ҚМДБ делегациясы Джиддада өткен халықаралық қажылық конференциясына қатысты
ҚМДБ делегациясы Джиддада өткен халықаралық қажылық конференциясына қатысты
Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми іссапары барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының делегациясы Джидда қаласында өткен «The 5th Edition of the Hajj Conference» халықаралық қажылық конференциясына қатысты.
Биылғы конференция «Меккеден Әлемге» тақырыбында өтті. Ауқымды жиынға 95-тен астам елден қажылық саласына жауапты өкілдер, халықаралық ұйымдар мен қажылық операторлары, сондай-ақ сала мамандары қатысты.
Конференция 60 000 шаршы метр аумақты қамтып, қажылыққа қатысты 18 сала бойынша ұйымдастырылды. Былтырғы 120 000 келушімен салыстырғанда биыл 150 000-нан астам адам қатысты. Бағдарлама аясында 143 сессия өткізіліп, 225 спикер баяндама жасады.
Бұл конференция Сауд Арабиясының «Vision 2030» стратегиялық бастамасының мақсаттарына сай технология, инфрақұрылым және адами капиталды байланыстыруға бағытталған. Сонымен қатар, жаңа «Инновациялар аймағы» жасанды интеллект, тұрақты инженерия және адам көп жиналатын орындарды басқару технологияларына арналды.
50-ден астам семинар мен воркшоп аясында халықаралық сарапшылар тәжірибелерімен бөлісіп, қажылық ұйымдастыру саласындағы жаңа тәсілдер мен шешімдерді талқылады.
ҚМДБ делегациясының бұл конференцияға қатысуы Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы қажылық қызметі саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, қажылық миссиясының жұмысын жетілдіруге және қажыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.























