Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Тіл тәрбиесі

0 360

Алла тағала адамзатты жаратқанда бір бірімен түсінісуі үшін тіл берген. Бірақ тілдің негізгі қызметі Аллаға зікір айтумен Алланың хақ жолын өзгелерге жеткізу.

Аллаға және ахиретке иман келтірген кісі «Бос нәрседен аулақ болады»(Мүминун, 3 – аят).Тілден болатын апаттар өте көп және әр түрлі болып, адам қалыбын (жүрегін) айнытуға себеп болады. Осы апаттардан құтылудың ең оңай жолы үндемей тұру арқылы болады. Аузына келгенін айтып немесе орынсыз сөйлей беру бір мұсылман кісіге жараспайтын қасиет.

«Басқа бәле тілден» дегендей әрбір мұсылман кісі тіліне еге болуы керек. Пайғамбарымыз аз сөйлеп, көп тыңдайтын, сахабалары да пайдасыз болған сөзді айтудан өзін ұстайтын. Пайғамбар сахабаларына пайдасыз, керексіз, орынсыз сөз айтпауды өсиет етеді. Сонымен қатар тілді тәрбиелеу керектігін, тәрбиелей білсе жәннатқа кіретіндігін біздерге мына сөздерімен айтып кеткен:

«Кім Аллаға, ахирет күніне сенетін болса я жақсы сөз айтсын немесе үндемесін», (Бухари, Әдәб 31)

«Кім тілі мен жыныстық мүшесін жамандықтан сақтайтындығына байланысты маған кепілдік беретін болса, мен де оған жаннатқа кіретіндігіне кепілдік беремін», (Риязус Солихин 3 том).

«Әр бір істеген нәрсесін айту адамға күнә ретінде жетеді» (Әбу Дауд, Әдәб 80).

Тіл мәселесі жайындаұлы сахабалар өз өсиеттерінде былай дейді:

Әбу Дәрдә (р.а.) былай дейді: «Сөйлеуді үйренген сияқты үндемеуді үйреніңдер.Өйткені, үндемеу үлкен ақылдылық болады. Сөйлегеннен гөрі тыңдауға тырыс. Сені қызықтырмайтын мәселеде сөйлеме».

Әбу Бәкірден (р.а.) риуаят бойынша: Расулуллаһ былай деген еді: «Денеде тілдің бәлесінен шағымданбайтын ешқандай мүше жоқ».

Әнәс бин Мәлик (р.а.): «Ешқандай құл тіліне ие болмағанша тақуа бола алмайды», – деп тақуалықтың кілті көп сөйлемеу екендігін айтуда.

Әли ибн Тәліб (р.а.) былай деген: «Тіл дененің бір қалыпты ұстайтын мүшесі. Тіл дұрыс болса өзге мүшелер де дұрыс болады. Тіл бұзылған кезде, өзге мүшелер де бұзылады. Өзіңді жасыр, еске алынба. Аз сөйлесең тыныштық, қауіпсіздікте боласың. Үндемеу жаннатқа кіру үшін бір себеп болады. Сырыңды досыңа, досыңның да досы бар, олда досына айтады».

Атамыз қазақ әрбір мәселеге даналық сөз айтқанындай тіл тәрбиесіне байланысты бірнеше өсиет айтқан:

«Аңғармай сөйлеген ауырмай өледі».

«Ойнап сөйлесең де ойлап сөйле».

Орынсыз және керексіз сөз.

Орынсыз сөйлеу, мағынасы жоқ әңгіме айту мұсылман кісінің иманын әлсіретеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) Әбу Зар (р.а.) ға тақуалық туралы өсиет айтқан кезде: «Аз сөйлеп аз күл,бұл сенің тақуалығың үшін пайдалы», деген. Уақыттың қадіріне жеткен адам оны пайдасыз нәрсеге сарыптамайды. Сондықтан, Алла тағаланың зікірін қойып, керексіз әңгіме – сөздермен уақытын өткізген адам гауһар тасты қойып, тезекті алғанмен бірдей. Мұндай адам өмірін босқа өткізгенмен бірдей.

Әли ибн Әбу Тәліб (р.а.) риуаят етеді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.у.): «Өзіңе пайдасы болмаған нәрсені тәрк ету (тастау) Исламның көркі (кісінің жақсы мұсылман болуынан)», – деген». (Термизи)

Ибн Әмірден риуаят еткен: «Кім тыныштық сақтап тұрса, пайда табады».

Әбу Һурәйра (р.а.) айтады: «Сөздің артығында жақсылық жоқ».

Омар ибн Хәттаб (р.а.) «Кімнің сөзі көбейсе, қатесі де көбейеді», – деген.

Бірде үлкен ғалымдардың бірінен: «Сізді мұншалықты хикметке не жеткізді?» деп сұралғанда, «Білген нәрсемді сұрамаймын, керексіз әңгіме айтпаймын», деп жауап берген екен.

Халқымыз орынсыз сөйлеген кісіге «бәдік» деп айып тақса, дінімізде орынсыз сөйлеуге тыйым салады.

Тілден болатын келесі бір апаттардың бірі өтірік жалған сөз айту.

Өтірік, жалғанды араб тілінде «кизб» делінеді және сөзде шындықтың кері мағынасын аңғартады. «Жалған хабар оның болған оқиғасына тура келмеуі».

Жалған сөзде болумен бірге амалда да болады. Мұнда өтірікші болмаған нәрсені болғандай етіп көрсету үшін айлакерлік жасайды. Немесе керісінше, болған нәрсені болмағандай етіп көрсетуге әрекет етеді. Бұған дәлел Құран Кәрімнің «Юсуф» сүресінің 16-18 аяттар.«Олар әкелеріне жылап келді.(16) «Әй Әкеміз! Біз жарысып кеткенде, Юсуфты нәрселеріміздің жанына тастап кетсек, сонда оны қасқыр жепті. Енді шын айтсақта, бізге сенбейсің ғой» десті. (17) Сондай-ақ олар оның жейдесіне өтірік қан жағып әкелді. Әкелері: «Олай емес ! Сендерге нәпсілерің бір істі жақсы көрсеткен екен. Енді көркем сабыр керек. Айтқандарыңа Алладан жәрдем тіленеді» деді. (18)

Балалары аталарын сендіру мақсатында, нақты дәлел деп, Юсуфтың көйлегін өтіріктен қанға бояп алып келді. Олар сөзбен де, амал мен де өтірік жалғанды ойдан тоқыды.

Жалғанның түрлері.

Негізі жоқ нәрсені ойдан құрастыру.

Бар нәрсенің мағынасын өзгертіп жіберетін дәрежеде қосымша сөздерді қосып айту.

Бар нәрсенің мағынасын өзгертіп жіберетін дәрежеде нұқсан келтіру.

Бар нәрсені айтып жатқанда мағынасын өзгертіп жіберетін дәрежеде сөздерін өзгертіп жіберуі.

Жалған өтіріктің үкімі.

Құран Кәрімде жалған өтірік жайында бір жүз алпыс жеті аят бар.

Өтірік айтпауды Алла тағала және Оның Елшісі Пайғамбарымыз(с.ғ.у.) иман келтірген пенделер үшін харам етті. Дүниелік титтей пайда үшін болса да, өтірік айту харам болады. Құран Кәрімде: (Ниса сүресі – 155 аяты)«Ей мүміндер! Әділдікте мықты тұрып, егер өздеріңнің әке-шешелеріңнің және жақындарыңның зиянына болса да Алла үшін шындықты айтып айғақ болыңдар. Айғақ болған кісілер бай немесе кедей болсада. Өйткені, Алла екеуіне де тым жақын. Ендеше әділдік істеуде нәпсіге ермеңдер. Егер тілдеріңді бұрып шындықты бұрмаласаңдар (өтірік айтсаңдар) шексіз Алла не істегендеріңді толық білуші».

Құран Кәрімде: (Нахл сүресі – 105 аят)«Шын мәнінде Алланың аяттарына себегендер, орынсыз өтірікке шығарады. Міне солар жалғаншылар»

Хадисте: «Өтірік жамандыққа, жамандық та дозаққа апарады. Кісі өтірік айта айта соңында Алла қабатында өтірікшілер дәптеріне жазылады» (Риязус солихин, 3 том )деп ашық түрде өтірікшінің барар жерін айтып отыр.

Әбу Бәкір (р.а.) дің айтуы бойынша: Расулуллаһ: «Ең үлкен күнәләрді сіздерге айтайын ба?», – деді. Қасындағы сахабалар; «Ия! Әй Расулуллаһ», – десті. Расулуллаһ: «Аллаға серік қосу, әке-шешеге қарсы шығу», – деп айтқан соң жатқан жерінен тұрып отырды да: «Естеріңде болсын! Абай болыңдар! Өтірік айтудан және жалған жерге куәлік етуден сақтаныңдар», – деген сөзді бірнеше рет қайталайды». (Риязус солихин 3 том)

Ислам діні әрбір мәселенің таршылық, үзірлі, мұқтаждық кезеңдеріне белгілі бір дәрежеде жеңілдік берген. Сол сияқты өтірік айтуға да мына жағдайда ғана рұқсат етеді:
1. Соғыста
2. Елдің арасын татуластыру үшін
3. Ерлі зайыпты кісілерді татуластыру үшін екі арада өтірік айтуға.
Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) былай дейді: «Адамдар арасын жарастыру үшін өзгелеріне хайырлы сөз жеткізу немесе хайырлы сөз айтқан өтірікші емес» (Риязус солихин, 3 том)

Әйгілі сопы ғалым Әбділқадірдің анасы кішкентай кезінен турашыл болуға, өтірік айтпауға үйретеді. Бірде анасы Әбділқадірді алыс сапарға аттандырады. Ол кезде Әбділқадір әлі кішкентай жастарында болатын (10 жас шамасында). Сапар барысында керек болар деген оймен анасы оның ішкі жан қалтасыны ақша салып жібереді. Жолда бұлардың керуенін қарақшылар тонайды да, талан таражға ұшыратады. Қарақшылардың атаманы кішкентай Әбдулқадірді көріп: «Ақшаң бар ма?», – деп сұрайды. Әбділқадір: «Ия бар, анам ішкі жан қалтама салып берген», – деп ақшасын алып береді. Сол кезде қарақшылар атаманы: «Ей бала! Сен ақымақ екенсің. Ақшам жоқ десең саған ешкім тимейтін еді ғой», – дейді. Кішкентай Әбділқадір: «Мен өтірік айтпаймын. Анам маған өтірік айтпауды үйретті», – дегенде қарақшы: «Анаң қасыңда жоқ қой, өтірік айта салсаң болады емес пе?», – дейді. Сонда Әбділқадір: «Анам қасымда болмағанмен менің өтірік айтқанымды Алла тағала біледі ғой», – деп жауап береді. Кішкентай ғана баланың айтқан бұл сөзі әлгі қарақшы атаманнаың санасына ой тастайды. Кішкентай бала ғұрлы шындықты айта алмағанына қатты өкініп, ары ойланып, бері ойланып ақырында тәубеге келіп мұсылман болған екен.

Өтірік айтып дағдыланған кісі, мұсылман болғанымен де бұл қасиетін тастау оңайға соқпайды. Сондықтан өтірік айтпауды кішкентайынан бастап көкейіне кұйып, тәрбиелеу жолымен түзетуге болады.

Рашид Алпысбаев

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.