Әбу Ханифа – мәзхабымыздың негізін қалаушы ұлы тұлға, абсолютті мұжтахид ғалым. Ол жайлы айтылған жақсы сөздер өте көп. Солардың бірі: Әбу Жағфар ар-Рази (Алла оны рахымына алсын): «Мен Әбу Ханифадан артық ғалым әрі тақуа адамды кезіктірмедім»,– десе, Жағфар ибн Раийғ (Алла оны рахымына алсын): «Мен Әбу Ханифамен бес жыл бірге тұрдым. Одан аз сөзді жанды көрмедім. Ал одан бір-ақ нәрсе жайлы сұраса, ол ашылып, сел тәрізді ағылар еді»,–деп еске алады.
Ал, Йазид (Алла одар разы болсын): «Тақуалық пен ақыл-парасаттылықта Әбу Ханифаға тең келетін адамды көрмедім», – десе, Әбу Асим Нубәйл: «Әбу Ханифа намазды қадалып көп оқығандығы үшін, көпшілік оны «қазық» деп атап кеткен», – дейді. Ендігі кезекте Әбу Ханифаның рамазаны жайлы сөз қозғасақ деймін.
Яхья ибн Наср: «Әбу Ханифа рамазан айында 60-қа жуық мәрте Құранды бастан аяқ толық хатым етіп шығатын» дейді. [Мәнәқиб әл-Имам Әбу Ханифа 23] Язид ибн Кумейт айтады: “Бірде бір кісі Әбу Ханифаға келіп “Алладан қорық!” – деп, айтты.
Сол кезде Әбу Ханифаның аяқ-қолы дірілдеп, бір сәтке үнсіз қалып: “Алла саған жақсылықты нәсіп етсін. Расында, адамдар осы сөзді естуге әр кезде де мұқтаж” – деп, жауап берді” Қасим ибн Мағн (Алла оны рахымына алсын) оның рамазан айындағы құлшылығын баян ете былай дейді: “Әбу Ханифа рамазан айының түндерінде Алладан қорыққан күйде, Қамар сүресінің 46-аятын таңға дейін оқи беретін.
материал «Ғибратты оқиғалар» кітабынан алынды,
sunna.kz