Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бас мүфти ІІ халықаралық Құран жарысының жеңімпаздарын марапаттады

Бас мүфти ІІ халықаралық Құран жарысының жеңімпаздарын марапаттады

0 45

Астана қаласындағы Республикалық Бас мешітте ІІ Халықаралық Құран жарысының салтанатты марапаттау рәсімі өтті.


Аталған халықаралық іс-шара Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойына арналды.

Марапаттау рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, сондай-ақ мұсылман елдерінің елшілері, зиялы қауым өкілдері, өңірлерден келген имамдар мен қала тұрғындары қатысты.

Өз сөзінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы халықаралық жарыстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға ризашылығын білдірді.

«Аллаға шүкір, Астана қаласында әлемнің әр бұрышынан, алыс та жақын шет елдерден келген тәжірибелі қариларымыз екі күн бойы Құранды жатқа оқудан сынға түсіп, керемет үлгі көрсетті.

Расында Құранның мағынасына терең бойлаған сайын жаның тыныштық тауып, жүрегің ерекше сезімге кенеледі. Құран оқыған сайын бойымызда сабырлық, байсалдылық, қарапайымдылық, кез-келген кісімен көркем мәміле жасай алатын жақсы мінез қалыптаса бастайды.

Құран оқылған жерге Алланың берекесі мен тыныштығы орнайды. Құран оқылған жер ерекше нұрға бөленеді. Екі күн бойы елордамызда оқылған Құран аяттары арқылы еліміз бен жеріміз нұрға бөленді деп үміттенемін. Алла соны нәсіп етсін», – деді Бас мүфти.

Бұдан кейін ҚМДБ Төрағасы ІІ халықаралық Құран жарысына қазылық жасаған қари-ұстаздар – Осман Шахин (Түркия), Насыр бин Сауд әл-Қасами (Сауд Арабиясы), Насрулла Искандаров (Қырғызстан), Махер Фарамауи (Мысыр Араб Республикасы) және әділқазылар алқасының төрағасы Ерсін Әміреге алғыс хат табыстады.

Әділқазылар алқасының шешімімен Құран жарысының жеңімпаздары төмендегідей:

І орын – $20 000 – Фахд ибн Мухаммад әш-Шәми (Сауд Арабиясы)
ІІ орын – $15 000 – Мерожиддини Ахмадзода Ахмад (Тәжікстан)
ІІІ орын – $10 000 – Шохан Уәлиев (Қазақстан)
IV орын – $5 000 – Салих Мухаммад Муса Тохами (Мысыр)
IV орын – $5 000 – Джалил Нуруддинов (Ресей)
Көрермен көзайымы жүлдесі – $3 000 – Ахмад Ашраф Уәлид Хамад (Палестина)

Сонымен қатар, жарысқа қатысып, жүлдегерлер қатарына енбеген қариларға 500 АҚШ долларынан ынталандыру сыйақысы берілді.

Айта кетейік, Құран жарысы мүфтияттың төл «Munara TV» телеарнасынан, «Муфтият ҚМДБ» YouTube арнасынан тікелей эфир арқылы көрсетілді.
















Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.