Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) құзырына бірде арақ ішкен адамды алып келді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): – Дүрелеңдер! – деді. Сахабалар оны дүреледі. Адамдар: – Сорлы-ай! Алла жазаңды берсін! – дескенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оларға:
– Олай демеңдер! Олай деп шайтанға көмектесіп, бауырларыңды оған жығып бермеңдер! «Алла оны кешір!», «Алла оны мейіріміңе ал!» деңдер! – деді.
Дін – жұмсақтық, мейірімділік, кешірімділік. Дін – жақсылық тілеу. Дін – жамандықтың алдын алу.
Дін – адамды Аллаға жетелеу, Алла мен адамның арасын ажырату емес. Біреуді күнә-қателігіне бола жазғыру – біздің ісіміз емес.
Үлкен-кіші қателігі жоқ кім бар біздің арамызда? Ешкім! Солай екен деп адамдарға қазылық қылмаңдар! Адамдарды Аллаға, ынсапқа шақырушы болыңдар!
материал Аслан Орақбаевтың «Компас» кітабынан алынды,
sunna.kz