Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жамандықтан сақтайтын іс

0 461

Ораза адам жанын тазартып, жаман қылықтардан сақтайды. Құранда Алла Тағала былай дейді.

«Ей, иман еткендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» (Бақара,2/185).

Бұл аятта айтылғандай оразаның мақсаты– мұсылманды тазартып, тақуалық дәрежеге жеткізу. Бірақ тақуалық деген не өзі? Осыны әуелі ұғынып, тұшынып алайық. Тақуа дегеніміз – сақтану, қорқу, сыйыну, Ұлы Жаратушының қорғанына кіру. Тақуалықтың үш дәрежесі бар:

Мәңгілік өлімнен сақтану. Яғни, өзін жаратқан Алла Тағалаға сену, иман ету. Ұлы Жаратушыға иман етпеген адамның басына бақ, қолына құс қонғанмен қашан да жан-сарайы қараңғы болмақ. Өйткені, ертеңгі күн өлімге басы тігілгелі тұрған жанның бүгінгі татқан балы да у болып келеді.

Ендеше, бүгіні жоқтың ертеңі де жоқ. Алайда, тілін кәлимаға келтіріп, Алла Тағалаға иман етіп, мойынсұнған жан мәңгілік жаһаннам отынан құтылып, мәңгілік бақыттылық сарайы жәннатқа қарай қадам басады. Яғни, иман еткен өзін мәңгілік өлімге деген соқыр-сенім мен күпірліктен сақтайды.

Ұлы Жаратушыға қарсы келуден сақтану. Алла Тағаланың көптеген бұйрықтары бар. Осы әмірлерді орындау – парыз. Және Оның көптеген тыйымдары да бар.

Олардан алыс тұру – парыз. Оның тыйым салғандарына қол жүгірту – Оған қарсы келу деген сөз.Тікелей Алла Тағаланың қорғанына кіріп, Одан өзгені жүрекке алмау.

Ендеше, тақуалық – иманды, көркем мінезді, парасатты жан болып, Алла Тағалаға мойынсұнып, «толық адам» шыңына қарай «нұрлы ақылды» шырақ, «жылы жүректі» пырақ етіп, ыждаһаттылықпен қадам басып қайраттану.

Демек, оразаның мақсаты – жанды рухани кірден тазартып, көркем мінезге тәрбиелеу, нәпсіге ауыздық салып, тізгінді қолға алу. Аса ойшыл Ибн Рушд былай дейді: «Егер кімде-кім еркі мен нәпсісіне ие болса, онда ол өзін әлемнің ең бақытты адамымын деп санасын».

Бірақ ораза, аузы берік жанды тақуалық-тауына қалай жеткізеді? Жалпы адам баласының толық адам шыңына жетуі мен көркем мінезді болуының негізі – нәпсіге ие болуында жатыр. Нәпсі – бойдағы құмарлық сезім. Ол өзіне ұнамды келетін барлық нәрсеге қол сұққысы, татқысы келеді. Оның өлшемінде шек жоқ.

Бүгінін, тіпті бір сәттік ләззатын ертеңі мен мәңгілік бақытына айырбастап яки сатып жіберуге қашан да құмбыл тұрады. Асылында, ол үшін ертең жоқ. Міне, осы кезде ақыл рөл ойнай бастайды.

Ақыл – жақсы мен жамандықты айыра білетін адамның негізгі құралы. Бірақ сол ақылдың да өлшемі шектеулі. Оның бүгінгі жақсы дегені ертең жаман, жаман дегені жақсы болуы әбден ықтимал.

Міне, осы кезде ақылға бүгіні мен ертеңінде жаңылыспайтын өлшем қажет. Бұл – илаһи өлшем. Егер адам баласы нәпсісіне ие бола алмаса, нәпсі адамның еркін қалаған жағына бағыттай алады. Кей кезде илаһи өлшемді білген ақылды тұтқындап тастап, еріксіз өзіне мойынсұндырып, тыйым салған нәрсеге қол сұқтырады.

Сондықтан ақыл жүрекпен бірігіп, Алла Тағаланың бұйрығын орындап ауыз бекітеді. Нәпсінің барлық күш-қуаты осы ауыз арқылы өтеді. Нәпсі қаншама ақыл мен ерікті ауыз ашуға қинаса да, ол екеуі Ұлы Жаратушының бұйрығынан аса алмайды.

Ашыққан нәпсінің құмарлық сезімі әлсіреп, деңгейі төмендеп кетеді. Осы сәтте адам бойына рухани қарқын жүре бастайды да, жүректің түпкірінде, нәпсінің қалтарысында қалған ар-ождан күллі адамгершілік сезімдерді оятып, туралыққа бастайды.

Яғни, негізгі рөл мен тізгінді ар-ождан қолға алып, адам жаны рухани ләззатқа шомыла бастайды. Бәлкім, ол сонда ғана құмарлық сезімдердің татқан ләззатынан, рухани сезімдердің алған ләззаттары әлдеқайда басым екенін аңғарып, оның бұдан кейінгі бар арман-тілегі – толық адам шыңы бола бастайды.

Толық адам шыңы – адамның Ұлы Жаратушы мінезіне ұқсауы. Яғни, рақымды, мейірімді, кешірімді болу секілді. Міне, оразаның осындай хикметтері бар.

Нәпсіні тәрбиелеп, жолға салуда аштық пен шөл өте үлкен рөл ойнайды. Бірақ бұл Алла Тағала үшін болуы керек. Кісі өздігінен аш қалып, діттеген мақсатына жете алмайды. Өйткені, ораза – Алла Тағалаға жасалатын ғибадат. Толық адам болу жолындағы барлық қадам Ұлы Жаратушы үшін арналуы керек. Қасиетті

(қудси) хадисте Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен сусағандықтан шыққан ауыз исі мен үшін миск әтірінен де тамаша», – дейді.

«Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды.

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.