Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Алла ораза ұстаған пенделерімен мақтанады

Алла ораза ұстаған пенделерімен мақтанады

0 259

«Аса Құдіретті және Ұлы Алла: Адам баласының әр амалы өзі үшін. Ал, ораза ондай емес! (Өйткені мен жемеймін, ішпеймін және бүкіл адамдық сипаттардан пәкпін). Сондықтан оразаның сауабын ерекше түрде көп қылып мен беремін», – дейді (Құдси хадис. Бұхари,Саум,2,9; Мүслим, Сыям,30.).

 «Расында, Жәннәтта «Әр-Райяан» деп аталатын қақпа бар. Қиямет күні одан ораза ұстағандар кіреді. «Ораза ұстағандар қайда?», – делінеді. Олар орындарынан тұрады. Олардан басқа ол қақпа арқылы ешкім кірмейді. Олар кіріп болған соң ол қақпа жабылады да, одан кейін ол арқылы ешкім кірмейді» (Бұхари, Муслим).

 Умму Умара әл-Ансария (оған Алла разы болсын) былай деді: «Бірде маған Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кіргенде, оған ас ұсындым. Ол кісі: «Сен де ал (же) », – деді. Мен: «Оразамын», – дедім. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, періштелер ораза ұстаушының үйінде басқалар тамақ жегенде, олар тамақ жеп болғанша немесе тойынғанша ораза ұстаушыға игілік тілейді» (Тирмизи).

Ораза құлшылығы мұсылман баласын ихсан дәрежесіне жетуіне көмектеседі. Өйткені ораза – адам мен Алланың арасындағы құпия құлшылық. Мысалы, біздің күнделікті оқып жүрген намазымызды, зекет-садақамызды, қажылық сапарымызды айналамыздағы адамдар көреді. Ал ауыз бекіткенімізді ешкім байқамауы мүмкін. Ораза құлшылығы мұсылманның «бәрін Алла көріп тұр» деген сенімін күшейтеді.

Ораза ұстаған адам әрбір амалын көркем түрде орындауға тырысады. Өйткені оны «оразам бұзылып кетпесе екен» деген ой мазалайды. Сондықтан ауыз бекіткен кісі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткендей, әдеп білмес жандардың дөрекі әрекеттеріне «мен оразамын» деп көркем түрде жауап қайтарады. Себебі Ислам – көркем мінез бен әдептілікке негізделген дін. Әдептілік адамды көрікті етеді. Ихсан ілімі мен отыз күнгі ораза көркем мінез бен адамға тән күллі әдептілікті қалыптастырады.

материал «Мүбәрак Рамазан» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.