннәттықтарды жәннәтқа, жәһәннәмдықтарды жәһәннәмға тастайды. Содан кейін: «Қараңдар, жүрегінде титтей иман болған біреуін тапсаңдар, оны жәһәннәмнан шығарыңдар», – дейді» (Бухари, Иман-15; Муслим, Иман-82).

Осы айтылған аяттар мен хадистер бізге иман етуде жүректің қуаттауы бірінші шарт екендігін білдіреді. Егер бір адам жүрегімен сенбестен, тілімен кәлима айтса, ол иман еткенге жатпайды (А. Лүтфи Казанжы. Ислам акайди, Истанбул, 1997, 11-12-бет; Сайм Клвуз, Акиф Көтен, Осман Четин, Хүсейн Алгүл, ж.к.е., 101-102-б.).

Ал, егер керісінше жүрегімен сеніп, тілімен айтпаса, біз оның кім екендігін, оған деген көзқарасымыздың қалай болатындығын білмейміз. Мысалы, бір адам өзінің мұсылман екендігін айтпаса, бірақ жүрегімен сенсе, шариғаттың үкімдерін оған қалай орындатасыз? Оның мұсылман ба, әлде мұсылман емес пе оған көзіңіз анық жетпейді. Бірақ, оның жүрегіндегіні Алла біледі, сол себепті ақыретте мумин есебінде болады.

Алайда, жүрегімен сеніп, қуаттаған бірақ, тілсіз, мылқау, яки өлімнен қорқып сенімін айтпастан кәпірмін, атеистпін деп айтқан кісі де мумин болып саналады. Өйткені, Аммар ибн Ясир есімді сахабаның басынан осындай оқиға өтеді.

Аммар ибн Ясир жанұясымен ислам дінін қабылдаған алғашқы мұсылмандар болатын. Меккеде күн санап мұсылмандардың саны артып келе жатқаны мүшріктердің жанына батып, Исламды қабылдаған мұсылмандарды дінінен қайтару үшін зорлық пен зұлымдыққа көшеді.

Осы зорлық пен зұлымдықтың құрбаны болғандардың қатарында Аммар ибн Ясирдің жанұясы бар еді.

Мүшриктер Аммардың әке-шешесін ыстық құмның үстіне жатқызып, дінінен қайту үшін әбден қинап, жәбірлейді. «Менің құдайым Лат, Манат, Узза», – деп айтқызбақ болғанымен жүрегінде иманы берік Аммардың анасы Сумәйя мен әкесі Ясир: «Алладан басқа тәңір жоқ», – деп, айтқандарынан қайтпайды. Содан мүшриктер Сумәйя мен Ясирді жауыздықпен шәхит етеді.

Бұл уақиға Ислам тарихында алғаш шәхит болған әйел мен ер сахаба ретінде есімдері Ислам тарихында алтын әріппен жазылып қалады. Әке-шешесін көз алдында өлтірген соң Аммар шарасыздықтан: «Менің құдайым Лат, Манат, Узза», – деп айтып, аман қалады. Содан Хазіреті Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) құзырына барады да: «Мен құрыдым, біттім, Алла мені кешірмейді», – деп өкініш сезімін айтып, басынан өткен оқиғаны айтып береді. Хазіреті Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) оған: «Сен сол сөзді айтқанда шын жүрегіңмен айттың ба, әлде жүрегіңде иманың бар ма еді?», – деп сұрайды. Аммар: «Ол кезде менің жүрегім иманға толы еді, бірақ мен жанымды құтқару үшін олардың айтқандарын істедім», – деп жауап береді (Дамира Өмірзаққызы Ибрагим. Адамзаттың асыл тәжі, Алматы, 2004, 2 басылым, 175-177-бет).

Осы оқиғадан кейін Алла Тағала мына аятты түсіреді де, Аммардың кәпір болмағанын, керісінше мумин екендігін баян етеді:

«Жүрегі иманмен орныққаннан кейін зорлық көрген адамнан басқа жандар иман келтіргеннен кейін Аллаға қарсы келсе, сондай-ақ біреу көңілін имансыздыққа берсе, оған Алланың ашуы және оларға зор азап бар» (Нахыл-106).

б) Сенгенін тілімен айту (иқрар)

Иман  жүрекпен  бекітілген  соң,  оны  тілмен  айту керек.  Тілмен  айтылмаған  жағдайда  ол  адамның  кім екендігі  белгісіз  болғандықтан,  шариғаттың  бұйырған көптеген амалдарын ол кісі үшін жасай алмаймыз. Мысалы,  қарапайым  сәлем  беру  әдетін  мұсылман  екендігі белгісіз  болған  кісіге  берілмейді.  Өйткені:  «Әс-сәләму алайкум»  деп  мұсылман  бауырыңыздың  амандығын тілеген боласыз. Мұсылман емес кісіге: «Әс-сәләму алай-кум», – деп айтылмайды (дұрысы олар сізге не тілесе, сіз де өзіне соны тілейсіз). Осы тектес көптеген мысалдарды келтіруге болады.

Адамның жүрегінде не бар екендігін тек Алла біледі. Бірақ, Алла Тағала Құранда:

«Аллаға және бізге түсірілген нәрселерге иман еттік деп айтыңдар….»(Бақара-136) деп иман еткенімізді тілмен айтуымызды бұйырады.

Иман  етуде  тілмен  айтудың  қаншалықты  маңызды екенін  Пайғамбарымыздың  (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!)  мына  хадистерінен де байқауға болады:

«Адамдар: «Алладан басқа тәңірі жоқ, Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Оның елшісі» деп айтқанға дейін олармен соғысуға бұйырылдым. Қашан осы сөзді айтатын болса, жаны мен малын менен құтқарған болады. Бірақ діни жазалар бұдан басқа. Ішкі жан дүниесінің есебі Аллаһқа қалады» (Бухари, Жиһад-102; Иман-17; Муслим, Иман-8; Әбу Дәуіт, Жиһад-104).

«Жүрегінде  бидайдай,  арпадай  иманы  болып «Алладан басқа тәңірі жоқ, Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Оның елшісі» деген адам жәһәннамнан шығады» (Бухари,  Иман-33; Тирмизи, Жәһәннам-9; Ибн Мажа, Зухд-37).

Имам Ағзам Әбу Ханифа «Фиқһул Әкбәрда»: «Иман тілмен  иқрар  (айту),  жүрекпен  тасдиқ  (қуаттау)» (Имам Ағзам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабит, Фиқһул әкбәр, түркиге тәржімалаған және таузих жазған Сайид Махмуд ат-Тарази, Баспаға дайындаған: Дайрабай Серікбайұлы, Алматы, 2000, 14-бет), – деп түйіндейді.

Иманды жүрегімен қуаттамаған  кісі,  тілімен  иман келтіретін болса, ондай кісі мунафиқ болады. Мунафиқ дегеніміз жүрегімен сенбестен, тек көзбояушылық ниетпен сырт көзге мұсылман болып көрінген екіжүзді кісі.

Дегенмен бір адамды мунафиққа жатқызу үшін алдымен оның  бойында  екіжүзділіктің  нышандары  бар  ма,  жоқ па соны айырып алу керек. Адам бойынан ондай қасиет байқалмайынша, оған мұсылман ретінде қарым-қатынас жасау міндетіміз болып табылады. Ал, оның ақыреттегі есебі Алла Тағаланың  құзіретіне  қалады.

Егер пенде мунафиқтық ниетпен иман еткен болса, мәңгілік тозақта қалары сөзсіз. Құранда жүрекпен сенбестен, жәй тілімен иман еткендерді мумин демейді:

«Адамдардың кейбіреуі екіжүзді (мунафиқтар): «Аллаға ақырет күніне иман еттік» деп айтады. Бірақ олар иман етушілерден емес» (Бақара-8).

«Иман негіздері» кітабынан

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.