Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Алладан ұялу мәселесі

0 860

Бүгінгі қоғамда айналамыздан байқалып жүрген көптеген теріс қылықтар мен ұнамсыз көріністердің бір себебі – жүректерде ұят сезімінің азаюы немесе мүлдем жоғалуы болса керек.

Киім кию, сөз сөйлеу, адамдармен қарым-қатынас жасау, өз міндетімізді атқару – жалпы кез келген ісімізде ұяттың алар орны орасан зор. Сондықтан, асыл дініміздегі ұят сезімінің орны жайлы аз-кем әңгіме қозғауды жөн көрдік.

Ұят – Алла Тағала құлдарына нығмет етіп берген тамаша көркем мінездердің бірегейі. Ол күнә мен қылмыс жасаудан, опасыздық пен ұждансыздық әрекеттерінен, қысқасы, аяқты шалыс басудан сақтайды. Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Ұят игіліктен басқа ешнәрсе алып келмейді» деген хадисінің мәнін осыдан іздеген дұрыс. Ал ұяттың кемуі, Құдайдан қорқуды да азайтады. Сондай-ақ, ғалымдардың «Кімнің жүрегінде қорқыныш пен ұят болмаса, онда жақсылық та қалмаған» деген пікірлері де жүректегі бүкіл ізгілік, жақсылық атаулы ұяттан келетінін ұғындырады.

Сондай-ақ, ғалымдар ұялу сезімін үлкен-үлкен үш топқа бөліп қараған:

1. Алладан ұялу;

2. Адамдардан ұялу;

3. Өзінен ұялу.

АЛЛАДАН ҰЯЛУ. Алладан ұялу Оның бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан бас тарту арқылы болады. Өзін мұсылманмын, мүминмін деген кісі, ең алдымен, ұяттың осы түріне көп көңіл бөлуі керек. Алладан ұялуды қалай түсіну керектігін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде айқын түсіндіріп берген. Бір күні ол сахабаларына: «Алла Тағаладан ұялудың ақысын беріп ұялыңдар» деді. Сонда олар: «Уа, Расулулла, біз Алладан ұяламыз, Аллаға шүкір», – деді. Алла Елшісі: «Ол емес, кім Алладан ұяттың ақысын беріп ұяламын десе, басын және басындағыларды, ішін және ішіндегілерді сақтасын. Өлім мен бәлені еске алсын. Ақыретті қалаған кісі дүние қызығына қатты мән бермейді. Кім осылай жасаса, Алладан ұяттың ақысын беріп ұялған болады», – дейді.

Осы хадистен мынадай қорытынды жасауымызға болады. Ең алдымен, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «ұялудың ақысын беріп ұялу» дегенін түсініктеме жазушылар «тұрақты, шынайы және қажеттілігін сезініп ұялу» деп түсінідіріпті. Ал «Ол емес» деген сөзді «Шынайы ұят сендер ойлап тұрғандай емес» деп түсінуге болады. Енді «ақиқат ұят ол болмаса, қайсы?» сұрағына Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі жауап берген. Нағыз ұятты бас пен бастағыларды, іш пен іштегілерді сақтау, өлім мен бәлені көбірек еске алу және дүние қызығына қатты мән бермеу деп түсіндірді.

Басты сақтау дегенде, ең алдымен, оны Алладан өзгеге құлшылық жасауда қолданбау, Жаратушы Иемізден басқаға сәжде жасамау еске түсуі қажет. Бастағыларды сақтау маңызды болса, басымызда екі көз бар. Оларды күнәдан, Алла Тағала харам еткен нәрселерге қараудан тыйып жүрміз бе? Басымызда екі құлақ бар. Олардың жайы қалай? Оларды Алла Тағала жақсы көрмейтінді есітуден тоқтатып жүрміз бе? Басымызда тіл бар. Оны дініміздің заңдарына сай қолдану да бастағыларды сақтауға жатады. Ішіміз бен іштегілер дегенді қалай түсінеміз? Ішімізді, ең әуелі, харам нәрсе жеп толтырудан сақтауымыз керек. Екіншіден, ішімізге байланысты денелерді, яғни екі аяқ пен олардың арасындағыны, екі қолды күнәлі істерден қорғауымыз қажет. Үшіншіден, ішімізде адам үшін ең маңызды бір жапырақ ет бар. Ол – жүрек. Соны адамшылыққа жат бөтен сенімдер мен түсініктерден таза сақтау нағыз ұяттың қажеттілігі. Ал өлім мен бәлені қаншалықты көп еске аламыз? Өлімді көп ойлаған кісі еш уақытта біліп тұрып күнә жасамасы хақ.

Ендеше, құрметті мұсылман бауырлар! Ойланып көрейікші. Біз Алла Тағаладан ұялудың ақиқатын білеміз бе? Әлі оның толық парқына жете алмай жүрген болсақ, онда кешіктірмей, ұят сезімін молайтудың жолдарын қарастыруымыз қажет. Алладан ұялуды күшейтетін істер бар. Бұл ұят Жаратушы Иеміз Алла Тағаланы тану, оның құдіретіне бас ию арқылы күшейеді. Оның өз құлдарына жақын екендігін, көзімізді неге қаратып, кеудемізге нені тоқып жүргенімізді білетінін сезіну арқылы да ұят сезімі артады. Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген: «Оларға: «Көкейлеріңде бір нәрсені жасырсаңдар да жарияласаңдар да Алла оны, сөзсіз, біледі. Әрі Алланың барлық нәрсеге толық күші жетуші» деп айт»[7]. Олай болса, осы ақиқатты үнемі естен шығармау арқылы Алла Тағаладан ұялуды дамытуымыз керек.

Рашид Алпысбаев

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.