Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мешітке құрмет – дінге құрмет

Мешітке құрмет – дінге құрмет

0 88

Мешіт – Алла Тағалаға құлшылық жасалап, ғибадат ететін орын. Ал, қазақ ұғымында мешіт «Алланың жердегі үйі» деп саналады. Бұл тегіннен-тегін емес. Арғы танымын Құраннан алады. Қасиетті Кәләм шәріпте:

وَاَنَّ الْمَسَاجِدَ لِلّٰهِ فَلَا تَدْعُوا مَعَ اللّٰهِ اَحَداًۙ

«Шүбәсіз, мешіттер – бір Аллаға тән. Ендеше, Алладан өзгеге әрі ешнәрсеге дұға етіп, жалбарынбаңдар» («Жын» сүресі, 18-аят) деген аят бар екен. Қала берді хадисті ғұрпына, сүннетті салтына айналдырған елдің көп танымы да пайғамбарлық білімнен тамыр алып жатқанын байқаймыз. Мешіт туралы екі дүние сардары, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болғай) бір хадисінде:

عنْ عَمْرُو بِن مَيْمُون الأودي قال : أَخْبَرَنا أَصْحاب رَسُولِ اللهِ صلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ :إِنَّ الْمَسَاجِدَ بُيُوتُ اللهِ فِي الْأَرْضِ، وَإِنَّهُ لَحَقٌّ عَلَى اللهِ أَنْ يُكْرِمَ مَنْ زَارَهُ فِيهَا.

«Мешіттер жер бетіндегі Алла Тағаланың үйлері, оларды зиярат етіп келгендерге Алла Тағала сый-сияпат әзірлеп қойды» (Әл-Байһақи, Шуғабул иман 2943, 10. Муслим, Масажид 282) деп айтқан екен.

Сонымен бірге Халық арасында мешітті құлшылық ордасы ғана емес, білімнің шамшырағын жағатын қастерлі мекен ретінде де құрмет тұту бүгінге дейін жалғасып келген. Себебі, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы сияқты аты аңызға айналған ірі ойшылдар мен Мағжан Жұмабаев, Сәдуақас Смағұлов, Халел Досмұхамедов сияқты ірі қайраткер дәрежесіне көтерілген Алаш арыстары сауатын діни білім алудан бастағанын білеміз. Біреуі ауыл молдасынан, біреуі даңқты хазіреттерден, кейбіреуі «Ғалия» сияқты ірі медреселедрен білім алған. Сондықтан да халық арасында мешітті құрметтеу, молдаға ізет көрсету білімге құрмет көрсетумен тең болғаны мәлім.

Біз әрбір ісінде Алланың ақырғы Елшісі Мұхамед Пайғамбарымызды (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі тұтқан үмбетпіз ғой. Айша анамыздан (оған Алла разы болсын) жеткен хадистердің бірінде қадірменді Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде мешіттер туралы:

عَنْ عَائِشَةَ قَالَتْ: أَمَرَ رَسُولُ اللَّهِ (صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمْ) بِبِنَاءِ الْمَسَاجِدِ فِى الدُّورِ وَأَنْ تُنَظَّفَ وَتُطَيَّبَ

«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ауыл аймақтарда мешіт салынуын, олардың таза ұсталуын және хош иіспен жұпарлы болуын әмір етті» (Әбу Дәуіт, Намаз, 13) деп тапсыруының өзі Расулулланың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітке деген құрметінің куәсі деуге болады.

«Ортаға жарар еді мешіт салсаң,

Намазды қаза қылмай барып тұрсаң,

Бір ғалым фазыл заттан имам сайлап,

Байларың жәрдем беріп уақыф қылсаң» деп жырлаған Алаш қайраткері Мыржақып Дулатұлы «Мәсжід, медресе хақында» деген өлеңінде:

«Қазақтың көп жерінде мешіті жоқ,

Жоғына себеп болған миссионер поп.

Екінші, халықтың өзі ықылассыз,

He ғылып исламға ашылсын ход?» дей отыра өлеңнің негізгі мазмұнында ғылым игеруге, өнерге, адамдыққа шам жағып, дамыған халық болуға, надандықтан қашуға, ғалымды құрметтеуге шақырады. Демек, алаш қайраткері де біз айтып отырған «білімнің нұрын шашатын» миссиясы үшін мешіт салуға шақырып отырғаны аңғарылады.

Халқымыздың үлкендері мешітке келсе ақсақалдар сәлем беріп, ақ самайлы аналар ақ шылауышын реттеп, киімдерінің ашық-шашық болмауын ұқыптап, ізетпен кіріп жатады. Ал, мешіт ішінде дауыс көтермей, сыпайылық сақтап, кішілік сақтайды. Барынша таза киімдерін киіп келуге тырысады. Келгенде құлшылық ордасына мешітке кіргенде-шыққанда дұға жасап, оң аяқпен кіріп, сол аяқпен шығып жатады. Мұның өзі халық жүрегіндегі «Алла үйіне» деген зор құрметтің ғасырлық сабақтастығынан қалған әдептер. Бүгінде ақпарат құралдары мен уағыз-насихат жұмыстарында «мешіт әдебі» деп аталатын шариғат талаптарының әдет-ғұрыпқа сіңген көрнісі. Жоғарыдағы үлкендердің әдеті асыл дініміздегі мешіт әдебінің мазмұны саналады.

Бүгінде мешіттер өзін-өзі қаржыландырады. Көптің тілеуімен күн көреді десек те болады. Мұндайда халқымыздың қадір тұтқан қасиетті орындарын көңілдің төріне шығарып, әрдайым жақсылығына тілелестік танытып, жәрдем беріп, қолдау көрсетіп отыру да мешітті құрметтеудің заманауи мазмұны деп білемін.

«Дін – ғылымның атасы» дейді ақиық ақын Мұқағали Мақатаев. Ендеше, «ғылымның атасын» шын мәнінде дұрыс танып білу, Алаштың ардақты қайраткерлері сияқты көпке пайдалы қызмет жасаудың әліппесі мешітті құрметтеуден, оған қамқорлық жасаудан басталса керек. Сондықтан, әрбір отбасында мұндай танымдық құндылықтар дәріптеліп отырса, өскелең ұрпақ жаман болмайды деп үміттенемін.

Наград Әленханұлы,

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің шаруашылық меңгерушісі

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.