Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтау қаласында «Қазақ даласындағы отбасы институты» тақырыбында өткен республикалық конференцияда осылай деді.
«Қазір біздің қоғамда отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі өте өзекті. Шын мәнінде нағыз ер отбасының қорғаны болуы керек. Алла Тағала қасиетті Құранда отбасында ер адамның рөлі мен орнын ерекше атап өткен. «Нисә» сүресінің 34-аятында былай делінген: «(Әйелді нәпақамен қамтамасыз ету, қорғау және тәрбиелеу ер адамның міндеті болғандықтан) нағыз ерлер әйелдерге басшы һәм қорған. Мұның себебі, Алланың кей адамдарды кейбіреуінен (басқару, қорған болу, қамқорлық жасау сынды мәселелерде) әлдеқайда артық (әрі қабілетті етіп) жаратқандығы, сондай-ақ ер адамдардың (әйелдеріне мәһір беру һәм отбасының нәпақасын табу сынды) маңызды жауапкершілік арқалағандығы…».
Расында Алла Тағала бұл аятта нағыз ер адам ғана әйелге әрқашан қорған болатынын ерекше меңзеп тұр. Сонымен қатар отбасын асырау, бала-шағаны жақсылыққа тәрбиелеу ер азаматтың асыл міндеті екенін баяндаған. Алла Тағала барша отбасыға бірлік пен береке, татулық пен сүйіспеншілік нәсіп еткей. Әмин!» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.