Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Дін мен дәстүр: Ұлттық ойындар (ІІ)

0 757

Халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі, көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов: «Біздің халқымыздың өмір кешкен ұзақ жылдарында өздері қызықтаған алуан өнері бар ғой. Ойын деген менің түсінуімше көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, көңілін шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше бір ерекше мағыналары болған», – деп айтқан. Салт-дәстүрдің аясында қалыптасқан көптеген ұлттық ойындардың астары дінімізден бастау алғанын толық аңғартады. Біз олардың мазмұнын меңгеріп, дін мен дәстүр аясында заманға сай дамытқанымыз жөн.

Аударыспақ – салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Бұл ойынға қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін жігіттер қатысады. Ежелгі заманнан келе жатқан бұл ойын жаугершілік кезінде найза ұстап, қылыш шабатын жауынгерге қажетті қасиеттерді қалыптастырған.

Күрес – қазақ халқының ерте кезден қалыптасқан спорт ойындарының бірі. Басқа халықтардың ұлттық күрес түрлерімен салыстырғанда қазақша күрестің өзіндік ерекшеліктері көп.

Кеңес дәуіріне дейін қазақша күрес негізінен әдет-ғұрыпқа байланысты және еңбек процестерінде жеткен жетістіктерін дәріптейтін жиын-тойларда өткізілді.

Бұрын қазақша күрес «Күш атасын танымайды» деген түсінікпен салмағына, дәрежесіне, жасына қарамай өткізіле берген. Тіпті, ағасы мен інісі күресіп қалатын кезі де болған. Сондай-ақ, күрестің белгілі бір жүйеге түскен белдесу ережесі де болмаған. Күреске түскендер үлкен-кішілігіне қарамай, қайсысы күшті болса, сол жеңіске жеткен. Жиын-тойларда ғана күш сынасып қоймай, кім жеңеді деп егеске түскен екі балуан кездескен жерде ат үстінен түсе қалып, белдесе кететін болған. Ел ішінде атағы жайылған Қажымұқан, Балуан Шолақ, Битабар т.б. осындай алып балуандар болды.

Қазан төңкерісіне дейін ас беру, қыз ұзату, күзем алу, наурыз сияқты жиын-тойларда белдесу күресі өтетін жерлерге текемет төселіп, балуандар күресуге шыққанда, аяқтарына мәсі киіп немесе жалаң аяқ шыққан. Үстеріне тізеден төмен түсетін шапан киіп, беліне екі-үш қабат белбеу байлаған.

Төреші күресуге шыққан балуандарды қолдарын айқастыра ұстап белдестіреді. Бұл белдесуді қазақтар «қоян-қолтық ұстасу» деп атайды. Белдесу барысында, ереже бойынша, қолды белбеуден босатуға болмайды.

Белдесу барысында жеңіске жеткен балуан орнында қалады. Егер ол өзімен белдесуге шыққан жаңа балуанмен күресуден бас тартып, басқамен күресемін десе, онда оған рұқсат етіледі. Бірақ соңында жеңімпаз аталатын балуан біреу ғана. Оның барлық кездесуде де жауырыны жерге тимеуі керек.

Белдесу барысында қарсыластардың біреуі жығылып, жауырыны жерге тисе, қарсыласы оның басынан аттап кетсе, ол жеңілген болып есептеледі. Егер де, қарсыластың біреуі әдіс қолданғанда, екіншісі оған қарсы әрекет жасап, екеуі бірдей құлап түссе, онда бұл белдесу «итжығыс» (ешқайсысы жықпаған) деп аталады. Мұндайда, төреші оларды қайта күрестіреді.

Күрес адамның бұлшық еттерін қатайтып, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, тез ойланып, тез әдіс таба білуге машықтандырады. Қазақша күрес – күш жетілдіретін спорт, қорғанудың ұлттық өнері.

Қазақша күресте адам өзін еркін ұстап, өз бойындағы күшін, әдісін түгел пайдалана алады, мұнда шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқ басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістердің бәрін қолдануға болады.

Палуандар кілем үстінде; арнаулы жазық жерде, тегістегі қар үстінде белдесіп күресе береді. Ойынның ережесі бойынша қимыл үстінде адамға зақым келтіре күш жұмсауға, дөрекілік жасауға болмайды. Күрес күресуші бір жақтың талассыз жығылуымен және жауырыны жерге тигізілуімен аяқталады.

Міне, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде айтылатын күш-қуат, біліктілікті, ептілікті шыңдайтын спорт түрлерін ата-бабаларымыз ұлттық негізге сай дамытып, ғасырлар көшінде сүннетті берік ұстанған.

Ұлттық ойындар қатарындағы аламан бәйге, жамбы ату, аударыспақ, теңге алу, асық, білектесу (қол күрес) тағы да басқа ойындарымыз адам денсаулығын жақсартумен қатар, арадағы бауырмашылықты арттыратын қасиеттерге ие.

Сахаба Әбу Һурайра жеткізген хадисте хазрет пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы мәселеге байланысты:

«Екеуінде де өз қайыры болса да, қуатты мүмін Аллаға, әлсіз мүміннен жақынырақ және сүйіктірек», – деген (Имам Мүслім).

Аталмыш күрес түрлеріне қатысты, әйгілі ғалымдарымыздың бірі ибн Абидин былай дейді:

«Күрес бидғатқа жатпайды, өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әл-Асуад әл-Жумаһи және Руканамен күреске түскен. Ол кезде, Рукана Алла елшісіне егер пайғамбар жеңсе, Исламды қабылдайтынын айтып шарт қойған. Сонда Алланың пайғамбары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны үш рет қатарынан жерге жыққан».

«Дін мен дәстүр» кітабынан

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.