Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

«Сәдуақас қажы Ғылмани»: Құранға түскен 60 шәкірт марапатталды (фото)

«Сәдуақас қажы Ғылмани»: Құранға түскен 60 шәкірт марапатталды (фото)

0 53

Қасиетті кітапты оқу – ең ұлы ғибадаттардың бірі және Аллаға жақындататын төте жол. Әбу Умама риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құран оқыңдар! Ол қиямет күні иесіне шапағат етеді», – деп басқа пайғамбарларға берілмеген шапағатты Құран иеленетінін білдірген. Міне, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) осындай өнегесіне амал еткен «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің әйел жамағаты арасында Құранды мүдірмей оқитын деңгейге жеткен үздік шәкірттеріне лайықты құрмет көрсетілді. Жыл сайын жалғасып келе жатқан «Құран – жәннатқа апаратын жол» атты дәстүрлі рухани Құран кеші өтті.

Шараның мақсаты – «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің діни сауат ашу сабақтарына алғаш аяқ басып, Алла Тағаланың мейірімінен үміт етіп, Құран Кәрімді оқып үйренсем, діни білімімді арттырсам деген ниетпен келген шәкірттерге қолдау көрсету. Рухани кеш әдептен жаңылмай, қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды.

Шараға арнайы қатысқан Астана қаласы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Күлсара Бекет періштелер білім жолына түскен адамға қанатын жаятынын, көктер мен жердегілер ол үшін дұға жасайтынын айта келе, алған білімі ақыретіне азық болып, Сырат көпірінен қиындықсыз өтуіне себепші болуын тілеп, ізгі тілектерін айтты.

Шараның негізгі бөлімінде мешіт ұстазы Айгүл Көксеген қызының атсалысуымен Құранға түскен 60 шәкіртке қасиетті Құран кітабы сыйланып, барлығы арнайы сертификатпен марапатталды.

Рухани кеш соңында шәкірттеріміздің құрметіне ақ дастархан жайылып, игі жақсылардың басын қосып, үлкендер бата берді, келген қонақтарға мешіт тарапынан дайындалған сый-сияпат тарту етілді.

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.