Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен 2024 жылды қорытындылауға арналған Төралқа мәжілісінде «Muftiyat» баспасынан шыққан «Жұма уағызы IV» еңбегінің таныстырылымы өтті.
Жинаққа 2023 жылы еліміз бойынша барлық мешіттерде жұма уағызында айтылған тақырыптар енгізілген. Әрбір тақырып қасиетті Құран аяттарына, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне, сондай-ақ дін ғалымдарының тәрбиелік өсиеттері мен ақын-жырауларымыздың өлеңдеріне, сондай-ақ халқымыздың мақал-мәтелдеріне, тұлғаларымыздың даналық ой-тұжырымдарына негізделген.
Жинаққа енгізілген әрбір тақырып мұсылман қауымына қажетті құнды мәліметтермен қамтылған. Сонымен қатар әрбір тақырып жеңіл әдіспен жазылған. Аталған еңбек имандылықты жанына жолдас еткен әрбір адамға өмірлік насихат болмақ.