Раббымыздың бізге берген шексіз нығметтерінің қарымтасыретінде көркем түрде шүкірлік білдіруіміз керек. Ол, əрине, намаз оқу. Өйткені өміріміздің соңына дейін еш бітпейтін, қаншама көпекенін санап та сан жетпейтін үздіксіз берілген нығметтердің ақысын күнінде бес мəрте оқитын намаз арқылы ғана өтей аламыз.
Раббымыз бізге сондай керемет нығметтер бергендігінен жəне олардың қандай құнды екендігінен хабарымыз жоқ. Ешкім өзіне берілген дене мүшелерінің қаншалықты құнды, қаншалықты бағалы екендігін толықтай сезіне бермейді. Тек науқастанғанда немесе бір ағзасынан айырылған кезде ғана қадірін түсінеді. Құдай сақтасын! Көзіміз көрмесе, көзімізге қайта қауышу үшін триллион ақшамыз болса да бермес пе едік? Екі қолымызды немесе екі аяғымызды барлық əлемге айырбаста десе көнер ме едік?
Ал ақылымызды ше? Жанымызды ше? Ал əрбірі өзінше ерекше жаратылған сезімдерді ше? Осыларды қандай да бір дүниеге бағалап сатар ма едік? Міне, бізге намазды əмір еткен Алла Тағала осылардың барлығын, сонымен қоса сансыз нығметтер мен ризықтарды артығымен бізге сыйлаған. Құранда «Егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына əсте жете алмайсыңдар. Шүбəсіз, Алла (тəубесіне келген құлдарына) өте кешірімді, ерекше мейірімді» деген аят бар («Нахыл» сүресі, 18-аят) Негізінде, біз сансыз нығметтердің шүкірін бес уақыт намаз оқумен ғана өтей алмаймыз.
Бірақ мейірімі шексіз Раббымыз бізге қалай қарым-қатынас жасап жатыр? Бізге берген сансыз нығметтерімен қоса, бізге жəннатты тарту етіп, тозақтан құтқаруда. Оны разы қылу үшін, мəңгілік азаптан құтылып барлық достарымызбен Жəннатта шексіз өмір сүру үшін намазға толықтай беріліп, азан шақырылғанда мешітке жан ұшыра жүгіруіміз керек емес пе?
материал «Таң намазына тұрғың келсе…» кітабынан алынды,
sunna.kz