Адам ибн Әби Ияс Мұхаммед ибн Ысқақтан мына бір оқиғаны жеткізеді: «Малик әл-Әшжаи Пайғамбарымызға келіп, ұлының тұтқынға түсіп қалғанын айтады. Пайғамбарымыз оған:
– Ұлыңа хабар жібер: «лә хаулә уә лә қууәттә иллә биллаһ» дұғасын көп оқысын», – дейді. Басқа бір риуаят бойынша, Алла расулы оның әкесін сабырға шақырып, Алланың оған тығырықтан шығар жол көрсететінін айтқан көрінеді. Ауфқа хабар жіберіп, Алла елшісінің айтқан дұғасы жеткізіледі.
Пайғамбарымыздың дұғай сәлемін алған Ауф етпетінен жатқан күйі «лә хаулә уә лә қууәттә иллә биллаһ» дұғасын іштей күбірлеп, қайталаумен болды. Оны әбден шандып, байлап тастаған болатын. Денесін шандыған арқан өз-өзінен ағытылып сала берді. Орнынан тұра сап, тысқа шықты. Шөгерілген түйеге қарғып мініп, қамшы басты. Жолда өзін тұтқынға алғандардың жайылып жүрген бір үйір түйесін байқап қалып, даусы жеткенше айғай салды. Мұның әмірін күткендей, түйелер Ауфтың соңынан ерді. Үйіне жақын қалғанда, Ауф өзінің келгендігін білдіру үшін тағы да айғайлады. Ауфтың аман-есен келуі әке-шешесі үшін күтпеген жаңалық болды. Алдымен әкесі ұмтылып:
– Қағбаның Раббысының атымен ант етейін, мынау біздің Ауф қой, – деді. Шешесі де ұшып тұрып: «Жаным, бауыр етім балам, қошақаным», – деп елжірептолғанып, мауқы басылғанша ұлын құшағынан босатпады. Арқан қиып, теңбіл-теңбіл ізі қалған денесін ауырсынған Ауфтың ыңырсыған дыбысы шығып кетті. Әкесі мен үй қызметшісі есікке ұмтылды. Өз көздеріне өздері сенбей тұрып қалады. Аула толы түйені көріп аңтаң. Ауф әкесіне болған жайды асықпай баяндап берді.
Ал әкесі оның айтқандарын Алла Елшісіне жеткізіп барады. Пайғамбарымыз:
– Өз аяғымен келген түйелер бұдан былай сендердікі. Өз малыңдай көріп, пайдалануыңа болады.
Сол сәтте мына бір аят келіп түсті: «Кімде-кім Аллаға қарсы келуден сақтанса, Алла оған қиыншылықтан шығатын есіктер ашады. Оған ойламаған жерден ризық-несібелер береді. Аллаға арқа сүйеп сенім білдіргендерге Алла жетеді» (Талақ 65/5).
материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,
sunna.kz