«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің жанындағы мұражайда елорда имамдарына семинар өтті. Аталмыш іс-шараға Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов, филология ғылымдарының докторы, әдебиет тарихшысы, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы және елорда имамдары қатысты.
Жиында сөз сөйлеген қала бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы Қазақстан мұсылмандарының қазиы болған, дін ғұламасы Сәдуақас қажы Ғылмани туралы баяндай келе іс-шараның мән-маңызын атап өтті. Сондай-ақ, мешіт жанынан қазақ ғұламасының құрметіне ашылған мұражайды жан-жақты таныстырды.
Ал Дихан Қамзабекұлы өз баяндамасында ел арасында «Сәкен қалпе» атанған көрнекті қоғам және дін қайраткерінің қызметі мен өмір жолын кеңінен түсіндірді.
Жиында 97 жасына дейін жұртшылыққа ел анасы деңгейінде ақ батасын беріп, әкесі дін ғұламасы Садуақас қажы Ғылманидың көп еңбегін жадында жаңғыртып, насихаттаған Үкіжан (Мүмина) Сәдуақасқызының «Өмірімнен ескерткіш» атты кітабы елорда имамдарына үлестірілді. Аталмыш еңбек әйгілі қази перзентінің 11 дәптері негізінде дайындалған.
Жиын соңында мұражайға экскурсия жасаған дін қызметкерлері құнды жәдігерлерді тамашалап, Садуақас қажы Ғылманидің естелік бұйымдарымен танысты.